Жаңалықтар

Туған жер құшағындағы құрмет

Ғарышты бағындырған тарланын Алаш жұрты туған жер төрінде дәл қазақы қалыппен ұлықтады! Қарқаралының қарт тауларын таң шапағы көмкерген сәттен-ақ, киелі өлкенің тынысы дүбірлі тойдың екпініне ауысты. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы күллі қазақ баласының мерейін тасытқан ұлы думанға айналды. Тойға облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов арнайы қатысып, мерейтой иесіне аймақ жұртшылығының ақжарма тілегін жеткізді.

Суретті түсірген А.Дарманқұлова

Ел ардақтаған Ер

Думанның негізгі ордасына айналған «Qarqaraly Go» этноауылында алпыс ақшаңқан киіз үй сап түзеп, алыстан қарағанда Қарқаралының баурайына ақ шағала қонғандай әсер қалдырды. Әр үйде қазан көтеріліп, ақ дастарқан жайылды. Алыс-жақыннан ағылған ағайынға қымыз ұсынылып, ет асылды. Бір тұста домбыраның әуезді үні төгілсе, енді бір жақтан балуанға дем берген жанкүйерлердің даусы естіледі. Садақшылар нысанасын түзеп, атбегілер сәйгүліктерінің ер-тұрманын сайлап жүр. Той алаңының әр пұшпағы қазақы салт пен ұлттық рухқа тұнып тұр.

Сағат тілі он бірді көрсеткенде бас сахна маңына жиналған халықтың қарасы бұрынғыдан бетер қоюлана түсті. Салтанатты ашылу Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің театрландырылған бағдарламасымен басталды.

Жұрт назары көп ұзамай сахна төрінен орын алған мерейтой иесіне ауды. Елінің ыстық ықыласына бөленген Тоқтар Әубәкіров айналасына мейірлене көз тастап, қайта-қайта қол бұлғап қояды. Батырдың әр қимылын қалт жібермеген қалың қауым ду қол шапалақтап, «Тоқтар аға!» деп құрметін білдірді.

Салтанатты жиында Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин сөз сөйлеп, Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойы туған өлке үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін тарихи мәні зор оқиға екенін атап өтті.

– Бүгін біз ел мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ағамыздың 80 жасқа толған мерейлі белесін кіндік қаны тамған киелі Қарқаралы жерінде зор қуанышпен атап өтіп отырмыз. Тоқтар ағамыздың ерлігі – бір өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мерейін асырған тарихи жетістік. Ол аспан әлемін бағындырып қана қойған жоқ, қазақ баласының арманын ғарышпен жалғап, кейінгі буынға сара жол салды. Тоқтар ағамыз – Қарқаралының ғана емес, барша Алаш жұртының ардақты перзенті, ұлт рухын асқақтатқан қаһарман, – деді аудан басшысы.

Салтанатты жиынға сондай-ақ, Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов те арнайы қатысты. Тоқтар Әубәкіров салған сара жолды жалғастырып, қазақтың ғарыштағы даңқын асырған азаматты халық зор қошеметпен қарсы алды. Қарқаралы ауданының жұртшылығы атынан Айдын Айымбетовке қазақы дәстүрмен сәйгүлік мінгізіліп, ерекше құрмет көрсетілді. Мерейтойдың құрметті қонақтары қатарында белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай мен академик Зарқын Тайшыбай да болды.

Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойына арналған тағылымды шаралар бір күн бұрын басталғанын да айта кету керек. Қарқаралыдағы Шолпан Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде Аян Кизкиннің «Ғасыр саңлағы» атты қойылымы сахналанып, ғарышкердің өмір жолы, қайсар мінезі мен елдік болмысы көркем бейнелер арқылы бедерленді. Сахна төрінде басталған сол тағзым ертеңінде қалың елдің басын қосқан дүбірлі думанға жалғасты.

