АймақБас тақырып

23 сәуір – Ұлттық кітап күні

Статистикаға сүйенсек, орташа есеппен алғанда елімізде әр тұрғын жылына орта есеппен 3 кітапты да толық оқып үлгермейді. Әйткенмен, соңғы жылдары елімізде оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тың жобалар арқылы рухани серпіліс байқала бастады. Соның бірі – Қарағанды облысында 67 мыңнан астам оқырманды біріктірген «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Байқау шеңберінен шығып, қоғамдық қозғалысқа ұласқан бұл бастама елге не берді?

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Кез келген өркениетті қоғамның өресі мен өрісі оның кітапқа деген ықыласымен өлшенсе керек. Бағамдап қарасақ, экономикасы қарыштап, іргесі бекіген елдердің басты құпиясы да – осы рухани кемелдікте. Кітаппен дос болған қауымда қылмыс азайып, кей мемлекеттерде тіпті, абақтылардың қаңырап бос қалуы да бекер емес. Бұл – білімнің бастауы болған қасиетті қара сияның құдіреті. Өйткені, көп оқыған жанның көкірек көзі ашылып, ақ пен қараны, обал мен сауапты таразылай білетін салмақты пайымы қалыптасады. Парасатты ортада кез келген түйткіл тоқпақпен емес, тоқсан ауыз сөздің түйінімен, байыпты мәмілемен шешіледі. Сайып келгенде, санасы сәулелі адам заңнан қорыққаннан емес, арының алдындағы жауапкершілікті сезінгендіктен тәртіпке бағынады. Расында, кітапханасы көркем елдің келешегі кемел, іргесі берік екені кәдік.
Психологтар мен ғалымдардың пайымынша, кітап оқу адамның танымын да, болмысын да байытады. Ең әуелі, сөздік қорды молайтып, беймәлім сөздердің мағынасын іздеу арқылы тілдік түйсікті дамытады. Көп оқығанның өзіндік «Мені» қалыптасып, өзгенің жетегіне еруі азаяды. Оқылған әр шығарма – адам санасына құйылған инвестиция. Сонымен қатар, кітап ми қызметін жаттықтырып, ойын сергек ұстайды. Үздіксіз ой нейрондарды қозғалысқа түсіріп, қартаю үдерісін баяулатуға да ықпал етеді. Креативті ойлауға
жол ашады, күрделі ақпаратты жүйелі қабылдауға үйретеді. Көпоқитын адамның өзге адамдармен тіл табысуы да жеңіл. Өйткені, оның таным көкжиегі кең, ортақ тақырып табуы оңай.
Қазақстан кітап қоры жөнінен әлемде 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді. Worldpopulationreview халықаралық статистика агенттігі жариялаған рейтингте Қазақстан 98 елдің ішінде 92-орынға жайғасқан. Бізден кейін тек Бангладеш, БАӘ, Сауд Арабиясы, Пәкістан мен Ауғанстан ғана бар. Ал, көш басында АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания, Франция және Италия тұр.
Сарапшылар бұл рейтингті сатылған кітаптар санына емес, тұрғындардың бір жыл ішінде қанша кітап оқитынына қарай есептеген. Мәселен, америкалықтар жылына орта есеппен 17 кітап оқып, оған 357 сағатын жұмсайды. Ал, қазақстандықтардың көрсеткіші 3 кітапқа да жетпейді, оған небәрі 60 сағат шамасында уақыт арнайды. Дүниежүзілік баспа нарығындағы соңғы жаңалықтарға көз жүгіртсек, оқырман сұранысының айтарлықтай өзгергенін байқаймыз. Мәселен, дамыған елдерде аудиокітаптар мен электронды басылымдардың үлесі жыл сайын артып, дәстүрлі қағаз кітаптармен терезе теңестіре бастады.
Ел аумағында да бұл үрдіс біртіндеп тамыр жайып, отандық платформалар арқылы қазақтілді аудио және электронды контенттің көлемі ұлғайып келеді. Смартфонды ақпарат тұтынудың негізгі құралына айналдырған буын үшін бұл әдебиетке жақындаудың ең ұтымды жолы. Тиісінше, оқырман белсенділігін өлшейтін заманауи статистика тек баспахана өнімдерімен шектелмей, цифрлық ресурстарды пайдалану жиілігін де ескеретін жаңа кезеңге аяқ басты. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде кітап оқу мәдениетін жандандыру жұмыстары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда бұл мәселеге арнайы тоқталып, жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту қажеттігін айтты. Былтыр қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Еліміздің үш өңірінде, атап айтқанда, Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ, Шымкент қаласында іске асырылды. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша Қарағанды облысы ерекше нәтиже көрсетті. Аймақта 67 824 қатысушы тіркеліп, абсолюттік рекорд орнады. Арнайы құрылған Жобалық кеңсе тек қала орталықтарымен шектеліп қалмай, шалғай ауылдар мен аудандарға дейін жетіп, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Цифрлық кеңістікте де жоба қызу насихатталды. Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде «Kitap Battle», «Kitap News», «Ой-тұжырым» секілді тақырыптық айдарлар ашылып, олар біртіндеп зияткерлік ортаға айналды. Жоба алты негізгі бағытты қамтыды. Соның ішінде, «Оқитын мектеп» бағытына 30 534 адам қатысса, «Оқитын педагог» бағытына 17 002 адам тіркелді. «Оқитын әулет» бағыты 10 987 қатысушыны біріктірсе, «Оқитын колледж» бойынша 4 788 адам қамтылды. Ал, «Оқитын университет» бағытына 3 074 адам, «Оқитын мемлекеттік қызметші» бағытына 1 439 адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар белгіленген 15 шығарманы оқып, электронды оқырман күнделігін жүргізуге, алған әсерімен бөлісіп, шығармаға талдау жасады. Одан кейін тестілеу және облыстық деңгейдегі зияткерлік куиз ұйымдастырылды. Бұл бастаманың баянды болуы – берілген қомақты қаржы мен құрғақ статистикада емес. Ең маңыздысы, жоба қоғамда кітапқа деген шынайы ықыласты оятып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтты.
Мәселен, Теміртау қаласындағы «Озат» мамандандырылған лицейінің оқушылары ұстаздарымен бірлесіп,
байқауға енген кітаптардың электронды нұсқаларын ортақ платформаға жинақтады. Онымен қоса, бұл еңбектерін ағаштан қашалған символикалық кітап түрінде безендіріп, креативті көзқарас танытты.
Ал, Қарқаралы ауданының Томар ауылындағы №22 мектепті 1973 жылы бітірген 13 түлек өзара қаражат жинап, ауыл балалары арасында «Үздік оқырман» байқауын ұйымдастырды. Сол сияқты Сарыобалы ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Ұлан Райымбек бастаған белсенді азаматтар жоба аясындағы кітаптар жинағын ауыл кітапханасына тарту етті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы ресми түрде мәресіне жеткенімен, оның қоғамға берген серпіні әлі талай уақытқа жалғасары анық. Өйткені, кітап – сан түрлі буын мен мамандық иелерін біріктіретін мызғымас рухани діңгек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button