Билік пен бұқараның тиімді диалогы
Приозёрск қаласының тұрғындары облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесу барысында әлеуметтік нысандар жетіспейтіндігін атады. Сонымен қатар, қала тұрғындары туризмнің дамуына қатысты мәселелерді де тілге тиек етті.
Аймақ басшысымен кездесу «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимаратында өтті. Кездесуде қоғам белсенділері, жанашыр қала тұрғындары жиналды. Жеке сипаттағы ғана емес, жалпы қаладағы өмірді жақсартуға қатысты мәселелер көтерілді.
Приозёрск тұрғындары жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін колледж ашуды сұрады. Мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажеттілігі туралы айтты. Облыс әкімі жыл соңына дейін ДСК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.
— ДСК-дан бастайық. Мәдениет үйі бойынша мәселені біртіндеп шешетін боламыз. Колледжге қатысты ойларыңызды біз қолдаймыз. Бұл арада түрлі нұсқаларды қарастырамыз. Әрбір мәселені бақылауда ұстаймын, — деп сендірді Жеңіс Қасымбек.
Тұрғындарға Балқашпен автобус қатынасының болмауы да қолайсыздық тудырған. Осыған байланысты маршрут ұйымдастырылатындығына уәде берілді.
Приозёрск Балқаштың курорттық аймағына кіреді. Кездесуге қатысушылар туризмді насихаттауға және демалуға жағдай жасауға көп көңіл бөлу керек деп біледі.
— Қаламызды көптеген қазақстандықтар біледі. Туристердің көбірек келуіне мүдделіміз. Ол үшін саланы дамытып, жарнаманы күшейту қажет, — деп атап өтті Приозёрск қаласының тұрғыны Әділбек Бердімұратов.Өткен жылы қаладағы Балқаш көлінің жағалауы абаттандырыла бастады. Биыл этноауыл, ойын-сауық кешенінің құрылысы жоспарлануда. Ашық микрофон форматындағы кездесуде халық ойын ашық айтып, билік пен бұқараның тиімді диалогын құруына мүмкіндік жасалды.
— Жергілікті билік шеше алмайтын мәселелерді тікелей айтуға мүмкіндік бар. Бүгін біз өз проблемаларымыз туралы айттық, — дейді қала тұрғыны Нұрғали Қарабеков.
Жеңіс Қасымбек жеке қабылдау да өткізді. Приозёрск тұрғындары тұрғын үй, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелерін қозғады. Тұрғындардың бірі Транспортная көшесіндегі жолды ретке келтіруді өтінді.
Жеңіс Қасымбек қаржы тауып, биыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сарышаған тұрғыны, көп балалы ана Алма Әбілдаева өз ісін кеңейтуге қолдау көрсетуді сұрады. Ол балық өңдеумен айналысады, бірақ, қосымша жабдық сатып алу үшін грант ала алмады. Облыс әкімі қолдау көрсетудің жолдарын қарастырып, мәселені шешуді міндеттеді.
Жалпы, облыс басшысы шешімі табылмайтын мәселе жоқ екенін, бірте-бірте барлығы шешілетінін атады. Соған сәйкес жергілікті биліктен ай сайын әрбір көтерілген мәселе мен жолданған сауалдың шешілу барысы талап етілмек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.