7. ҚҰРМА: Миллион тауық мекені

Абай ауданындағы Құрма ауылы ел ішінде жұмыртқасымен танымал. Мұнда құс фабрикасы орын тепкен. Бірақ, фабрикада жұмыртқамен қатар, электр энергиясы өндірілетінін кім білген?! Қазақстандағы жалғыз биогаз станциясы жұмыс істеп тұр. Кәдімгі тауықтың қиын кәдеге жаратып отыр. Бұл – қолда барды ұқсатудың бір мысалы ғана. «Білетініміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз». «Қарағанды-Нан» корпорациясына қарасты «Агрофирма Курма» ЖШС қалдықсыз өндіріске ден қойғалы біраз жыл өтіпті…

ЖҰМЫС КӨП, КАДР ЖОҚ

Құрмадағы құс фабрикасы ертеден белгілі. Қарағандының брендтерінің біріне айналып үлгерді. Қазір мұнда шөже-мекиенін қосқанда миллион тауық бар. Бұл – фирма директорының орынбасары Юрий Кузьминнің сөзі.

Юрий Александрович фабрика өндірісін пандемияға дейін және кейін деп бөледі. Яғни, әлемдік экономиканың доңғалағына таяқ тыққан індет фабриканы да шайқай кетіпті. Сұраныс азайған, алыс-жақын шет елдермен қатынас тыйылған. Мәселен, бұрын Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан жұрты Құрманың жұмыртқасын жеп келген-ді. Былтырдан аталған елдермен байланыс жоқ.

Кадр тапшылығы күшейді. Індеттің кесірінен зейнет жасындағы жұмыскерлер фабрикадан кетті. «Зейнеткерлер – біздің басты тіреуіміз еді. Тәжірибелі, кез келген шаруаның тетігін біледі, – дейді Юрий Кузьмин. – Қазір зейнеткерлердің орнын басар маман таппай отырмыз. Слесарь, электрші, сантехник, құс күтуші, цех бастықтары жетіспейді. Әр бөлімшеде 5-6 адамның орны бос тұр».

Фабрикада жаңа жобалар жеткілікті. Құсқоралар тұрғызылып жатыр. Алайда, осы жобаларды жүзеге асыруға еңбек күші жетіспейді.

Жаңа жоба демекші, биогаз станциясы жылдар бойы қалыптасқан қажеттіліктен тұрғызылды.

 

ҚИ КӘДЕГЕ ЖАРАП ТҰР

Фабрика аумағына кірген сәтте жасыл түсті қос күмбез алыстан көзге ілігеді. Бұл – биогаз станциясы. Құстың қиынан энергия мен жылу өндіретін орталық.

Станцияның жұмысына Сұлтан Қаспақов жетекшілік етеді. Жас жігіт 2018 жылы ашылған орталықтың басы-қасында жүр.

Станция технологиясы қарапайым. Барлық құсқорадан жиналған қи станцияның бункеріне жеткізіледі. Бұдан әрі күмбездің астындағы ферментаторға өтіп, су қосылып, белгілі температураға қойылады. Және май шайқағандай шайқалады. Қоймалжың қоспаның иісіне кісі шыдауы мүмкін емес. Энергия өндіруге керегі де осы иіс, яғни газ. Газдың құрамында 85 пайызға дейін метан болады. Метан, өзіңіз білесіз, жанады. Ферментатордан жеткен газды генератор мазут жаққандай жағып, тоққа айналдырады. Фабрика алынған қуатты өндіріске жұмсайды. KEGOC компаниясына сатады.

Қи мол болса, энергия көлемі де арта түспек. Қазір сағатына 650-750 кВт өндіруде. Күніне 150-160 тонна қи жағады. Барлық құсқоралар салынып біткенде, қалдық көбейетіні сөзсіз. Яғни, станция өндірістік қуаты – сағатына 1 МВт-ты еңсермек.

Ферментаторларға шөккен шөгінді де пайдаға асып отыр. Диқандар тарапынан сұраныс баршылық. Дән сепкен қауым егістіктерде, баубақшаларда тыңайтқыш ретінде пайдаланады.

– Биогаз станциясының арқасында біз қоршаған ортаны ластауды тоқтаттық. Қазір сыртқа қи төгілмейді. Байқасаңыздар, бұрын маңайды алып кететін сасық иіс те жоқ. Станциядан өндірілген жылу да станцияның өзіне, құсқораларға жұмсалады, – дейді Сұлтан Қаспақов.

«Қалдықсыз өндіріске ден қойды» дедік қой жоғарыда. Жарылған жұмыртқаны да кәдеге жаратып келеді. Мәселен, дүкендерге барар жолда қираған жұмыртқаны қайта қабылдап алады. Кейін әлгі жұмыртқаларды цехта ұнтақтап, қапқа салады. Сөйтіп, жұмыртқа ұнтағы дайындалады. Бұл – мүлде бұзылмайтын өнім. Ресей тарапынан қызығушылық зор. Әсіресе, кондитер фабрикаларынан. Қойманы толтырып қойып, бірнеше жыл шетінен керте беруге ыңғайлы.

Өлген құсты да далаға лақтырып тастамайды. Кептіріп, үгітеді. Алынған ұнтақты құс жеміне қосады. Құнарлы жемнің тауықтардың тез көтерілуіне көмегі зор.

