Біздің сұхбатРуханият

Олег ЕРМЕКОВ: «Еліңе пайда тигізу үшін жат жерде жүру де керек!»

Қазақтың тұңғыш математигі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан ЕРМЕКОВТІ Ленин құрған жүйе 58-баптың, 8-тармағымен жазықсыз соттап, жапа шеккізді. Кейін кеншілер шаһарындағы Ленин көшесі, 58 үйден, 8 пәтерді берген. Табиғат заңдылығын бұзып, жоғарыдан төмен қарай санап, 4 пәтерді қитұрқылықпен 8 пәтерге айналдыруы «өле-өлгенше сол жарадан айықпасын» деген арам пиғыл емей немене?!.. Бұл көшеге былтыр күзде АБАЙ есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылғанда қуаныштан жанарымызға жас келген. Сол жиынға ұлы ғалымның немересі Олег МАҒАУИЯҰЛЫ қатысып, атасы жайлы ыстық естеліктерімен бөліскен-ді. Сонда туындаған сұрақтарға жауап алу ниетімен асылдың сынығы, экономика ғылымдарының кандидаты, Ұлыбританиядағы «Maryadi education» компаниясының иесі – Олег ЕРМЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. Кейіпкеріміз Ұлыбритания елінде тұратындықтан сұхбат онлайн форматта өрбіді.

 

– Олег Мағауияұлы, Әлімхан Ермековтің немересісіз. Демек, жауапкершілік зор. Бұл туралы өзіңіз не дер едіңіз?

– Әр адамның тұлғалық қалыптасуы көптеген факторға байланысты. Бірақ, жеке тұлғаның негізі қаланатын маңыздысы – отбасы. Менің жолым болды. Балалық шағым мен жас кезім де Әлімхан Ермековтей біртуар тұлғаның қасында өтті. Ол атам ғана емес, керемет тәрбиеші және ұстаз еді. Меніңше, тұлға болуға әркімге мүмкіндік беріледі, бірақ оны бәрі бірдей дұрыс пайдаланбайды. Тірі қарым-қатынас пен мінез-құлық үлгілері кез келген моральға қарағанда пайдалы және түсінікті.

Өткен ғасырдың басынан жаңаша ойлайтын ұлттық элитаға жататын, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы үшін аянбай тер төккен ғалым және оқытушы Әлімхан Ермеков туған атам екендігінен әрқашан үлкен жауапкершілік сезінемін. Ең жақын адамыңның еңбегін мақтан тұтып, бос жүруден гөрі, соның атына лайық болып, адал еңбек етуді дұрыс көремін. Ал, атам мен үшін ең биік өнегелі бағдар болып келді және мәңгі қалады.

– Қазақтың Әлімханы туралы біз нені білмейміз, нені ұмыт қалдырдық, қай қыры зерттелмей жатыр? Еліне сіңірген еңбегі толық өз бағасын алды ма?

– Соңғы кезде Алашордашылар туралы жиі айтылып жүр. «Олардың Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан үлесі лайықты бағасын алды ма?» деген сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру дұрыс емес. Тарих – ұлттың рухын қалыптастыратын ең ұлы күш, шынайы білім. Алашордашылардың Тәуелсіз мемлекет қалыптастыру үшін қалай күрескені туралы кей жастар мүлде аз біледі. Жас қазақстандықтардың азаматтық позициясын қалыптастыруы үшін Алашордашылардың өнегелі өмірі темірқазық бола алады. Олардың бәрі өмірде биік мақсатты, жоғары білімді адамдар болды. Білімді әрі кең көзқарасты, ұлт тарихын терең білді. Сол арқылы күрделі саяси жағдайда саспай, ұлттық мүддені қорғауда батыл әрі сенімді болды.

Егер, «Алаш-Орда» қайраткерлері сол кездегі тарихи мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық автономияға қол жеткізбесе, қазір не боларымыз белгісіз еді. Сондықтан, олардың еңбегі лайықты бағасын алуы тиіс.

Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды қоса алғанда экономикалық және саяси қайта өрлеу кезеңінде, аса қатал геосаяси бәсекелестікте, Қытай, Ресей, АҚШ мүдделерінің тоғысында өмір сүруде. Қазір бұрынғыдан да маңызды нәрсе бұл – тәуелсіздікті сақтап қалу. Олармен геосаяси мәселелерді шешу – уақыт мәселесі. Бұл үшін Ермеков сынды көшбасшылар қажет. Сондықтан, жастарға осы бастан аямай инвестиция құйып, рухын биік қылып тәрбиелеу қажет.

– Әлімхан Ермековтің сотталып бара жатып, пойызда жарына хат беріп жіберген студенті Дінмұхамед Қонаев екен. Сіздіңше бұл кездейсоқтық па?

