Әке мен баланың ерлік жолдары

Кеңес халқының фашистік басқыншыларды жеңгеніне 75 жыл өтті. Осы уақыт ішінде соғысқа қатысты әр отбасының тарихы қалыптасты. Тәженовтер отбасы да солардың бірі. Бұл отбасынан соғысқа екі бірдей азамат, әкелі-балалы Бейсен мен Ескендір ТӘЖЕНОВТЕР шақырылған еді.

Ұзақ жылдар бойы Бейсен Тәженовтің шайқасқан жерлері туралы ақпарат таба алмадық. Ол Кеңес әскері қатарына егде жаста шақырылған болатын және соғыс, шайқас және алған жарақаттары туралы мүлдем айтпайтын. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты құжаттарының арқасында біз оның 1943 жылдан 1944 жылға дейін Калининский бағытында 415-ші атқыштар полкінде ерлікпен соғысқаны, Новый Оскол деревнясына шабуыл кезінде жарақаттанып, контузия алғаны туралы деректерге қол жеткіздік.

Ұлы Отан соғысында фашистік басқыншылармен шайқастарда көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін Бейсен ата түрлі медальдармен марапатталды және соғыс аяқталғаннан кейін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі өз батырын тапты.

Ұлы Отан соғысының бел ортасында болған майдангер Ескендір Тәженов 1924 жылы 22 желтоқсанда Шет ауданының 5-ші ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1941 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, аудан орталығындағы орта мектепте мұғалім болудан бастапты. Үлкендердің айтуынша, Ұлы Отан соғысы басталған кезде, 18 жасқа толған күнін күтпей, өзіне екі жас қосып, 1922 жылы туған деп жазғызған екен. Артынша Хабаров өлкесіне шекарашы ретінде әскери борышын өтеуге сұранады. Осылайша, құжаттарға сай НКВД-ның шекаралық аймағында, Жапониямен шекараға таяу жерде 1942 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың желтоқсанына дейін болады.

1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың тамызы аралығында Батыс майданы маңайында болды. Осы кезде Оңтүстік Орал оқу полкінің курсанты еді. Курсанттың оқуын аяқтағаннан соң, 1944 жылдың тамызында взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалып, І Украина майданының 52-ші атқыштар дивизиясы қатарында соғысады. 1945 жылы ақпан айында Одер (Польша) өзенін азат ету кезінде қатты жараланып, Баку қаласындағы госпитальда емделеді.

Висла-Одер шабуылы туралы әскери және басқа да баспа беттеріне көп жазылды. 1945 жылдың 12 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында ІІ Беларусь майданының сол қанаты және ІV Украина майданының оң қанаттарының (И.Петров) бірігуімен І Беларусь (Г.Жуков), І Украина (И.Конев) майдандары Висла-Одерді азат ету операциясын жасады. Операцияны өткізу үшін І Беларусь және І Украина майдандарының өзінен ғана 16 жалпы соғыс әскері, 4 танк және 2 әуе әскері, сонымен қатар бірнеше бағындырылған майдандардың жеке танкілері, механикаландырған және атты корпустары жұмылдырылды. Висла-Одер операциясының нәтижесінде Қызыл армия Польшадағы жауды жайратып, Одер (Одра) өзенін азат етті және батыс жағалауды алды. Батырлығы мен әскери шеберлігі үшін І Беларусь және І Украина майдандарының 481 құрамасы мен бөліміне құрметті атақтар берілді, 1200-ге жуық құрама мен бөлім ордендермен марапатталды. Әкеміз де 1945 жылдың 9 мамырында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941- 1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», кейінірек «Тың жерді игергені үшін» және Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Соғыстан ауыр жараланып келсе де, оқуға деген құмарлығын жоғалтқан жоқ. Ерекше құлшыныспен Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының тарих факультетіне түсті. 1949 жылы оны үздік бітіріп, еңбекке араласты. Білімін жетілдіру мақсатымен түскен ҚазМУ журналистика факультетінің сырттай бөлімін 1954 жылы тәмамдады.

1950-1961 жылдар аралығында Шет аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарды. 1961 жылы аудан айнасы болған «Ильич туы», 1963-1965 жылдары Ақтоғай ауданының «Арқа еңбеккері» газеттерінің бас редакторы қызметін аса жауапкершілікпен атқарды. 1965 жылдан өмірінің соңына дейін Шет аудандық «Ильич туы» газетін басқарды. 1946 жылдан КОКП мүшесі, бірнеше мәрте аудандық партия комитетінің және аудандық еңбекшілер кеңесінің депутаты болып сайланған.

Жауынгерлер сұрапыл соғыста жанқиярлық пен ерліктің, төзімділіктің үлгісін танытты. Басты мақсат – елді жаудан қорғап, келер ұрпаққа бейбіт күн сыйлау еді. Осы мақсат жолында құрбан болса да көздегеніне жетті. Бүгінгі ұрпақ осы аталарымыз бен әжелеріміздің батылдығының арқасында бейбіт заманда өмір кешуде. Менің әкем мен анам осындай жандар, Отанын шексіз сүйетін өте қарапайым, батыл, қайырымды, төзімді жандар. Біз ол кісілерді мақтан тұтамыз. Немерелері – жас ұрпақ ата-әжелеріміздей адал өмір сүріп, өнербілімімен қуантып жүрсе деп ойлаймын.

Асқар ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ.