Бас тақырыпЖаңалықтар

«7-20-25»: Жас отбасы баспаналы болды

Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы қарағандылық жас отбасы баспаналы болды. Өткен бейсенбі күні Владимир Осинцев «Банк ЦентрКредит» АҚ Қарағанды филиалында жеңілдетілген ипотека рәсімдеп, жеке пәтерінің кілтін алды. Ол – Қарағанды облысында аталмыш бағдарлама арқылы баспаналы болған алғашқы адам.

Владимир Осинцев осыдан бес жыл бұрын үйленген. Бес жастағы қызы бар. Жас отбасы осыған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Баспаналы болудың оңтайлы жолын іздеп, ел нарығындағы ипотекалық бағдарламалардың барлығын саралап шығыпты.

– Бұл бағдарлама туралы жаңалықтардан білдім. Өзіміз тұрып жатқан ауданнан пәтер де таптық. 72,5 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтердің құны 15 миллион теңгеге шықты. Несиені толық төлеп біткенде үстеме ақысына 16 миллион теңге қосылады. Айлық төлемі – 85 мың теңге. Жалдамалы пәтер үшін айына 100 мың теңге жұмсайтын едім. Оған қарағанда бұл әлдеқайда тиімді, әрі түбінде пәтер өзімде қалады, – деді Владимир Осинцев.

«Банк ЦентрКредит» АҚ филиалының қызметкерлері баспаналы болған жастарды құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады. Филиал директорының айтуынша, қазір жеңілдетілген ипотека алуға ниетті алты азаматтың өтініші қарастырылуда.

 «7 – 20 – 25» бағдарламасы алғашқы күннен бастап қоғамның қызу талқылауына түсті. Әлеуметтік желі белсенділерінің арасында сыни пікір жазып, қарсылық білдіргендер де бар. Олардың айтуынша, Еуропа елдерінде ипотекалық несие 2-3 % – бен беріледі. Ал бізде ше? 25 жыл үшін 7% тым көп емес пе? Осы сауалды «ЦентрКредит» банкінің Қарағанды филиалының директоры Роза Сыздықоваға қойдық. Көңілге қонымды жауап алдық.

– Қазақстан нарығында «7 – 20 – 25» бағдарламасы тәрізді қолжетімді ипотекалық бағдарлама жоқ. Бізде бұрын соңды несиені 7%-бен беру тәжірибесі болмаған. Ал, еуропалықтар немесе америкалықтар туралы айтар болсақ, шетелдерде несие беру тәртібі өзгеше, әрі олардың тарихы тереңде жатыр. Қазақстанның нарықтық экономикаға өтіп, банк секторының пайда болғанына ширек ғасыр ғана болды. Нарық үшін бұл тым аз мерзім. Сондықтан да, үкіметтің бұл бастамасы қарапайым тұрғындар үшін қолайлы болмақ. Әрі несиені 25 жылға рәсімдеу туралы міндеттеме жоқ. Тұтынушылар өздерінің төлем қабілеттіліктеріне қарай мерзімін таңдайды. Кейін мүмкіндігі болса, ерте жауып тастауларына немесе мерзімін қысқартуларына болады. Ол үшін қосымша ақы алынбайды, – деді Роза Сыздықова.

«7 – 20 – 25» бағдарламасына еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Басты талап – атында жылжымайтын мүлік болмауы керек және табысын растауы тиіс. Жатақханадағы бөлме мен апатты үй жылжымайтын мүлік санатына жатпайды, яғни, ондай баспанасы бар азаматтар да жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдеуге өтініш білдіре алады.

 Қарағанды қаласында аталған бағдарламаның аясында келесі мекен-жайдағы үйлерден пәтер алуға болады: Тәттімбет көшесі, 5б үй., Приканальный көшесіндегі «Жайлы үй» және Ержанов көшесіндегі «Green City Park» тұрғын үй кешені. Сондай-ақ, «Көгілдір тоғандар», «Степной» ықшам ауданындағы, Ермеков көшесіндегі, Карбышев көшесіндегі және С.Сейфуллин даңғылындағы құрылыс нысандары да «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша беріледі.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button