Мерекеде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алқа» әдеби ұйымы студенттері әзірлеген «Ұлт рухын асқақтатқан қаһарман» кітабының тұсауы кесілді. Жинаққа Тоқтар Әубәкіровтің тұлғалық болмысын, ерлік жолын зерделеген мақалалар мен жас буынның ой-толғамдары енгізілген. Ел атынан батырдың иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Тойдың салтанатты ашылуында жерлес әнші Қазыбек Әдікей мен ақын Мирас Асанның арнайы жазған «Тоқтар аға» әні де алғаш рет орындалды. Ақтаңгер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов арнау айтып, Гүлбаршын Тергеубекова әннен шашу шашты.Туған жерінің төбесіне көтеріп, төріне оздырған құрметіне тебіренген Тоқтар Әубәкіров те халқына ақжарма алғысын білдірді.

– Айналайын, ардақты елім, ақпейіл халқым! Өздеріңіздей туған халқымның ыстық ықыласы мен зор құрметіне бөленіп, төрде отыру – мен үшін үлкен бақыт, мәртебе. Кеудемді мақтаныш кернеп, жүрегім тебіреніп тұр. Мені әрдайым ардақтап, төбесіне тұтқан ақеділ ағайынға, туған жеріме, барша отандастарыма шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз мені үнемі қанаттандырады. Менің еңбегім әрдайым сіздерге арналған! – деді батыр.

Боз кілемдегі бәсеке

74 келі салмақ дәрежесінде Ақтоғай ауданынан келген Бекислам Сатыбалдин үшінші орынды иеленсе, Шет ауданының намысын қорғаған Жансай Смағұлов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, шешуші белдесулерде қарсыластарына дес бермеген Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Нұрғали Тұрсынғазиев бас жүлдені жеңіп алып, автокөлік тізгіндеді.

Аса ауыр салмақтағы «Түйе балуан» бәсекесі де көрерменнің делебесін қоздырды. Бұл сында Шет ауданының балуаны Олжас Шымкеев үшінші орыннан көрінді. Қызылжардан келген Әділет Мурзали екінші орынды иеленді. Ал, боз кілемде мығымдығы мен шеберлігін қатар танытқан түркістандық Қайсар Шамшидинов бас жүлдені қанжығалап, мерейтой бәйгесіне тігілген екінші автокөліктің иесі атанды.

Қазақ күресінен бөлек, қол күресі алаңында да білекті жігіттердің бәсекесі қызды. 70 келі салмақта Семей қаласынан келген Ерсұлтан Қыздарбеков үшінші орын алса, Шет ауданының өкілі Бақдәулет Серікбаев екінші сатыдан көрінді. Қарқаралы намысын қорғаған Нияз Қойлыбайұлы қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

74 келіден жоғары салмақ дәрежесінде шардаралық Бекет Айтбек қола жүлдеге ие болды. Еркебұлан Еркеш екінші орынды еншілесе, Қанат Мырзабеков білектілер бәсекесінде алдына жан салмай, бірінші орынды жеңіп алды.

Садақ ату сайысына ерлермен қатар әйелдер де қатысып, ұлттық өнердің бұл түріне қызығушылықтың жоғары екенін аңғартты. Ерлер арасында Шымкенттен келген Мақсат Әбдікәрімов үшінші, алматылық Ахмад Саутбаев екінші орынды иеленді. Нысанаға дәлдігімен ерекшеленген Ұлытау облысының өкілі Назар Көпбаев бірінші орыннан көрінді.

Әйелдер арасында Қарқаралы ауданының Теректі ауылынан келген Ақбота Серік үшінші орын алды. Қарағандылық Қарақат Дүйсенбек күміс жүлдеге қол жеткізсе, Жанар Сархытхан сайыс жеңімпазы атанды.

Ат дүбірі даланы жаңғыртты

Түс ауа этноауылдағы қалың жұрттың назары Жаңанегіз ауылы маңындағы атшабарға ауды. Бірі көлігімен, бірі жаяулап, енді бірі ат үстінде бәйге алаңына қарай ағылды. Аз уақыттың ішінде атшабар маңы қарақұрым халыққа толып, тау бөктерін дүбір мен дабыр басты. Көкжиекке көз тіккен жұрт көмбеден көрінер алғашқы қараны тағатсыздана күтті.

