Бас тақырыпБасты тақырып

Төр иесі – ҰСТАЗДАР

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Бұл даналықты педагогика саласының қызметкерлеріне құрметпен қарайтын барша оқырман жақсы біледі. Бүгін – «ұлылық – қарапайымдылықта» дегенді қош көріп, орнын төрден алған білім саласы мамандарының мерекесі. Жылына бір келетін шуақты күнде ұстаз беделі артып, мәртебесінің биіктегенін біз де қалаймыз.

Алайда, мұғалімнің абырой беделінің төмендеп бара жатқаны жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Мұғалімнің еңбегі қайтсе бағаланады? Бұл сұрақ бізді ғана емес, облыстағы 512 білім беру ұйымында қызмет ететін 20 мыңға жуық мұғалімді алаңдатады. «Сананы тұрмыс билейтіні» секілді, әрбір мұғалімге алдымен тапқан табысына сай ақы төленуі маңызды. Табысы тұрақты мұғалімнің алаңсыз жұмыс істейтіні де белгілі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет, – деді.

«Мемлекет басшысы атап өткен тапсырма орындалса, алдымен «ұстаздық» жолды мамандықты сүйгеннен емес, қолжетімді болғаны үшін таңдайтындардың саны азаяды. Сонда ғана мамандыққа деген мәртебе артып, білім саласының қызметкерлері құрметтеледі» дейді облыстағы білім саласының мамандары. Бұған педагогика саласының сан мың жылдық тәжірибесінен өткен ұстаздар куә. Жаһандану дәуірі мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Оның ішінде ұлттық тәрбиені біліммен ұштастырып оқыту да бар. Солай дегенмен, «жүктелген міндетке сай, нәтижеге құрмет көрсетілуі де кезек күттірмеуі тиіс мәселе екені рас.

Қадірлі ұстаздар қызмет барысында кездесетін түрлі қиындыққа қарамастан, жұмыстарын аса жоғары жауапкершілікпен жүйелі атқарып, басшылықтың, ата-ананың, қала берді оқушының көңілінен шығуға тырысады.

Ұстаз атаулыны қуанышқа кенелткен жаңалықтың басым бөлігі биыл жүзеге асқанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Жолдаудағы жағымды жаңалықтармен қатар «Педагог мәртебесі» туралы Заңды құжаттың қабылданғанын облыстың ұстаздарынан сүйіншілеген болатынбыз. Әрине, заңның аясында ұстаздардың лайықты еңбек ақыларын алуына жағдай жасау, мұғалімдерді көлденең қоғамдық жұмыстардан босату қаралып, жаппай тексеру сынды мәселелер қамтылды. Толыққанды бекітілсе, мұғалімге айтылар айып, тағылар кінә тыйылар деген күннен біз де үміттіміз.

Мұғалімдердің мерекесінде мәселесін ортаға салып көңілді түсіргенше, мәртебесін биіктеткіміз келетінін айттық. Қарағанды облысының білім басқармасының тізгінін ұстаған білікті басшы Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тағайындалғалы арнайы Заң қабылданып қана қоймай, ұстаздардың жалақысы артты. Министр сондай-ақ, ата-аналардың сұранысына құлақ түріп, оқушыға «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтарып бермек. Оқулықтардағы қателер де түзетілуде. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтардың орны толды. Ақылы олимпиадалар өткізуге тиым салынды.

Осыған ұқсас жағымды жаңалықтардың күн сайын көңіл қуантып жүргені рас.

Сол жаңалықтың оқырманға жедел жетуіне мұрындық болып жүргенімізді білесіздер.

Ендеше, «Орталыққа» жазылу Сізден, жаңалық бізден болсын!

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button