ҚҰСҚОРАДА ҚЫРАҒЫЛЫҚ ПЕН ТӨЗІМ ҚАЖЕТ

Құсқоралардағы қолқаны қабар иістен тұра безгің келеді. Бірақ, мұнда да өзіміз сияқты адамдар жұмыс істеп келеді. Бізді №3 құсқораның алдынан қарсы алған Салтанат Мақсұтова бірнеше жылдан бері тапжылмай тер төгіп келеді. Апай – құс күтуші.

Жалпы, фабрика балапанды өздері шығарғанды жөн көреді. Тауықтарды қолдан ұрықтандырады. Ал, жұмыртқаларды 30-35 күн инкубациялық машинада ұстайды. Фабрикада мұндай тоғыз машина бар. Әрқайсына 200 мың жұмыртқа сыяды.

Инкубатордан кейін балапандар 100 күн бойы арнайы қорада күтіледі. Жүз күннен соң жынысына қарай бөлініп, мекиендерді өндірістік аймаққа жіберсе, қораздарды сойып, дүкенге жөнелтеді. Салтанат Мақсұтованың айтуынша, көбіне жүз балапанның 10-15-і ғана қораз шығады.

Алайда, ара-тұра сырттан да балапан әкелінеді. Мәселен, жақында Ресейден «хайсэкс уайт» тұқымының 26 мың балапанын сатып алды. Өте өсімтал тұқым саналады. Біздің климатқа төзімді. Салмағы екі келіге дейін баратын мекиендер 65-70 грамм басатын жұмыртқа туады. Сынап бағаны нолден төмен түсіп кеткен жағдайда да жұмыртқалайтын қасиетке ие. Жылына бір мекиен 320330 жұмыртқа береді.

Қазір №3 құсқорада 40 мың тауық тұр. Тәулігіне екі мәрте жем шашылады. Су үздіксіз келіп тұр. Астын тазалау, жарық, жылу беру, желдету жүйелері автоматты желі арқылы басқарылады. Күтушілердің міндеті – техниканың ырғақпен жұмыс істеуін бақылау. Тек, иіске төзу керек. Және қырағылық қажет.

 

ЖҰМЫРТҚАНЫҢ ЖЕТІ САНАТЫ БАР

Құсқорадан жұмыртқа сұрыптау цехына конвейермен жеткізіледі. Цехта жұмыртқа жеті санатқа бөлінеді. Салмағына, көлеміне қарай. Қос машина күніне 650-700 мың жұмыртқа сұрыптайды.

Машиналар жұмысына осындағы қыз-келіншектер бақылау жасайды. Наталья Мамраева мен Зарина Кушпет есімді бойжеткендер сұрыпталған жұмыртқаларды санатына қарай жәшіктерге салып, қоймаға жөнелтеді.

– Бірнеше жылдан бері цехта жұмыс істеп келеміз. Жұмыс орнымыз жайлы, жылы. Жалақымыз уақытылы түсіп тұрады. Көңіліміз толады, – дейді Наталья Мамраева.

Жастармен иық тіресе фабрика ардагерлері де еңбек етуде. Бірі – ширек ғасырдан бері табан аудармай келе жатқан Базаркүл Шорина апай.

– Менің міндетім – жарылған, жарамсыз жұмыртқаларды іріктеу. Бұл жұмысты істеп келе жатқаныма жиырма бес жылдан асыпты. Зейнет жасына шықсам да қатардан қалмадым. Жұмысым ауыр емес. Үйде отырғаннан көпшіліктің ортасында жүріп, қимылдағаным өзіме пайдалы, – дейді апай.

Жалпы, фабрикада 300-ге жуық адам бар. Ауылдың 40 пайызы осында. Облыс орталығынан, маңайдағы ауылдардан қатынайтындар да бар. Басым бөлігі жастайынан өмірін фабрикамен тығыз байланыстарған жандар. Жасөспірім шақтан құс тасып, майда-шүйде жұмыста жүргендер. Қолқабысы үшін тиын-тебен алады. Қаршадайынан құсқа жақын өскен бала есейгенде қайта оралады. Қазір фабрика балалар арасынан маман даярлауға баса көңіл бөліп отыр.

ТУҒАН АУЫЛ ТҮТІНІ ЫСТЫҚ

Фабриканы бізге энергетик Аслан Мұқатаев таныстырды. Жас жігіт. Өз ісінің білгірі. Кәсіпорынға қатысты кез келген дүниені жілікше шағып тұр. Жергілікті қазақтың баласы. Диплом алып, ауылына қайтып келген. Қазір білімінің, білігінің арқасында басшылық қызметте жүр.

Әңгіме арасында сыр суыртпақтадық. «Сіздікіндей дипломмен, тәжірибемен алып зауыттарға барып, миллиондар табуға болар еді…» дейміз…

Аскең қысқа қайырды: «Жігіттер, туған жерімізде біреуіміз қалуымыз керек қой. Біз үшін бөтеннің басы ауырып, балтыры сыздамайды».

Туған жердің түтіне жылынған жігіт. Отанды сүюдің қарапайым үлгісін танытып жүрген азамат…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