Спорт

«Шахтер» сырт алаңда «Хан-Тәңіріден» басым түсті

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстан Бірінші лига ойындары аясында кезекті тоғызыншы кездесуін тәмамдады. Жерлестер бұл жолы сырт алаңда алматылық «Хан-Тәңірі» клубымен ойнап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қарсыластар бұған дейін сырт алаңда елордалықтарға есе жіберген. Сондықтан, оларға осы матчты жеңіп, турнирлік кестеде жоғары көтерілуі қажет. Әрі «Шахтерді» өз алаңында қабылдайтындықтан, барынша шабуылдайтыны анық. Ал, қарағандылық клубтың бас бапкері Андрей Финонченконы жанкүйерлер қауымы жақсы біледі. Әр ойынға тыңғылықты дайындалып, әр қарсыласқа әртүрлі тактикамен келетін бас бапкер маусым басталғалы тек елордалықтарға ғана есе жіберіпті. Осы жолы да жоғары дайындықпен келіп, шәкірттері сырт алаңда ұпай жоғалтпады.

Ойынның алғашқы бөлігінде есеп ашылмады. Тек қос қарсылас шабуыл ұйымдастырып, бір-бірінің осал тұсын іздеумен болды. Қос тараптан шабуыл болғанымен, қорғаныстары сыр бермеді. Ойындағы бірінші гол 58-ші минутта тіркелді. «Шахтер» кезекті бұрыштама добын орындап, есепте алға шықты. Бұл жолы көзге түскен – Александр Мигунов. Әріптесі Андрей Ульшиннің бұрыштамадан бағыттаған добын қақпаға бағыттап, командасын алға шығарды.

Екінші голды 88-ші минутта Артем Литош салды. Кезекті шабуыл барысында қарсылас команда қорғаушысының қателігін пайдаланып, қақпаға жойқын соққы жасаған. Қарсылас қақпашысы соққыға төтеп бере алмай, ойынның аяқталуына санаулы минут қалғанда екінші голды жіберіп алды.

– Қарсыластар – осал емес. Шабуыл жасағанды ұнататын команда. Әрі прессинпен жақсы ойнайды. Бірақ, жігіттер қарсыластарға қарсы ойынды мен күткендегідей ойнады. Әрқайсысы мен жүктеген тапсырманы сәтті орындап, қателікке бой алдырмады. Стандартты да өз пайдамызға шештік. Осы қарқынмен лига ойындарын әрі қарай жалғастыра береміз. Жанкүйерлерді құттықтаймын. Команда қатарына жаңадан қабылданған ойыншыларымыз бар. Әзірге олар дайындық үстінде. Алдағы уақытта ол ойыншыларды да жасыл алаңнан көресіздер, – деді команданың бас бапкері Андрей Финонченко.  

Осылайша жерлестер сырт алаңда сүрінбей, турнирлік кестеде өз орынын сақтап қалды. Қарағандылықтар Бірінші лига ойындарының ІХ турында 22 ұпаймен ІІ орынға табан тіреді. Ал, көш басында 23 ұпаймен – «Алматы» жастары. Үздік үштікте 18 ұпаймен түркістандық «Тұран» клубы.

Бұдан бөлек, сұрмергендер тізімінде «Шахтер» шабуылшысы Артем Литош та көш басында. Ол маусым басталғалы жеті гол салып, төрт голдық пас берген. Сонымен қатар, тағы бір шабуылшымыз Рифат Нұрмұғамбет бес гол салып, бұл тізімде үздік үштіктің қатарына енген. 

Енді қарағандылықтар 19-ы өз алаңында оралдық «Жайықты» қабылдаса, 26-сы сырт алаңда «Таразбен» ойнайды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button