Руханият

Саусағынан сарын саулатқан

Сарыарқаның киелі топырағы – қазақ руханиятының алтын бесігі, күй өнерінің сарқылмас қайнары. Бұл өңірде Тәттімбеттей саңлақтардың ізі, сарынды күйлердің үні қалған. Ежелден жеткен саф өнерді алдыңғы буыннан аманаттап, бүгін жаңғыртып жүргендер де аз емес. Солардың бірі – күйдің жас перісі Нұрмұхамед Жақан. Саусағынан сарын саулатқан жас өрен өзі білім алып жүрген Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты күй кешін өткізіп, күй құдіретін асқақтатты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кештің басты ерекшелігі – бағдарламаның мазмұндық тереңдігі мен тұтастығында. Нұрмұхамед қазақ сахарасындағы жеті күйшілік дәстүрді қамтып, домбыраның шежірелі үнін кең тыныспен сөйлетті.
Кеш шымылдығы Тәттімбет Қазанғапұлының Қасым, Саржан, Кенесары мен Наурыз­бай сынды арыстарға арналған асқақ рухты «Бес төре» күйімен ашылды. Одан әрі Жетісу өңірінің нәзік иірімді шертпе дәстүрі Шортанбай Қанайұлы мұрасымен сабақтасып, терең сипатқа ие болды. Алтай мен Тарбағатайдың өршіл рухын Қайрақбай Шәлекенұлының «Молқоңыр» күйі айшықтаса, Сыр бойының дәстүрі Қазанғап Тілепбергенұлының «Күй шақырғыш Ақжелеңі» мен Мырза Тоқтаболатұлының «Бұғының күйі» арқылы табиғат пен адам болмысының тылсым байланысын жеткізді. Ал, батыс күйшілік мектебінің айбыны Құрманғазы Сағырбайұлының «Төремұрат» күйінде батырлық пен қайсар рухтың символындай құйқылжыды.
«Алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» дегендей, жас күйшінің өнеріне тәнті болып, ақ батасын беруге қазақ күй өнерінің майталмандары арнайы қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбай, дәулескер күйші Қайрат Айтбаев, Күйшілер одағының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Болат Тәкішев және шертпе күйдің шебері Қалкен Қасымов сахна төрінен көрінді.
Өнер майталмандары жас дарынның бойындағы ізденіс пен іңкәрлікті жоғары бағалап, оның шығармашылық жолына сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар, Нұрмұхамедтің кәсіби қалыптасуына зор үлес қосқан ұстазы, Мәдениет саласының үздігі Гүлжамал Әбішеваның еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн.
Кеш барысында Нұрмұхамед тек күй күмбірлетіп қана қоймай, ән де әуелетті. Сонымен қатар, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің дәстүрлі ән салу бөлімінің жас өнерпаздары да сахна төрінен көрініп, ұлттық ән өнерін ұлықтады. Әрі қарай кеш мазмұнын «Жорық» этно-ансамблі мен «Ақтай-Арнау» ансамблінің өнер көрсетуі толықтыра түсіп, дәстүрлі музыканың заманауи сипаттағы үйлесімін айшықтады.
Кештің шарықтау сәттерінің бірі – күй тартыс. Нұрмұхамед Жақан пен Әлия Құрмашқызы Түбек мектебінің көрнекті туындысы – Өскінбайдың күрделі техниканы талап ететін «Жаңылтпаш» күйін орындап, нағыз шеберліктің үлгісін паш етті.
«Домбыра, мұнша шешен болдың неге, күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, домбырадан төгілген қоңыр үн – ұлтымыздың өшпес рухы һәм мәңгілік жады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button