Руханият

Аудан өнерпаздары жүлделі болды

Қарқаралы өңірінде қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, Арқа әншілік мектебінің дара тұлғасы Мейірхан Адамбеков атындағы облыстық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы жоғары деңгейде өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Байқаудың басты мақсаты – Мейірхан Адамбековтің шығармашылық мұрасын насихаттау, дәстүрлі ән өнерін дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін жас өнерпаздарды қолдау.

Дәстүрлі ән додасына 16–35 жас аралығындағы талантты орындаушылар қатысып, халық әндері мен Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Шашубай, Естай, Ғазиз, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Жүсіпбек Елебеков және Абайдың әндерін орындап, өз шеберліктерін паш етті.

Байқауда ауданымыздың намысын қорғаған өнерпаз Нұрғиса Рахадұлы жүлделі III орынды иеленді.

Нұрғиса Рахадұлы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Байқадам ауылында дүниеге келген. 2020 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Дәстүрлі ән» мамандығына түсіп, 2024 жылы оқуын тәмамдады. Қазіргі таңда «Руханият» қосымша білім беру орталығында ән-домбыра сыныбының оқытушысы. Ұстазы – республикалық конкурстардың лауреаты Әбдіғалым Азат Әсетұлы.

Сонымен қатар, Үштөбе ауылының өнерпазы Дәулеткелді Сағатов «Мейірхан Адамбеков» атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз! Ұлттық өнеріміздің мерейі үстем болып, дәстүрлі әннің асқақ үні әрдайым шарықтай берсін!

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button