АймақБас тақырып

Қарағанды облысында 150 шақырым жаңа газ желісі салынады

Қарағанды облысында өткен аппарат жиынында өңірді газдандыру жобаларының орындалу барысы талқыланды. Жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірді газдандыру мәселесіне тоқталды. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, 2020 жылдан бері облыста 647 шақырым газ тарату желісі салынды. Табиғи газ 16 489 жеке тұрғын үйге жеткізіліп, бүгінде 8 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынды пайдаланып отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биыл газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 10,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 150 шақырым жаңа газ желісін салу жоспарланған. Оның 120 шақырымы Қарағанды қаласында, қалғаны Ақтау және Ғабиден Мұстафин кенттерінде тартылады.

Сонымен қатар, Шахтинск қаласын, Ақтау және Ғабиден Мұстафин кенттерін, Шет ауданын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Ал Саран қаласы, Ақтас және Дубовка кенттері мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын газдандыру жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Аппарат жиынын қорытындылаған Ермағанбет Бөлекпаев газдандыру Президенттің ерекше бақылауындағы мәселе екенін атап өтіп, жобаларды сапалы әрі уақытында аяқтауды, сондай-ақ тұрғындарды табиғи газға қосу рәсімдерін жеделдетуді тапсырды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button