– Меніңше, өмірде ештеңе кездейсоқ болмайды. Кез келген оқиға – белгілі бір жағдайлардың салдары. Оқиғаның қалай болғанын білмесек, оны кездейсоқтық дейміз. Сіз сұраған кездесу де кездейсоқ болған жоқ. Атаммен перзенттік парыз жөнінде жиі сөйлессек те, ол қуғынсүргін туралы айтпауға тырысты. Өйткені, қиындықты қайта сезінгісі келмеді. Хат хақында әкемнен естідім. Әкем Мағауия шебер әңгімеші еді. Әли ағаны алғаш рет (туыстар атамды солай атайтын) үйде тұтқындап, ешкімге айтпай, бұйрық бойынша жазасын өтеуге жіберген. Тұтқындалғандарды қарапайым купеде айдауылдар қарауылдаған. Әли аға жарының хабарсыз қалғанына алаңдап, қысқаша хат жазады. Ал, оны қалай беру керек? Айдауылдардың көзін ала бере, жазбаны көрші купедегі төрт студенттің біріне ұстатады. Кейін, ол хаттың тағдыры жөнінде ұзақ уақыт білмеген.

Жиырма жылдан астам уақыт өткен соң, ақталғаннан кейін, өз азаматтық құқықтарын қалпына келтіру үшін Бірінші басшы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына барады.

Атамның ерлігіне қанық Д.Қонаев Әли ағаны үлкен құрметпен қарсы алады. Әрине, Қонаев оның барлық заңды жеке өтінішін шешкен. Кездесу соңында: «Сіз жиырма жыл бұрын жұбайыңызға хат берген көрші купедегі студент мен едім, Сіздің өтінішіңізді орындадым» депті. Дінмұхамед Ахметұлы бұл кездесулерді кездейсоқ деп санады ма, жоқ па, білмеймін, бірақ әкем айтқандай, ол барлық жағынан сөзсіз құрметке лайық адам болған…

– Дерекке сүйенсек, Ә.Ермеков қазақтың көп білімді жасына жол сілтеген. Қаныш Сәтбаевтан бөлек, бұл тізімде тағы кімдер бар?

– Адамдар маған жиі келеді, кейбіреуін танымаймын. Олар: «Атаңыз менің тағдырымда басты рөл атқарды. Мен онымен бір рет кездесуімнің арқасында өмірден орнымды таптым» деп, алғысын айтады. Атам керемет оқытушы болған. Алдымен, ол дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруда шебер тәлімгер еді. Университетте студенттер оның дәрісіне қатысу үшін басқа сабақтан қашып шығатын. Математика – құрғақ болып көрінетін пән. Ал, оған әр дәрістен кейін тік тұрып қол шапалақтайтын. Себебі, ол күрделі заттардың мағынасын қарапайым және түсінікті түрде жеткізе білді. Бірде ағам, атамның дәрісіне келмей, ұйықтап қалған. Оны атам үйіне шақыртып алып, тамақтандырып, өткізіп алған дәрісін үйде оқыпты. Ол тырп етпей тыңдап, жазған. Көп ұзамай мұны естіген студенттер оның сабағын мүлдем жібермейтін болыпты. Атам осылай «қадалған жерінен қан алып», үнемі нәтиже шығаратын.

– Ал, қуғын-сүргіннен көрген қиындықтары хақында сөз қозғайтын ба еді?

– Әли аға түрмедегі өмірін айтқысы келмейтін. Бұл оқиғаны тағы да әкемнен білдім. Атам, тіпті, қамауда да, білім алуға тырысқан. Атам лагерь басшыларына он сыныптық түрлі мектеп пәндерінен дәріс оқыпты. Есесіне, құрал-сайман, күрек тарату сынды жеңіл жұмысқа қойылған. Пәндерді атүсті емес, терең білген. Ақталғаннан кейін армян тарихы пәнінің оқытушысымен Алматыға барады. Сондағы сұхбат барысында атам оған Арменияның тарихы туралы қате айтқанын ескерткен. Тарихшы таң қалып, дау айта бастайды. Бұл жайтты анықтауға уәде беріп, егер, қателескені шын болса, атама сағатын беретінін айтқан. Атам бұл жайлы маған бір кездері оның төс қалтасында жүретін сағаты туралы сұрағанда айтты… Армения тарихын армян тарихшысынан да жақсы білу – сұңғылалық қой. Сондайақ, менде атамның бірнеше Еуропа тілін меңгергенін куәландыратын мұрағаттық құжаттар бар. Араб, неміс, француз, ағылшын, итальян тілдерін меңгергеніне таң қалдым. Оның бір-екеуін түрмеде үйреніпті. Бертолле теңдеуі туралы математикалық еңбектерді түпнұсқада оқыса да, жарнамаламаған. Өйткені, ол кезде білімді болу қауіпті еді…

– Қазіргі жұмысыңыз алдыңғы оқытушылық қызметіңізбен тамырлас. Осындай елге пайдалы бизнеске ауысуға не түрткі болды?

