Тұрақтылық пен инновацияға жол
Өзінің аты мәшһүр өнеркәсібімен қоса, көмір өндірумен тарих қатпарында танымал Қарағанды облысы бүгінде экономикасын әртараптандыруға нық қадамдар жасап, белсенді ұмтылуда. Ауыл шаруашылығы осы трансформацияның негізгі бірегей бөлігіне айналып, агрокешендегі елеулі жетістіктерінің негізінде ауық-ауық назар аударады.

Өнім үлесі – тиімділік тартуы
Соңғы жылдары өңір ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін едәуір арттыруға қол жеткізді. Озық технологияларды қолдану, топырақты өңдеудің заманауи әдістерін енгізу әрі жоғары сапалы тұқым сұрыбын пайдалану фермер қауымына өндіріс көлемін ұлғайтып, шаруашылығын тиімдірек етуге есік ашты.
Жыл сайын суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мемлекет шығынының тең жартысын қолдау жолымен өңірде инвестициялық жобалар бес ауданда қанат серпіді. Осы жылы өсім шамамен төрт мың гектарды құрады.
– Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жол картасы жасалды. Осылайша ауыл шаруашылығы өндірушілері 30,2 мың гектар егістік алқапты суарып, әлеуетін әлдеқайда жоғары қылды. Өсім жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылы 3,8 мың гектар, биыл – 3,9 мың гектар, 2024 жылға 4 мың гектар, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.
Болашаққа инвестиция
Бұл бағытта айтарлықтай жаңалық бар. Фермерлер төрт түлікті азықтандыру мен күтудің заманауи әдістерін енгізу арқылы салаға әр кіргізді. Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірісінің артуына ғана емес, сонымен қатар, осы өнімдердің сапасының сөзсіз артуына әкеледі.
Ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының арқасында мал шаруашылығын дамытып, бизнес идеяларын жүзеге асыруда. Оны іске асыруға 3,4 млрд. теңге қарастырылып, 203 жоба қаржылық қолдау тапты.
Бағдарлама қыр елінің өмірін жақсартып, табысын арттыруға бағытталған. Қарағанды облысында осы жылдың басынан бері бастау алған. Іске асыруға 600-ден астам жобаны қолдау көзделді. Оның 247-сі мақұлданып, 203-не несие берілген.
Жергілікті билік осы сынды әртүрлі бағдарлама мен ұтымды бастамалары жолымен ауыл шаруашылығын белсенді қолдау амалдарын қарастырып келеді. Инвестиция игілігінің соны мүмкіндіктері инфрақұрылымды барынша жаңғыртуға, жабдықтарды сатып алуға және фермерлерді оқытуға бағытталу үстінде. Әлбетте, мұндай бастамалар қатары аграрлық сектордың тұтас жүйесінің жағдайын жақсартып, жергілікті өнімнің жаһандық бәсекеге қабілетін арттыруға игі ықпал етеді.

Агротуризм көкжиегі
Облыстың ауылдық мекендері туристер үшін тартымды. Күні кешегі пандемия уағында демалыс орындарының көбі жұмысын тоқтатқан шақтағы «Құдайы қонаққа» ауыл шаруашылығы жергілікті дәстүрімен кеңінен танысуға, егін орағына қатысып, фермадағы өмірді өз көзімен көруге таптырмас мүмкіндік ретінде кәдімгідей топқа шықты.
Кәсіпкер Елдос Қайыров экоферма ашу жөнінде толғанып жүргенін жасырмады.
– Біраз ферма атаулы қазір өзін жоғары деңгейге көтеріп үлгерді. Келешекте мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының экологиялық таза өнімін өндірсек пе деген ниет бар. Яғни, ешқандай тыңайтқышсыз немесе химиялық заттарсыз. Сондай-ақ, оған сатып алушылар келе алады, өнімдерді өз көзімен көре алады, өздері үшін бір нәрсені таңдай алады. Эко-ферманы агротуризмді дамыту үшін де қарастыруға болады. Қысқасы, шалғай жердің мейманы тауарларды сатып алып қана қоймай, сол жерде демала алады. Мысалға келсек, Астана, Алматы, Шығыс Қазақстанда атаулы жерлер бар көрінеді. Ә деген бетте қиындықтар туары рас. Бірақ тірнектеп, істі тиянақтауға болады, – деп пайымдайды Елдос.
Сөз соңына таман агротуризм облыс ауыл шаруашылығының болашағы үшін үмітін үкілейтін көрініс десек, жаңылыспаймыз. Артықшылығын безбенге салар болсақ, ауыл туризмі ірі агрохолдингтермен бәсекелестікте фермерлік экономиканы қолдауға көмектеседі. Саланың дамуы иесіз, бос жерлерге жаңа өмір сыйлауы бек мүмкін. Осының арқасында жергілікті бюджеттер салық түсімдерінің жаңа көзін тауып, ал, ауыл жастарды туған жерлерінде қалуға әрі қызықты жаңа бизнесті дамытуға ынталандырады. Фермер, мемлекеттік орган және бизнес арасындағы инновация, тұрақтылық әрі ынтымақ агроөнеркәсіптің өркендеуіне қолайлы ахуал қалыптастыруға сеп.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz



