Covid-19Коронавирус

Ахуал – тұрақты, дегенмен…

Осыдан тура екі жыл бұрын еліміздің сол кездегі бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің «наконец-тосынан» кейін Қазақстанда коронавирус инфекциясы зертханалық тұрғыда анықталды. Содан бері Қазақстан әлемнің барлық елдерімен бірге коронавирус пандемиясынан құтыла алмай келеді. Осы уақыт аралығында індет бес рет шарықтау жегіне жетіп барып, басылды. Соңғы рет жыл басында тәулігіне 16 мың жағдайға дейін тіркеліп еді. Қазір эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қауіпті аймақта ешбір өңір жоқ, барлығы «жасыл» аймақта.

Қазір шынымен, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанынан ба, әлде, коронавирустың атына да, затына да бой үйренгеннен кейін бе, халық арасында дүрбелең жоқ. Алайда, алғашқы толқынның соққысы көпшіліктің әлі күнге дейін есінде. Ол соққыға ешкім дайын болмай шықты. Дегенмен, індетпен күресуге нақты шешімдер қабылданды. Қысқа мерзім ішінде ел бойынша 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана реконструкцияланды. Сондай-ақ, 63 амбулаториялық-емханалық ұйым мен 64 оттегі станциясы пайдалануға берілді. 3 мыңнан астам өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. 185 аудандық аурухана 100% рентгендік диагностикалық жабдықтармен жабдықталды. Жедел медициналық көмек қызметіне 1 367 автокөлік сатып алынды, сол арқылы жылжымалы медициналық кешендер паркін 100% жарақтандыруға мүмкіндік туды.

Пандемия басталғалы бері республикада 22 миллионнан астам зерттеу жүргізіліпті.

2021 жылы облыс бойынша орналасқан стационарларда 43 мыңнан астам науқас, үйдегі стационарларда 7 мыңнан астам науқас емделді. 1,4 миллионнан астам ПТР-тест өткізілді, кеуде қуысы органдарын 155 мың КТ зерттеуі жүргізілді. Ауырлығы әртүрлі дәрежедегі коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін облыста көп деңгейлі жүйе енгізілген және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарынан бастап, мамандандырылған госпитальдарға дейінгі барлық буындардың өзара іс-қимыл тетігі пысықталған. Жалпы, 5672 төсектік 44 стационар жұмыс істейді. Олар қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен толықтай жарақтандырылған. Госпитальдарда 6 мыңнан астам дәрігер жұмысқа дайын. 26 КТ аппараты, 8 ПТР-зертхана толық дайын. Тұрғындардың шақыруларына желілік жедел жәрдем машиналарымен қатар, 128 реанимобиль қызмет көрсетеді.

Бұл індеттің емі – вакцинацияның басталғанына бір жылдан асты. Нақтырақ айтсақ, былтыр ақпанда – вакцинация, қарашасында ревакцинация қол алынды. Бұл жерде ерекше айта кететіні, әлем бойынша вакцина шығарған 6 ел болса, соның бірі – Қазақстан. Вакцинация әуелі ресейлік «Спутник V»-мен басталды. Сәуірдің соңына қарай отандық QazVac дайын болды. Вакцинация мен ревакцинация қарқынын түсірмеуге бағытталған жұмыс жалғасуда.

Коронавируспен күрес аясында карантиндік шектеулерден әлсіреген бизнес субъектілерінің жұмысын жандандыру үшін «Ashyq» мобильді қосымшасы енгізілді. Вакцинациялаудың электрондық паспортымен интеграцияланған жүйе бизнес үшін қоршаған ортаға қауіп төндірмей жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бүгінде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімімен «сары» және «жасыл» аймақтардағы барлық объектілерде «Ashyq» мобильді қосымшасын міндетті түрде қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар, міндетті термометрия алынып тасталды. Ашық ауада маскаларды міндетті түрде кию қажет емес. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлер күндізгі жұмыстан шеттетілмейді. Бұл қызмет көрсету сала объектілеріне қатысты. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ұйымдардың қызметкерлері үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу де қазір міндетті болмай қалды. Дегенмен, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғаны пандемия аяқталды деген сөз емес. Шектеулер алынғанымен, сақтық шараларын ұмытуға болмайды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button