Ақыл, сезім, түйсіктің тайталасы

1988 жылдан бері әлемде 500-ге тарта түрлі ауқымдағы дағдарыс орын алыпты. Яғни, әрбір 25 күнде бір дағдарысты бастан кешіруде екенбіз. Әлемді қайтеміз, өз елімізге ие болып алайық деуге болады. Алайда, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың маңызды мүшесі. Бүгінгі таңда әлемнің бір елінде әлеуметтік шиеленіс туса, ол әлемдік өндіріске сөзсіз ықпал етеді. Қазақстан экономикасы
да жаһандық өндіріске тығыз кіріккен. Сондықтан, әлемдегі ахуал бізді еш бейжай қалдыра алмайды. Қалыптасқан ұстаным адамзаттың дамуын тұрақтылықпен байланыстырады. Алайда бүгінгі формула: «Тұрақсыздық – норма. Біз тұрақсыздық жағдайында жетістікке жетуге үйренуіміз керек» дегенге саяды. Бүгінгі күннің турбулентілігі бір алпауыттарды омақастырып, елеусіз елдерді алға шығаруы әбден мүмкін. Сондайда көш соңындағы соқыр түйе көш бастап та кетеді. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың болжамдары кері кетіп жатқанына куәміз.

Осы жағдайда «Президентті сайлауды кезектен тыс өткізу қаншалықты орынды, сайлауға дейін және кейін күн тәртібіне қандай мәселелер қойылады?» деген сауал алдымыздан шығады.
«Әлемдік ауқымдағы тұрақсыздық ахуалында бұған дейін қалыптасқан қалпымызды сақтаймыз, тұрақтылықтан айнымаймыз» деу ақылға сыймайды. Бұл жағдайларда тактикалар тым жиі, ал стратегиялар тез алмасып отыруы тиіс. Стратегиялық ойлау мен оперативтік-тактикалық ілкімділікті меңгере білу – қазіргі күннің аса маңызды талабы.

Хаос дегеніміз екі немесе одан да көп тәртіптердің қабаттас келуі. Бұл жағдайда бір стратегия жеткіліксіз болуы мүмкін, яғни тарихи бір сәттің өзінде екі немесе одан да көп стратегияға жүгінуге тура келеді. Сол себепті, бір өрістегі амалдарды тез, жылдам жасау қажет болса, енді бір майдандарда (салаларда) қолайлы сәт туғанша уақыт созуға, стратегиялық мақсаттарға жету үшін ішкі-сыртқы алуан түрлі саяси-әлеуметтік күштермен түрлі келісімдерге баруға, тиімсіз уағдаластықтарды орындауды созбалақтатуға тура келмек.

Алайда, менің білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз екені айқын. Сондықтан, дәл осы қадамдардың артында әлдебір стратегиялық ұстаным жатыр-ау, сырттай қисынсыз көрінген қадамдардың ішкі қисыны болуы тиіс деп өзімді жұбатамын. Түйсігім солай дейді.

Рас, бас көтеріп, айналамызға көз ашып қарасақ, әлемде, елде, аймақтарда небір қисынсыз жайттардың орын алып, ақыр түбінде бір арнаға құйылып жатқанына куә боламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы алған президенттік мандатының легитимділігі туралы түрлі пікір бар. Сол мандат аясында да Қасым-Жомарт Тоқаев біршама реформаға жол ашты. Қазір билік пен халық арасындағы көпірде қозғалыс көп. Енді сол қозғалыс тиімді де нәтижелі болса дейміз. Жалпы, сол 2019 жылдан бері елімізде небір-небір айтулы оқиғалар болды. Ішінде қаралысы да, қайғылысы да, ойрандысы да, қирандысы да жетерлік. Қазір ештеңені жасыра алмайсың. Біреуін бастан кешіп, жүрекпен сезіп үлгермей жатып, екіншісі сарт ете қалады. Біздегі қаңтар қасіреті Украина ақпанына ұласты. Кеңпейіл де жанашыр қазақ жүрегі оған да езіле үн қатуда.

«Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, Қазақстанның қолынан келсе, Ресей-Украин арасын татуластырып-ақ жіберер еді. Өз ішіміздегі түрлі түйткілді мәселелерді асқындырмай отыру үшін де небір амал-айла қажет. Ішкі саяси күштерді де сынақтан бір өткізіп алған жөн.

Президентті кезектен тыс сайлау науқанын мен осы тұрғыдан бағалаймын. Президент Қарағанды жұртшылығымен кездесуге келгенде мен де болдым. Жұмыс сапарының тығыздығынан ба, Президенттен басқа ешкімге сөз берілмеді. Сұрақ та қоя алмадық. Сөзі дұрыс-ақ. Елдің де, өңірдің де түйткілді мәселелері ел басшылығының назарында екеніне көз жетті. Әрине жария айтылатыны да, айтылмайтыны да бар.

Міне, енді Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалиция форумында сөйлеп, ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атады. Бірінші кезекте Тәуелсіздік айтылса, одан соң Жеріміздің тұтастығына елдіктің негізі осы деп баса назар аударылды. Хандықтар мен қағандықтардан бастау алған мемлекеттігіміздің мүддесіне қастерлі құндылық деп баға берілді.
Рухани үндестік – бірліктің бастауы ретінде айшықталып, заңдылық пен тәртіп өркениетті ел болудың кепілі делінген.
Алтыншы кезекте жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы, ал жетінші кезекте достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер деп аталды.

Қазақы дүниетаным сандардың үйлесіміне ерекше мән береді. «Бұған дейін де түрлі сандардың қасиеті мен киесіне елтідік, ердік. Отыз жыл опық жедік, енді алданбасақ» дейді халық.

Қазіргі рационалды ой құрсауына шырмалаған, прагматикалық ұстанымды, қатыгез мінез қоғамда тек ақылға ғана сүйене бермей, жүрек пен түйсікке де тиісінше орын беріп отырған жөн. Нассим Талеб айтқан «сынғыш – бүлінбес – шыңдалғыш» (хрупкость – неуязвимость – антихрупкость) – үштігі аясында жіктелген дүниелер (нәрселер, құбылыстар) туралы біліміміз күнде өзгеруде. Бұрын бүлінбес деген дүниелер сынғыш екен де, бұрын біз күресінге тастамақ болған дүниелер шыңдалғыш екен. Бұрын салқын сабырлы санаға сүйенсек, мына ауыспалы-төкпелі заманда ойланып та үлгермейсің, түйсікке де сүйеніп шешім қабылдауға тура келеді. Заманауи ілімдер солай дейді.
Мен де есеп-қисабы көп ақылға салсам, ойым онға бөлінеді, ал жүрек пен түйсікке салсам, Мемлекет басшысының істеп жатқан істері Қазақ елінің берекелі болашағына бастар құтты қадамдар деп түйемін.

Кезектен тыс сайлауда кім жеңсе де бұл құндылықтардан айналып өтіп кете алмасы анық. Әрине, ел басшысы айтқан құндылықтар аса маңызды. Дегенмен, айту бар да, оны орындау, іске асыру бар. Бірлік дегеніміз не? Бір ауыздың айтқанын мыңдаған қол іске асыруға жұмылса, бірлік деген сол. Айтқан ауыз дуалы болып, біз ұйымшыл қол бола аламыз ба? Мәселе, міне, осыған саяды. Демек, қазіргі реформалардың тағдыры, болашақтың кілті сіз бен біздің қолда.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры