Ақынды ардақтаған еңбек
Биыл қазақтың ғана емес, Түркі дүниесінің заңғар тұлғасы, асқақ ақын, «Аз и Я» кітабының авторы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Алаш жұрты дарынды перзентінің қадір-қасиетін біледі. Жер-жерде өз деңгейінде ардақтап, құрмет көрсетіліп жатыр. Ақынның мерейтойы қарсаңында Марат Түсіптің «Олжас әлемі жайында үзік Сыр-Толғау» кітабы жарық көрді.

Аталған еңбек ақын, ойшыл Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы жайында баян етеді. Кітап екі тараудан тұрады. Біріншісінде автор ақынның «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасының мән-мазмұнын кеңінен тарқатады. «Асқақ туынды», «Бірінші ғасыр», «Әлем дүр сілкінді, ойға түсті», «Әлем қуануда», «Көк қыраны мен жер қыраны – жол серіктестер», «Ана. Өмір. Қара жер», «Екінші ғасыр: ақын үміті ақталды ма?» деген еңбектер топтастырылған. Екінші тарауда ғұмырының әртүрлі кезеңдерін қамтыған ақынның өлең жолдары, ойлы жазбалары қамтылған. «Қалам ізі, таным көзі», «Олжас әлемінен тергендерім» мақалаларында автор қаламгердің тылсым әлеміне жетелеген шығармаларымен мұңдасады.
90 беттік кітап Қарағанды қаласында басылып шықты. Дегенмен, бұл еңбекті ақынның талантына көрсеткен Қарағандының бір құрметі деп түсінген абзал.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



