Құрылтай

Өзекті мәселелер ортақ талқыда

Сайлауалды науқан аясында аймақта бірқатар қоғамдық кездесулер өтіп, онда азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Түрлі салалар өкілдерімен өткен жиындар барысында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қолдау, қолжетімді орта қалыптастыру, экологиялық қауіпсіздік, білім беру сапасы, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек қатынастары бағытындағы бастамалар қарастырылды. Кездесулерде партиялардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Атап айтсақ, «Әділет» партиясының облыстық штабы Қарағандыдағы №8 емхананың еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, медициналық қызмет сапасын арттыру және халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағыттары талқыланды.

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларға назар аударылды.

Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы сайлау үдерісі мен ұсынылып отырған бастамалар жөнінде ақпарат берілді.

Ал, Қарағандыдағы Саңыраулар мәдениет үйінде Қазақстанның «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» облыстық филиалы штабының ұйымдастыруымен «Қолжетімді орта және тең мүмкіндіктер» тақырыбында кездесу өтті.

Жиында сайлауалды бағдарлама бағыттары таныстырылып, кедергісіз орта құру, білім алуға, денсаулық сақтау қызметтеріне, еңбекке және мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Қатысушылар әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі, медициналық қызмет сапасына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Кездесуде айтылған ұсыныстар алдағы жұмыстарда ескерілетіні атап өтілді. Жиын азаматтардың пікірін тыңдау, өзекті мәселелерді талқылау және қоғамда әр адам үшін тең мүмкіндік пен қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналды.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының экологиялық үгіт-насихат керуені «Арал-Астана» бағыты бойынша жұмысын бастады. Керуен сапары Арал қаласынан басталды. Арал өңірі ұзақ жылдар бойы жаһандық экологиялық мәселелерді шешу, табиғатты қорғау мен орнықты даму бағытындағы маңызды тәжірибе қалыптасқан аймаққа айналды.

Керуеннің негізгі мақсаты – қоғам, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасында экологиялық мәселелер бойынша ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамыту.

«Байтақ» партиясы өкілдері экологиялық саясатты жүзеге асыруда кәсіби мамандардың тәжірибесі мен сараптамасының маңыздылығын айтады. Осыған байланысты экология саласы мамандарының Құрылтай жұмысына қатысуы, экологиялық заңнаманы жетілдіру және стратегиялық шешімдерді әзірлеу үдерісіне атсалысуы маңызды деп есептейді.

Қазақстан Халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Қарағанды индустриялық университетінің ұжымымен кездесу өтті. Жиынға қоғамдық бірлестіктер мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, білім беру, еңбек және әлеуметтік саясат бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында Қазақстан Халық партиясының «Ел байлығы – халық игілігіне!» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, жоғары білім беру жүйесін дамыту, білікті мамандар даярлау, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқығын қорғау және қоғамдық ұйымдармен байланысты нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Жиын барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды және көтерілген мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тараптар білім беру, еңбек және әлеуметтік бағыттар бойынша өзекті мәселелер жөнінде ой бөлісті. 

Ал, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері Нұра ауданының Шахтер ауылына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен және шаруашылық ұжымымен кездесті. Сапар барысында ауыл шаруашылығы нысандары, егістік алқаптары, суару жүйелері және өндірістік орындардың жұмысы қаралды.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, тұрақты жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды жетілдіру, заманауи агротехнологияларды енгізу және жастарды ауылдық жерлерде еңбек етуге ынталандыру мәселелері талқыланды. Тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, өңірдегі өзекті мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу бағытындағы жұмыстарға назар аударылды. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, нақты мәселелерді шешу бағытындағы бастамалар сөз болды. 

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Қарағанды облысындағы «Үркер-АШ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өндіріс пен кәсіпкерлік салаларын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Одан бөлек, отандық өндірісті қолдау, өңдеуші кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, салық саясатын жетілдіру сынды бағыттарға назар аударылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, инвестиция тарту және қазақстандық өндірушілерді қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты.

Жиын барысында қатысушылар өз ұсынысы мен ой-пікірін ортаға салып, өңір экономикасын дамытуға қатысты мәселелерді көтерді. Кездесуде ашық әңгіме өрбіп, өндірісті өркендету, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағыттары талқыланды. 

«Respublica» партиясының сайлауалды науқаны аясында облыстың шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті мәселелер, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін түйткілдер және оларды шешу жолдары талқыланды.

Кездесуге қатысушылар өз ұсынысы мен бастамасын ортаға салып, аймақта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағыттары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, отандық кәсіпкерлікті қолдау жаңа жұмыс орындарын ашу және қолайлы бизнес-орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Жиын барысында кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту, бизнесті жүргізу жағдайларын жетілдіру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Ашық пікір айтылып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

***

Сайлауалды кездесулер азаматтардың пікірін тыңдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Ашық диалог барысында көтерілген ұсыныстар халықтың сұраныстарын ескеруге және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша алдағы жұмыстарды жетілдіруге ықпал етеді.

Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button