Бас тақырыпЖаңалықтар

Әлібек Әлденей: «Санаға қозғау салған жобаның ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсті»

Сурет: Alibek Aldeney/Facebook парақшасынан

Жақсы кітапқа қайта оралуымыздың бір себебі де осында шығар. Уақыт өзгереді, өзіміз де өзгереміз. Соған қарай таныс кітаптың өзі басқа қырынан ашылады. Кітап оқу тек білім көкжиегін кеңейтіп қоймайды, ойлануға, салыстыруға, өз пайымыңды жасауға дағдыландырады.

Кітап оқу жеке адамның әдетінен басталғанымен, оның әсері тұтас қоғамға тарайды. Сондықтан былтыр Қарағанды облысында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасының биыл ауқымын кеңейтіп, бүкіл елге жол тартқаны қуантады.

Бірінші маусымның өзінде байқауға қатысуға ниетті жандар біз белгілеген санаттардан әлдеқайда көп екені байқалды. Тіпті мекемелердің бірінде тазалыққа жауапты апайларымыз мемлекеттік қызметшілерге арналған 15 кітапты түгел оқып, квиз тапсыруға келген жағдай да болды. Алайда байқау шарты бойынша оларды қатыстыру мүмкін болмады. Әскери қызметшілерден де, жасы үлкен оқырмандардан да өтініштер түсті.

Сондықтан биыл мамандығы мен қызмет саласына қарамастан бақ сынауға мүмкіндік беретін «Зияткер оқырман» деп аталатын жаңа санат пайда болды. Осы арқылы кітап оқуға ниетті, бірақ бұрын ешбір санатқа кірмей қалған оқырмандарға да жол ашылды.

Осылайша, «Кітап оқитын ұлт» атауының аясы да кеңейіп, жоба шын мәнінде бүкіл елді қамтитын бастамаға айналып келеді. Оның басты мақсаты кімнің көп кітап оқығанын анықтау ғана емес. Оқығаныңды талқылау, пікір алмасу, салыстыру, өз ойыңды айту күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналса, одан ұтарымыз әлдеқайда көп.

Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Кітап оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткенше адамның қажетті когнитивті қабілеттері жоғалуы мүмкін», – деген еді.

Президент бұл сөзді мемлекеттік қызметшілерге айтқан болатын. Бірақ кітап оқудың адамға берері қызмет пен мамандыққа байланысты емес. Қысқа мәтін, қысқа видео мен дайын мазмұнға үйреніп бара жатқан заманда көлемді дүние оқуға ден қою, оны талдау және өз бетінше қорытынды жасау қабілетінің маңызы арта түсті.

Егер «Кітап оқитын ұлт» кітап оқуды күн сайын жаңалықтар лентасын ашқандай үйреншікті әдетке айналдыруға септігін тигізсе, жобаның ең үлкен жетістігі де сол болмақ.

«Кітап оқитын ұлттың» екінші маусымы кітапты жақсы көретін барша оқырманға жол ашады. Жаңа маусымда жүздескенше!

Әлібек Үсенұлының жеке парақшасынан алынды

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button