Қарағандыда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтеді
Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында 5 шілде күні Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үні» атты ауқымды музыкалық мереке өтеді. Қазақтың дәстүрлі өнерін ұлықтауға бағытталған мәдени шарада еліміздің таңдаулы дәстүрлі музыка орындаушылары, танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар бір сахнада бас қосып, көрерменге ұлттық мұраның сырлы әуенін тарту етеді.

Күндізгі бағдарлама сағат 12:00-де басталады. Көрермендер алдында Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі мен «Назқоңыр» ансамблі өнер көрсетеді. Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Мақсат Аханов, Дидар Ками және Нұрмұхамед Байсүгіров қатысатын «Құлманбет айтысы» болмақ.
Күндізгі бағдарламаның басты қонағы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Еңсепов. Ол Қарағандының жас домбырашыларымен бірге сахнаға шығып, көрермендерге ерекше концерттік бағдарлама ұсынады.
Мереке кешкі сағат 19:00-де «Домбыра сазы қалықтаған кеш» атты концертпен жалғасады. Сахнада «Сардар» тобы, «Тарту» дуэті, «Тарланс» этнотобы және қаланың дарынды өнерпаздары өнер көрсетеді.
Кештің арнайы қонақтары – белгілі қобызшы Олжас Құрманбек, домбырашылар дуэті Темірлан мен Ернат, «Қазақша терапия» вокалды-аспаптық ансамблі және әнші Асет Есжан. Олар домбыра, қобыз және заманауи музыкалық өңдеулерді үйлестірген ұлттық өнердің жарқын туындыларын көрермен назарына ұсынады.
Мереке қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның бай мәдени мұрасына арналған ауқымды музыкалық мерекенің бір бөлігі болуға шақырады.
Өтетін күні: 5 шілде.
Күндізгі бағдарлама: 12:00–15:00.
Кешкі бағдарлама: 19:00–21:00.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА


