Ұстаз өсиеті осындай еді…

«…Әлбетте біз өмірге іздену үшін келгенбіз. Көзіңді ашып, жан-жағыңа қара, қозғалыстар, үлкен-үлкен өзгерістер… Табиғатта бәрі бар. Ой адамы ессіз емес, ойлының бәрі ақиқат. Әлемде шек жоқ, ойлауда шек жоқ. Рас, бөлшектеп қана беретіні бар. Бұл – табиғаттың заңы. Табиғатқа адал болайық». Зейнел БОРАНБАЙҰЛЫ. 1949 жыл.

Елуімізде Тәуелсіздік таңын қарсы алып, еліміздің отыз жылда жеткен биігіне сүйсіне қарап, сексенге иек артқан қарттардан боламыз. Немере-шөбере иіскеп, тынысымызды жеңілдетіп, бойдағы аз-кем қуаттың арқасында істен қалмай, біріміз жоғары, біріміз орта оқу орнында сабақ беріп, біріміз дәрігер, тағы біреуіміз молла дегендей, шама келгенше еңбектеніп жүрген жайымыз бар. Және біз сияқты ыстықсуықта қатып-пісіп, «еңбек ардагері» деген аты бар, әлі де құрмет-абыройы ортаймаған әлеуметтік топтың қатары жыл озған сайын көбейе бермесе, азаятын емес. Ол да біздің заманның бір ерекшелігі. Жыл сайын қазан айының бірінде қарттар санатынан табылып, қара көбейтіп қана жүрмек емеспіз, қоғамға пайдалы іс атқарып, Қазақстан деген бақытты елдің баянды болуына, өсіріп айтсақ, «үлес қосып келеміз».

Жә, бұл – бір. Екіншіден, аздыкөпті өмір тәжірибемізбен бөлісіп, жаңа ұрпақ тәрбиесінен сырт емеспіз, өткен өмірден алған сабақтарымызды еске алып отырамыз. «Сола-а-ай, шырақ!» деп, бір түйіп қойғанда, «осы ақсақал өтірік айтып отырған жоқ па?» деп күдіктенбесе екен дегендей қуыстанып қалатынымыз да рас. Бірақ, біздің ұрпақ жалған сөйлеуге жоқ едік, басыңды аламын десе де, қасқайып тұрып айтатынбыз. Одан тапқан олжамыз шамалы, әйтеуір арымыз таза екендігін тәубе етеміз.

Қарттықтың шын белгісі осы екенау, газетке жазып, мойнымыздан бір жүк түсірмек ниетіміз бар. Әлбетте, мақтанғалы отырған жоқпыз. Мақтанарлығымыз бар болса да! Мектеп көргеніміз, тәрбие-білім алғанымыз рас болса, әрқайсымыз қарыздар ортақ ұстазымызды еске алмақпыз. Басқа құрбылас-тұрғыластарымыз қосыла жатар. Көзіміздің тірісінде Зейнел Боранбайұлы деген ұстазымыздың есімін Балқантаудың баурайындағы бір мектепке беруге себіміз тисе екен деп отырмыз. Сол себепті, сүйікті ұстазымыздың жүздеген, бәлкім мыңдаған шәкірттерінің атынан «Орталық Қазақстан» газеті арқылы жар салмақпыз.

Кезінде қиырдағы Қу ауданында әуелі «Советтік Қарағандыны», одан кейін «Правданы» үзбей алдырып, астын сызып отырып оқыған ауыл мұғалімі Зейнел Борамбаев, бәріміздің «Зекеміз», әруағыңнан айналайын, қасиетті адам екенін дүйім жұрт білді..

Зекеңнің жүріс-тұрысы, мінез-қылықтары, әсіресе омырауына, жеңіне жұққан әппақ бордың шаңын сүртпей, маңдайы тершіп, зор дауысымен неше ғылымның қилы-қилы қиын түйіндерін құлаққа құйғандай етіп түсіндіргенде жан беріп, жан алатыны көз алдымызда.

Зекең марқұмды бүкіл Бауыр елі (Қарқаралыдан шығысқа қарай) иесі де, киесі де өзі, қарасөздің майталманы, шешен де тапқыр ұстаз ретінде танитын. Физика мен математиканың, химия мен биологияның небір қиын түйіндерін қазақтың орамды да өрнекті тілімен түсіндіргенде, аузымызды ашып қалатынбыз. Ғылым тілін қазақша бұлайша жатық жеткізе білетін ұстаздар әлі де көп емес. Оның үстіне, дәл қазір көкейкесті болып отырған орфография, орфоэпия, қазақша ата текті қазақша дұрыс жазу, кірме сөздерді іске жарату, қазақ тілі – ғылым тілі сияқты толып жатқан мәселелерді осыдан 60-70 жыл бұрын-ақ айтқан, тіл білімі ғалымдарымен деңгейлес пікірлерін архивтен алып оқығанда, айызың қанады екен! «Орталыққа» оларды да бергенбіз, әлі де оқисыздар.

Зекең өз аулының алдындағы парызын 1956 жылы жазған өмірбаянында көрсеткен.

«…Сол кезде де, одан кейін де менің қызмет ауыстыруыма мүмкіндіктер болған. Алайда, орта мектепте менің орныма сабақ беретін маман жоқ екендігін түсініп, жерлестерімнің балалары орта мектепті бітіріп, одан әрі еліміздің жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасау менің ғана қолымда тұрғанын саналы түрде сезіндім». Сөйткен жерлестерінің баласы біз ғой. Қайран Зекем! Азамат-ақ қой!

1951 жылы Егіндібұлақтан Мәскеуге, Сталинге хат жазып: «Орыс деген ұлы халық екен, соның соңынан еріп келеміз. Келешекте басқа бір ұлы халық шықпай ма? Осыған миым жетпей жүр, уақытыңыз болса, түсіндіріп берсеңіз» деп жүрген Зейнел емес пе?

«Өзіміздің Қу ауданының озат деген үш колхозын, нашар деген екі колхозын үш жыл зерттедім. Тапқаным, колхоздың «бөлінбейтін қоры» өскен сайын, халықтың табысы кеми береді екен? Социализмнің экономикалық заңына қайшы емес пе?», деп Бүкілодақтық колхоздар кеңесінің төрағасы, саяси бюроның мүшесі А.Андреевті шаужайдан алған кім? Біздің Зекең мұғалім.

Аузынан жалын атып, аспанның астын, жердің үстін алатайдай бүлдіріп, астан-кестен еткен Хрущев патшаға хат жазып: «Біздің қазақ даласында асхана деген болмайды, сонда 5-10 баласы бар отбасы бір сиыр, бес қоймен қалай күн көреді? Осының жөнін айтыңызшы!» деп хат жазатын жай мұғалім Борамбаев болатын.

Қарқаралыдағы өнерпаздар байқауына «Қыз Жібектен» үзінді апарғаны үшін сөгіс алып, «Қазақтың тарихи жырлары – халықтың қазынасы. Оны неге ескілік қалдығы санайсыздар?» деп білім министріне хат жазған кім?

Былай қарағанда күнделікті өмірге бір мысқал пайдасы жоқтай көрінетін алгебраның кескіндеріне, геометрия мен тригонометрияның есептеріне қызықтырып, дүниеде содан басқа пән жоқтай, математиканы білмесең, аяғыңды алып жүре алмайтындай оқытатын. Бәріміз математик болуға тиіс сияқты едік.

Өз үйімен қабырғалас тоқал тамның төбесіне шығарып, он шақты тентекті шалқамыздан жатқызып, телескоппен аспан әлемін шарлайтын. Жұлдыздарды таныстыратын. Кейбіреуіміз ығыр болғандай, түн қараңғылығында Зекеңнен қашып құтылғанша асығамыз. Соның бәрі керек екен. Осы күні білім сапасы, жаңа технология, компьютер, интернет деген әңгімелер көп. Өзара әңгімеде айтып отырамыз: «дәл қазір Тәуелсіз Қазақстанның әр мектебінде бір-бір Зейнел Борамбаев болса, сол білім сапасы орнына келер еді, шетелге оқуға барып та керегі жоқ».

Жә, замандастар, сыныптастар, көз көргендер өзгермесе, қазіргі жастарға қаншалықты қызығы барын білмеймін, әйтеуір бір сәт өткенді еске алғанның өзі – ғанибет сияқты. Бәлкім, Зекеңнің бір кездегі шәкірттері оқып, өткен күннің белгілерін жаңғыртсын деген ниетіміз болар.

«Өмірге қалай да осыны істеймін деп келмейсің, адам болып жаратылған соң, міндетіңді атқарасың. а) Әуелі болмысыңды біл, яғни, әкелеріміз, аталарымыз танығанды танып алайық. ә) Өмірге аяқ басып, сезіміміз бен ойымыз жетпегенді, аңдамағанды, байқамағанды, ой қуатымыз жетпегенді таниық. Уа! Миллиардтаған жандар өмірге қадам баспай, өліп жатыр-ау». Бұл да Зекеңнің күнделігінен алынған.

Ендігі айтарымыз, «Тәуелсіздігіміздің отызыншы жылында сол Егіндібұлақтағы мектепке Зейнел Борамбаевтың атын беріп, алдынан мүсінін орнатсақ, сауапты іс болар еді» деп ойлаймыз. Облыс әкімі мен оның серіктері, қалап сайлаған депутаттарымыз қарсы болмас.

Сол мектепті 61 жыл бұрын бітіргендер:

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі,

Отан МАҚЫШЕВ,

медицина ғылымдарының канидаты, жоғары сыныпты дәрігер,

Төлеген АРКОНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мұғалім,

Сембек РАМАЗАНОВ,

Егіндібұлақ мешітінің имамы,

Ахмедия СҮЛЕЙМЕНОВ,

еңбек ардагері, мұғалім.