Руханият

Жыр қанатындағы Қарағанды

Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, бүгінде Қарағандының брендіне айналған «Қарағанды көктемі» атты республикалық поэзия фес­тивалі өтті. Былтырғысына прозашылар қатысқан. Биылғы фестиваль талай жас таланттың бағын ашқан, кейбір ақынсымаққа тосқауыл болған, сол арқылы әдебиеттің арына айналған, еңбегі өзеннің ішкі иіріміндей көзге көріне бермейтін сыншылар қауымына арналды. Әлия Бөпежанова, Әмірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілікұлы, Бағашар Тұрсынбай сынды бүгінгі әдеби сынның белді өкілдері және еліміздің түпкір-түпкірінен жиырмаға жуық ақын келді. Фестиваль екі күнге созылды. Бірінші күні дөңгелек үстел мен поэзия кеші ұйымдастырылды. Екінші күні ақындар өңір тарихымен ­танысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Фестивальдің ашылу салтанатында қадірлі меймандарға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей лебізін жеткізді.

– Бүгінгі жиынның жөні бөлек. Себебі, бұл – республика бойынша әдеби сыншылардың тұңғыш рет басын қосқан ауқымды шара.
Ой кеңімей, көзқарас өзгермей, қоғамның сапалы дамуы мүмкін емес. Ал, мұндай өзгеріс өздігінен болмайды. Оған бағыт беретін ойды тереңдетіп, сапаны арттыратын кәсіби орта қажет. Осы тұрғыдан алғанда, әдеби сыншылардың рөлі айрықша. Бүгінгі фестиваль – дәл сондай орта қалыптастыратын маңызды алаң. Әсіресе, сөз өнерінің майталмандарымен қатар, осы басқосуға қатысып отырған 20-ға жуық жас ақын үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Мүйізі қарағайдай сыншыларымыздың дәрісін тыңдаған соң талантты жастарымыздың шығармалары көркем ойдың жаңа деңгейіне көтеріледі деп сенемін, – деді Әлібек Әлденей.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, Алаштың айтулы ақындары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай да пікірлерін білдірді.

Сахнаға көтерілген әдеби сыншылар да бұл фестивальдің мәні мен маңызына тоқталды. Әмірхан Меңдеке ұлт руханиятын көтеруде Қарағанды зор үлес қосып жатқанын алға тартты.

– Қарағандыға бұрындары іссапармен келіп жүргенде, қынжылатын едім. Барлығы басқаша болатын. Қарағандының бүгінгі рухани ахуалын көріп, қуанып тұрған жағдайым бар. Қарағанды қазақтың рухани астанасына айналып келе жатыр екен. Алаш баласының назары жыл сайын осы қалаға ауады. «Қарағанды не істеп жатыр, не жазып, не айтып жатыр?» деп, бәріміз осы жаққа қарайлап отырамыз. Осы фестиваль сөзімнің айқын дәлелі, – деді Әмірхан Меңдеке.

Әлия Бөпежанова Қарағандыда таланттардың шоғыры қалыптас­қанын атап өтті.

– Осы өңірде болашағынан үміт күттіретін таланттар баршылық. Мәселен, дәл осы сын жанрында еңбектер жазып, жарқылдап келе жатқан жастар бар еді. Өкінішке қарай, олар назардан жоғалып кетті. Дарынды жастарға қолдау көрсетуді қолға алу керек деген ұсынысымды айтқым келеді. Бір ғана Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өзі әдебиеттану ғылымына серпін беретін толқын тәрбиелеп жатыр деп сеніммен айта аламын, – деді Әлия Бөпежанова.

Ал, дөңгелек үстелде постмодернизмге қатысты салмақты пікір айтты.

– Бүгінгі таңда постмодернизм туралы сан салалы пікірталас жүріп жатыр. Тіпті, «постмодернизм» деген термин «сәнге» айналды. Ешқандай да эстетикалық ләззат, шуақ сыйламайтын шығармалар оқырман ойын шырғалаңға түсіріп келеді. Негізі, постмодернизм қазақтың дүниетанымына, табиғатына мүлде жат. Өткен ғасырлардағы ақындардың шығармаларынан постмодернизм іздеуді шығардық. Сосын, «ақынмын» деп, «ақын шындықты ту қылып ұстау керек» деп, елге, жерге қатысты аңдаусыз сөйлеуді доғару керек деп ойлаймын. Зұлмат ғасырда да Алаш қайраткерлері халқын еміреніп сүйді. Оларды жақсылыққа үндеді, – деді Әлия Бөпежанова.

Амангелді Кеңшілікұлы «бүгінгі әдебиетте сын жоқ» деп айтушыларға жауап қатты.

– Сын жоқ емес, бар. Тек, сыншылар әр жазарманға, «халтурщикке» қайырыла бермейді. Жылт еткеннің бәріне сын айтып жатсақ, не қадіріміз қалмақ? Сыншылардың назарына лайықтылар ғана ілігетінін ескеріңіз. Орыс халқының әйгілі сыншысы Виссарион Белинскийдің назарына ғасырда үні қалған классиктер ғана ілікті. Бүгінгі қазақтың сыншылары да қалам ұстағанның бәріне пікір айта бермейді, – деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Дөңгелек үстел барысында Батырхан Сәрсенханның әдеби панорама жобасы аясында жарық көрген «Жасыл құс» кітабының тұсаукесер рәсімі атқарылды.

Поэзия кешінде Арайлы Жақсылық, Нұртас Тұрғанбек, Әсел Кәрібай, Батырхан Сәрсенхан, Олжас Қасым, Ажар Ерболған, Ғылымнұр Кәдірбай, Жоламан Әйт­кен, Әділет Шопен, Қуаныш Жазай, Еламан Қабділәшім, Дәулет Жадырасын, Нұрай Талап, Мақсат Дауылбай, Абай Ораз, Жәнібек Әлиман, Дәлдә Уәлибек, Мақсат Күземхан өлең оқыды.

Поэзия кешінде сыншылар үздік деп таныған Әсел Кәрібайға заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдығы табысталды.

Фестивальдің екінші күнінде ақындар өңірдің тарихы қамтылған музейлерді аралады.

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі Жанат Жаңқашұлы бұл фестивальге өзге мемлекеттің қаламгерлері де қатысуға ықылас білдіріп жатқанын айтты.

– «Қарағанды көктемінің» дүбірі шекара асып, түркі тілдес мемлекеттерге де жетті. Олар Қарағандыға келуге ниет білдіріп отыр. Осы фестиваль Қарағандының ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің мүддесі үшін ұйымдас­тырылып келеді. Сол себепті де, «Қарағанды көктемін» халық­аралық деңгейге шығару туралы ұсыныстар айтылуда, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button