Көненің көзіндей киелі кәсіп
Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен дәстүрлі қолөнерді заманауи кәсіп көзіне айналдыру – уақыт талабы. Осы орайда, Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде аймақта айтулы жоба жүзеге асырылып жатыр. «Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Ұлттық қолөнер – асыл қазына» жобасының сәуір-мамыр айларындағы алғашқы нәтижелері өз жемісін беруде.

Орталық табалдырығын аттағаннан-ақ бізді киіздің өзіне тән иісі мен түрлі-түсті жіптердің үйлесімі, ең бастысы – қатысушылардың ерекше ынтасы қарсы алды. Кеншілер шаһарында бастау алған бұл игі шараға 15 пен 70 жас аралығындағы 80-нен астам қыз-келіншек пен ақжаулықты аналарымыз қатысты. Мұнда көпбалалы аналар, студенттер, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топ өкілдері тегін шеберлік мектебінен өтуде.
– Қатысушылар үшін жалпы 300 сағаттық ауқымды оқыту бағдарламасы әзірленген. Осы уақытқа дейін өткен теориялық кезеңде олар сырмақ өнерінің тарихы мен философиясын, біз кесте тігудің қыр-сырын меңгеріп үлгерген. Сонымен қатар, этно-дизайн негіздерін, яғни, қошқармүйіз, сыңармүйіз секілді ежелгі ою-өрнектердің символдық мағынасын терең ұғынды, – дейді жоба жетекшісі Толқын Құсайынова.
Сабақ барысында 15 жастағы мектеп оқушысы мен 70 жастағы қарияның бір мақсатта үзеңгі қағыстыра жұмыс істеп отырғаны рухани сабақтастықтың жарқын үлгісіндей әсер қалдырады.
Ұйымдастырушылар қатысушыларды қажетті жүн, кесте жіп, құрсау, мата, біз және түрлі-түсті киіз секілді барлық материалдармен толықтай тегін қамтамасыз етті. Ал, оларға бағыт-бағдар беріп, өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген оқытушылар – халықаралық көрмелердің қатысушылары, тәжірибелі шеберлер Қ. Төлеубаева, Д. Ермекова және А. Maгрупбекова.
Бүгінде орталықтағы жұмыс қос бағытта қызып тұр. «Сырмақ жасау» бағытында қатысушылар жүнді жуып, илеу мен сабау технологиясын толық меңгеріп, өздері таңдаған кіші көлемдегі сырмақтар мен төсеніштердің эскизін сызып, киізге ою бастыру жұмыстарын бастап кеткен. «Бізбен кестелеу» бағытындағы шеберлер шынжырлы, таңдай және баспа тігіс әдістерін шебер қолданып, мата бетіне ұлттық нақыштағы өрнектерді кестелеудің алғашқы кезеңдерін сәтті аяқтаған. Тіпті, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай қатысушылардың алғашқы туындыларынан шеберлік сабақтары мен шағын көрме де ұйымдастырылып үлгерді.
Айша ҒАНИ,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті



