Қарағандыда Шахтерлер күніне арналған концерттен кейін қосымша автобустар жүреді
29 тамыз күні Қарағандыда Шахтерлер күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Концерт аяқталғаннан кейін тұрғындарды қала маңындағы елді мекендерге жеткізу үшін қосымша автобус бағыттары ұйымдастырылады.

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, мерекелік шарадан кейін 30 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қосымша қоғамдық көлік алты бағыт бойынша қатынайды. Олар Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран, Топар және Шахан елді мекендеріне бағытталады.
Автобустар Сапиев атындағы Бокс орталығы мен Теннис орталығының автотұрақтарына орналастырылады. Концерт аяқталғаннан кейін көліктер осы орындардан жолаушыларды тасымалдауды бастайды.

Сонымен қатар мерекелік шараға байланысты жол қозғалысына да уақытша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Концерт Қарағандының Оңтүстік-Шығыс шағынауданында өтетіндіктен, шара өтетін аумақта көлік қозғалысына шектеу қойылады.
Алдын ала ақпарат бойынша, Әшімов көшесін уақытша жабу жоспарланып отыр. Жол қозғалысын ұйымдастырудың нақты схемасы мен шектеу уақыты кейінірек қосымша хабарланады.
Осыған байланысты 29 тамыз күні концертке баруды жоспарлаған тұрғындарға жол бағытын алдын ала ойластырған жөн. Әсіресе жеке көлікпен келетіндер мен шара аяқталғаннан кейін қалаға немесе қала маңындағы елді мекендерге қайтатын азаматтарға жолдағы өзгерістерді ескеруге кеңес беріледі.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