Бұл жолғы бәйгенің жөні бөлек еді. Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгенің әрқайсысына бас жүлде ретінде автокөлік тігілді. Осындай қомақты бәйге еліміздің түпкір-түпкіріндегі атбегілерді Қарқаралыға жинады. Алатау асып, қырғыз ағайындар да жүйріктерін қосуға арнайы келді.

Атшабарға әкелінген сәйгүліктердің арасында талай аламанда топ жарған, елге аты мәлім дүлдүлдер де болды. Тоғыз автокөлік ұтқан «Тайвань» мен Арқаның намысын талай додада қорғап жүрген «Көкшоқай» секілді жүйріктердің келуі бәйгенің беделін одан әрі арттырды.

Алдымен, 11 шақырымдық құнан бәйге басталды. Жас жүйріктердің екпіні алғашқы айналымнан-ақ байқалды. Бір-біріне дес бермей қатар шапқан құнандар соңғы шақырымдарға жеткенде біртіндеп іріктеліп, мәреге жақындаған сайын тартыс үдей түсті.

Көмбеге үшінші болып Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Сырымбектің «Тауқасқа» атты құнаны жетті. Екінші орынды Меркі ауданынан Нұрхаттың «Абыройы» иеленді. Ал, Алматы облысының Ұзынағаш өңірінен келген Оңдасын Әбілқайырдың «Нұршашуы» қарсыластарына дес бермей, құнан бәйгенің бас жүлдесін қанжығалады.

Одан кейінгі 18 шақырымдық топ бәйге де тартысқа толы болды. Бұл сында үш жүлдені де Алматы облысынан келген сәйгүліктер иеленді. Талғар қаласынан Асхат Майданбектің «Қарлығашы» үшінші келсе, Жамбыл ауданынан Ерсұлтан Серіктің «Лашыны» екінші орынды еншіледі. Ал, Ұзынағаштан келген Оңдасын Әбілқайырдың «Қасқыры» алдына қара салмай, топ бәйгенің жеңімпазы атанды. Бір күнде екі бірдей бәйгеде топ жарған атбегінің мерейі үстем болып, «Қасқыр» иесіне екінші автокөлікті сыйлады.

Бәйгенің ең шешуші әрі ең ауыр сыны – 30 шақырымдық аламан еді. Аламанға 33 сәйгүлік тіркелді. Алғашқы айналымдарда топтасып шапқан жүйріктердің қатары уақыт өте сирей берді. Соңғы шақырымдарға жеткенде аламанға қосылған 33 аттың алтауы ғана шыдас беріп, мәреге жетті.

Көмбеге үшінші болып Алматыдан келген «Айбатыр» атты тұлпар ілікті. Бұқар жырау ауданынан Бейімбеттің «Керіқұланы» екінші орынды иеленді. Ал, Алматыдан келген Секенайдың «Көкбастауы» ұзақ қашықтықта бабын жоғалтпай, аламан бәйгенің жеңімпазы атанды.

Тау бөктерін ән тербеп…

Атшабардағы дүбір саябырлағанымен, тау баурайындағы мерекелік көңіл-күй бір сәт те толастаған жоқ. Күнұзаққа созылған концерттік бағдарламада Қарқаралының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі, Қарағандының «Арқа сазы» ансамблі, Баянауылдан келген өнерпаздар, Ақтоғайдың «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, Балқаш, Осакаров, Теміртау, Саран, Шет, Бұқар жырау, Нұра, Шахтинск және Абай өңірлерінің өнер ұжымдары кезекпен сахнаға шықты.

Марапаттау рәсімінен кейін мерейтойлық кеш гала-концертке ұласты. Сахнаға «Үш жүз» тобы шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кештің шарықтау шегінде елімізге танымал әншілер Жандос Қаржаубай мен Әділет Жаушағар өнер көрсетіп, этноауылға жиналған жұртты әнге бөледі.

Алаш жұрты осылайша, өз қыранын төріне қондырып, сексен жылдық мерейлі белесін елдік мерекеге ұластырды. Ғарыш биігін бағындырған батырын Алаш жұрты алақанына салып аялады. Елінің ықыласына бөленген Тоқтар Әубәкіровке деген құрмет те, халықтың ақ тілегі де ғасырдан ғасырға жалғаса бермек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button