Бас тақырыпЖаңалықтар

Балқаштың бағын инвестор ашады

Кейбір маңызды тапсырмалардың жиналыс хаттамаларында қалып қоятыны бар. Ал, кейбірі араға бірнеше апта салмай жатып, жері қазылып, құбырлары тартылып, алғашқы резиденттері бой көтерген нақты іске айналып жататыны және бар. Балқаш жағалауындағы өндірісті аймақтың үлгілі хикаяты – осындай екінші қатардағы тапсырмалардың бірінен.­ Тоқталайық.

Коллажды жасаған Айбек РАХЫМЖАН

Осы тақылеттес мәселе Үкімет отырысында көтерілген. Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына сапары кезінде туризмді дамыту қарқынының баяулығына қатысты айтылған сынға тоқталып, елдің өзге өңірлерінде де осындай жағдай бар екенін атап өтті. Осыған байланысты, тиісті министрліктер мен әкімдіктерге курорттық бағыттардағы рейстер санын арттырудан бастап, демалушыларға қолайлы жағдай мен сапалы сервисті қамтамасыз етуге дейінгі жұмыстарды жеделдету тапсырылды.

Қарағанды атаулы тапсырманың жаңғырығы кабинеттерде басылмай жатып-ақ, нақты іспен жауап берді. Балқаш жағалауында аумағы 14 гектар болатын өндірістік аймақ ашылды. Бұл – Қазақстанда осы форматта іске қосылған алғашқы жоба. Қазірдің өзінде учаскелердің шекарасына дейін су құбыры, кәріз және жылу желілері жеткізілген. Яғни, инвесторға коммуникация мәселесімен арпалысып уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Ендігі міндет – құрылысын бастау, өндірісін өркендету.

– Инженерлік инфрақұрылым – кез келген жобаның ең шығынды бөлігі. Мемлекет коммуникацияларды тартып, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды. Ал, оның қайтарымы – жаңа инвестициялық жобалар, жұмыс орындары және бүгінгі заман талабына сай жаңа тартылыс нүктелері, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Аймақтың индустриялық аймағына алғашқы резидент ретінде «Әділ-құрылыс» корпорациясы тіркелді. Компания туристік кешен салу үшін 4 гектар жерді жалға алған. Premium Villa Balkhash жобасы шеңберінде еуропалық үлгідегі 23 барнхаус пен ұлттық нақышты қалайтын демалушыларға арналған 21 киізүйлік этноауыл бой көтерді. Яғни, бірізді, қалыпты сервистен гөрі ұлттық болмысты сезінгісі келетін қонақтарға мән берілмек. Әр вилланың жеке бассейні бар. Ең бастысы, озық кешен жыл он екі ай жұмыс істеуге бейімді. Бұл Қазақстандағы маусымдық демалыс орындары үшін айрықша жоба деуге болады. Өйткені, еліміздегі курорттардың басым бөлігі әзірге жазғы маусыммен шектеліп келеді.

– Индустриялық аймақ – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында бизнес үшін өте тиімді жұмыс форматы. Қала басшылығымен де тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Басты мақсатымыз – Балқаштағы демалысты заманауи әрі жайлы деңгейге көтеру, – дейді инвестор Жақсыкелді Иманбеков.

Ал, Барковский аумағында кәсіпкер Александр Василевский «Монако» демалыс аймағын салған. Оның айтуынша, қажетті инженерлік желілердің алдын ала тартылуы құрылыс қарқынын айтарлықтай жеделдеткен.

Өткен жыл басынан бері Балқашта екі демалыс орны мен бір қонақүйдің құрылысы аяқталған. Бүгінде тағы үш туристік жоба қатар жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, екі жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жаңа өндірістік аймақтың қалған 6 гектар жері келесі инвесторларды қабылдауға әзір. Яғни, алаңның есігі жабылған жоқ. Керісінше, Балқаштың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін жобалар легі енді жалғасын таппақ.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да құрғақ декларация күйінде қалып отырған жоқ. Жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қолдау тауып, құрылыс аяқталғаннан кейін жобаға жұмсалған шығынның 10 пайызы қайтарылады. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған демалыс орындары қауіпсіздік талаптары мен санитарлық нормаларға сәйкестендіріліп, Барковский аумағындағы жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылған. Яғни өңір бұл бағытта жекелеген жобалармен шектелмей, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Осылайша Үкімет отырысының залында айтылған тапсырма араға санаулы апта салып, нақты іске айналды. Учаскеге инженерлік желілер тартылды, гектарлар жалға берілді. Туристік даңқы ұзақ жылдар бойы жеке кәсіпкерлердің ынтасы мен қысқа ғана жазғы маусымға сүйеніп келген Балқаш үшін бұл – курорт атын иеленудің емес, курорттық инфрақұрылымы қалыптасқан шынайы демалыс орнына айналудың татымды қадамы болды.

Тапсырма берілді. Инфрақұрылым тартылды. Инвестор келді. Енді Балқаштың туристік әлеуетін нақты нәтижеге айналдыратын уақыт жетті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button