– Ия, біздің әулетте бірнеше буын ұрпақ ғалымдар болды және білім берумен айналысты. Әулеттің қыздары да мұғалімдер мен оқытушылар. Қазақстандағы алғашқы математика профессоры менің атам, әкем де ғалым, шахталарды зерттеген. Көп жыл бойы мыңдаған жерлестеріне Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде геология және таукен ісі бойынша сабақ берген. Әулетімізден шыққан ұстаздарды бұрынғы студенттері әлі күнге дейін еске алып, ол өте жақсы мұғалім болғанын айтады. Ал, мына бизнеске ауысуым – заман талабынан туындады. Қазір техника дәуірі. Жас отандастарымыз шет елдің озық білімі мен тәжірибесінен сусындауы керек. Бұл Алашордашылардың да, Әлімхан Ермековтің де арманы еді. Мен сол бабалар арманын орындап, жас қазақстандықтарға көмектесіп жүрмін.

– Өзіңіз негізін қалаған «Maryadi education» компаниясының қызметі жайлы кеңірек айтып берсеңіз?

– Ұлым Әділмен бірге жұмыс істейміз, ол Әлімхан Ермековтің шөбересі. Компаниямыздың бас кеңсесі Ұлыбританияда, корольдік Виндзор қаласында орналасқан. Біз Оксфорд және Кембридж сияқты жүздеген британдық беделді білім беру орындарын, басқа да көптеген еуропалық колледждерді, мектептерді талапкерлерге таныстырамыз, қазақстандық және ресейлік жастарға шет елде білім алуда тегін көмек көрсетеміз. Ал, бұл еңбегіміз үшін қолақымызды студенттерден емес, олар таңдаған жоғары оқу орындарынан келісімшарт негізінде аламыз. Бізде бәрі заңды. Қызмет сапалы. Құжат рәсімдеу, жатар орын және басқа мәселелерді шешіп қойғанбыз. Тек, ынта болса болғаны. Осылайша, ұлым екеуміз ата-бабамыздың жауапты жұмысын жалғастырудамыз. Қазақстан мен Ресей жастарын халықаралық білім беру, Мәдени және саяси кеңістікке интеграциялаймыз деуге болады. Бұл туралы толық айтсақ әңгіме ұзаққа созылады. Компанияның қызметі туралы білгісі және шет елде жеңілдікпен қиналмай оқығысы келетін жерлестерім компанияның сайтына кірсе, барлық ақпаратты ала алады…

– Сала мамандары «Қазақстанда интернет арқылы табыс табу алаңы бос тұр» дейді. Осы салада жұмыс бастағысы келетін отандастарыңызға ақыл-кеңесіңіз?

– Бүгінде қаптаған ақпарат арасынан жастарға дұрыс жеке өмірлік нұсқауларды анықтау өте қиын. Айналадағы әлем өте күрделі және тез өзгереді. Жастарға айтарым, әлеужеліде босқа отырмай, табыс табуды ойлау керек. Уақытты босқа өлтіру – үлкен күнә. Оны тиімді пайдаланып, тіл үйреніп, қосымша кәсіпке ұмтылу керек. «Кәрілік келмей тұрып, жастықтың қадірін біл» демекші, ертеңгі ұрпағың сөкпесін десең, бүгін қимылдау керек. Қазіргі әлемдік экономика, саясат және идеология мәселелеріндегі қатал және күрделі бәсекелестіктің уақыты екенін ұмытпайық.

Сонымен қатар, әр қазақстандықтың саналы және берік азаматтық ұстанымы болуы керек. Себебі, өзіңді тану қайда жүрсеңіз де, сенімді алға жылжуға мүмкіндік береді.

– Жалпы, Сіздей сұңғыла ғалымдар қазір өте сирек. Біржола елге қайту, бар білім-білігіңізді туған жердің өсіп-өнуіне жұмсау ойыңыз жоқ па?

– Кез келген елдің болашағы елде ғана емес, әлемде не болып жатқанын түсінетін білімді адамдарға байланысты. Мен еліме пайдалы болу үшін, өз қызметіме байланысты жат жерде жүру де керек екеніне көзім жетті. Мен үшін Отан – ерекше ұғым және сезім. Әр жаста жаңа қырынан ұғып келемін. Ұлым екеуміз Әлімхан Ермековтің тікелей ұрпағы ретінде қажетті әрі игі іспен айналысудамыз. Ал, біз осы заманғы әлемдік мәдениетті, экономикалық және геосаяси әлемдік ортаны дамытудағы үрдістерді білуге және түсінуге көптеген отандасымызға қол ұшын созамыз. Олар Қазақстанға оралған соң, болашақ көшбасшыларға айналып, еліміздің мемлекеттілігін сақтауға және нығайтуға көмектесері сөзсіз.

– Көп-көп рахмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

Қос құрлықты жалғаған Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button