Дархан Малдыбаев: «Сайлаушының таңдауы заңмен қорғалады»
Сайлаушының құқығын қорғау – әділ әрі ашық сайлаудың негізгі кепілі. Қазақстан заңнамасында азаматтардың еркін таңдауын қамтамасыз ететін жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы, жасырын дауыс беру, сайлау процесінің ашықтығы мен қоғамдық бақылау тетіктері қарастырылған. Бүгінде цифрлық технологиялар да сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, өз деректерін тексеруге қосымша мүмкіндік беріп отыр. Ал, құқық бұзылған жағдайда азаматтың сайлау комиссияларына немесе сотқа жүгінуіне заңды негіз бар. Осы ретте сайлаушылардың құқықтарын қорғау тетіктері, байқаушылардың рөлі және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері жөнінде білу үшін Қарағанды қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Дархан Малдыбаевты әңгімеге тарттық.

– Дархан Дүйсебайұлы, азаматтардың сайлау процесіндегі құқықтары қандай жолдармен қамтамасыз етіледі?
– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, азаматтардың сайлау процесіндегі құқықтары мынадай жолдармен қамтамасыз етіледі.
Жалпыға бірдей сайлау құқығы – Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған әрбір азаматының сайлауға қатысуға және заңда белгіленген талаптарға сәйкес сайлануға құқығы бар. Тең сайлау құқығы және тікелей дауыс беру – азаматтар кандидаттарға немесе саяси партияларға тікелей дауыс береді.
Жасырын дауыс беру арқылы азаматтардың өз еркін білдіру құпиялылығы қамтамасыз етіледі, бұл сайлаушының қалай дауыс бергенін бақылауға жол бермейді.
Сайлаудың жариялылығы мен ашықтығы – сайлау комиссияларының қызметі ашық жүзеге асырылады. Сайлауға байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және кандидаттардың сенім білдірілген адамдары қатыса алады, бұл заңдылықтың сақталуына ықпал етеді.
– Тәуелсіз байқаушылардың қатысуы сайлаудың әділдігіне және сайлаушылардың құқықтарының сақталуына қандай әсер етеді?
– Байқаушылардың сайлау комиссияларының отырыстарына қатысуға, дауыс беруді, дауыстарды санауды және хаттамаларды беруді бақылауға, хаттамалармен танысуға және олардың куәландырылған көшірмелерін алуға, сондай-ақ сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға құқығы бар. Сонымен қатар, олар заң талаптарын сақтай отырып, фото, аудио және бейнежазба арқылы заң бұзушылықтарды тіркей алады.
Тәуелсіз байқаушылардың қатысуы дауыс беру және дауыстарды санау рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
– Цифрлық технологиялар мен электрондық қызметтер сайлаушылардың құқықтарын қорғауды күшейте ала ма? Олардың қандай артықшылықтары мен тәуекелдері бар?
– Иә, цифрлық технологиялар мен электрондық мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес қолданылған жағдайда, сайлаушылардың құқықтарын қорғауды күшейте алады.
Артықшылықтары – азаматтардың сайлау, кандидаттар және дауыс беру тәртібі туралы ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдету, электрондық сервистер арқылы сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін тексеру мүмкіндігі.
Сонымен бірге, белгілі бір тәуекелдер де бар. Мысалы, барлық азаматтардың интернетке және электрондық қызметтерге бірдей қолжетімділігі болмауы мүмкін.
– Халықаралық сайлау стандарттары мен тәжірибесі Қазақстандағы сайлаушылардың құқықтарын қорғау жүйесіне қалай әсер етеді?
– Қазақстан сайлау заңнамасын жетілдіру барысында демократиялық сайлауды өткізудің жалпыға танылған халықаралық стандарттарын ескереді. Олар халықаралық құжаттарда бекітілген жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы, сондай-ақ жасырын дауыс беру қағидаттарына негізделеді.
– Сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін мемлекет пен азаматтық қоғам қандай шараларды күшейтуі қажет деп ойлайсыз?
– Сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін мемлекет пен азаматтық қоғам институттарына мынадай шараларды жүзеге асыру орынды.
Сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында құқықтық білім беру бағдарламаларының ауқымын кеңейту, сайлау туралы ресми ақпараттың мемлекеттік интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ету, сайлау құқығы мәселелері бойынша қоғамдық семинарлар, дәрістер және консультациялар ұйымдастыру. Бұл шаралар азаматтардың сайлауға белсенді қатысуына ықпал етеді.
– Егер сайлау қорытындыларына күмән туындаса, сайлаушының өз құқықтарын қорғаудың заңды мүмкіндіктері туралы мәселе көтерер ме едіңіз?
– Иә. Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтардың сайлау құқықтарын қорғаудың заңды тәсілдерін қарастырады. Сайлаушы тиісті сайлау комиссиясына өтініштер мен шағымдар беруге, бұзылған сайлау құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге, өз шағымының қаралуы туралы ақпаратты заңда белгіленген тәртіппен алуға құқылы.
Барлық өтініш Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдер мен тәртіпке сәйкес қаралады.
– Сіздің ойыңызша, сайлаушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру үшін қандай заңнамалық немесе институционалдық өзгерістер қажет?
– Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада сайлаушылардың құқықтарын қорғаудың барлық негізгі тетіктері қарастырылған.
– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңіз үшін көп рахмет.
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР


