Жеңіс сыйлаған 90-шы минут
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Бірінші лига ойындарында жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді. Жерлестер ХІІ тур аясында сырт алаңда шымкенттік «Оңтүстік Академия» командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Жерлестер соңғы ойындарында жүйелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Команда допқа иелік ету мен пас алмасу жағынан қарсыластарынан басымдық танытып келеді. Осындай қарқынмен «Шахтер» алаң иелерінен басым түсіп, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Допты ойынға алаң иелері қосты. Алайда, қарағандылықтар бірден жоғары қарқынды прессинг ұйымдастырып, қарсыласқа еркін ойнауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, допқа иелік етіп, кездесудің 14-ші минутында есеп ашты. Сол қапталдан шабуылды бастаған Артем Литош қарсылас қорғаушысын алдап өтіп, қақпа маңына пас асырған. Допқа бірінші болып жеткен Максим Галкин есепті ашып, командасын алға шығарды.
Екінші айналымда алаң иелері таразы басын теңестіріп, ойынға қайта оралды. Гол авторы – Алихан Али. Осы сәттен кейін матч қарқыны күшейіп, қос команда да жеңіс голын соғуға ұмтылды. Алайда, екі жақтың да шабуылдары нәтижесіз аяқталып жатты.
Дегенмен, ойынның соңғы сәті қарағандылықтардың пайдасына шешілді. «Шахтер» шабуылшысы Артем Литош 90-шы минутта жеңіс голын соғып, командасына маңызды үш ұпай сыйлады. Шабуылды алаң ортасынан жартылай қорғаушы Андрей Ульшин ұйымдастырып, алдыңғы шепте жүрген Артемға пас шығарды. Ол қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді.
Сұрмергендер тізімінде «Шахтер» шабуылшысы Артем Литош көш бастап тұр. Маусым барысында әр ойында мергендігімен көзге түсіп жүрген ол қазіргі таңда 10 гол соғып, алты нәтижелі пас берген. ІІ орында сегіз гол және бір нәтижелі паспен «Қайрат» жастар командасының ойыншысы Исмаил Бекболат орналасса, үздік үштікті «Каспий Ақтау» клубының жартылай қорғаушысы Нұрмұхаммед Ислам түйіндеп отыр. Оның еншісінде алты гол және бір нәтижелі пас бар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


