Руханият

Мемориалдық тақта ашылды

Қарқаралыда журналист, ақын, жазушы, драматург, КСРО, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сапарғали Ләмбекұлының есімі жазылған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті.

Сурет автордан

Жарық дүние есігін ашқанына 90 жыл толған қаламгердің құрметіне арналған салтанатты жиынға өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жазушының туған-туыстары мен замандастары, әріптестері мен қала тұрғындары қатысты.

Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы Ілияш, ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы Ғабит Шораұлы Тұяқов, білім беру ісінің ардагері Тілек Сәдуақасұлы және қаламгердің жақындары Сапарғали Ләмбекұлының қазақ әдебиеті мен журналистикасына, туған жерінің рухани өміріне сіңірген өлшеусіз еңбегі туралы әңгімеледі.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қазақтың ұлттық дәстүріне сай шашу шашылған соң іс-шара Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде қаламгердің рухани мұрасына баға беріп, насихаттауға жалғасты. Онда Сапарғали Ләмбекұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасына қатысты естеліктер айтылып, салтанатты шарада сөз алғандар оның журналистика мен әдебиеттегі орнына тоқталды.

Іс-шара барысында қаламгердің шығармалары бойынша аудан жасөспірімдері арасында ұйымдастырылған эссе байқауының қорытындысы шығарылып, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қаламгердің өміршең шығармаларын зерделейтін оқырмандар бар кезде Сапарғали Ләмбекұлының шығармашылық мұрасы мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, туған жерінің тарихымен бірге жасай береді.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button