Әлемді шарлаған челлендж
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ұлттық домбыра күніне орай «DOMBYRA UNITY» халықаралық онлайн-челленджін бастаған еді. Челлендж әлемді шарлап кетті.

Жоба алғашында халықаралық деңгейде басталғанымен, Арқа өнерпаздары мен домбыра өнеріне қызығушылығы бар көрші елдердің орындаушылары ғана қатысады деп күтілген еді. Бірақ бәрі ұйымдастырушылардың күткенінен де асып түсті. Челленджге Нидерланд, тіпті, жер шарының шалғай нүктесінде жатқан АҚШ-тың да өнерпаздары қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар, Бельгия, Швеция, Өзбекстан және басқа да елдерден қатысушылар қосылып жатыр. Әлемнің барлық құрлығынан жаңа өтінімдер келіп түсуде.
– Біз жобаның халықаралық деңгейде қолдау табатынына сенім арттық. Дегенмен, оның географиясы осыншалықты кең болады деп күткен жоқпыз. Әсіресе Нидерланд, АҚШ, Бельгия және Швеция секілді шалғай мемлекеттердің тұрғындарының челленджге белсенді қатысуы ерекше қуантады. Қазіргі уақытта әлемнің түпкір-түпкірінен жаңа бейнежазбалар келіп түсіп жатыр. Бұл жобаның адамдардың жүрегінен орын тауып, үлкен қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді. Челлендж 5 шілдеге дейін жалғасады, – деді басқарма басшысының орынбасары Айжан Шәкенова.
Челлендж аясында қатысушылар домбырамен қазақтың халық күйлерін орындап, Ұлттық домбыра күніне арналған бейнеқұттықтауларын жазып жолдайды. Барлық материалдар әлеуметтік желілерде #DombyraUnity2026 және #ДомбыраКүні2026 бірыңғай хэштегтерімен жариялануда.
Жобаның мақсаты – қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, әлем жұртшылығын күй өнерімен таныстыру, сондай-ақ, әртүрлі елдердің өнерпаздарын домбыра мен қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілік төңірегіне топтастыру.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



