Мөп-мөлдір мұңға айналдың…

Сағыныш бәрі сол шақтың,
Керемет күндер қайда әлгі?
Мөлт еткен көзде моншақ мұң
Мөп-мөлдір әнге айналды…
Бұл – Қайрат ақынның бір кезде шабыты шалқығанда төгілген өлеңі. Дәл осылай лықсыған лирика әсем әнге айналды. Қалықтап тым биікке көтеріліп, ақбауыр бұлттармен араласты…
Осы бір өлең шумағы – Қайраттың өзіне-өзі қойған ескерткіші. Басындағы құлпытасына да осынау мұңды сөздері қашалып жазылыпты. Жалпы, «сағыныш», «мұң», «жалғыздық», «жатсыну» дейтін ұғымдар лирик ақынға үйір ғой. Қайрат 16 жасында мынадай өлең жазыпты:
Ауылыма кетем, бауырыма жетем
мен ертең,
Сағынған шығар адырлар, қырлар,
кең өлкем.
Қалам деп мұнда, толар деп мұңға
жанарым,
Жабыға көрме, қамыға берме сен,
еркем!
Ауылыма кетем мен ертең…
Кәмелетке толмаған түбіт мұрт бозбала қыздан басқа, махаббаттан өзге не ойлаушы еді?.. Ал, біздің Қайрат сол бозала таңда, бозбала шағында-ақ терең ойларға, күрделі пәлсапаға барған екен. Туған жердің тартылыс заңын, тербеліс сағымын жырға қосып, тылсым дүниені түртіп оятқандай…
1994 жылы «Шипагер» медициналық газетіне «Жас жүрек жайып саусағын» деген айдармен бір топ жас ақынның жаңа туындыларын жарыққа шығардық. Сол басылымда Қайраттың осы өлеңі де жарияланды. Кейін бұл өлеңге Ерлан Төлеутай ән жазды.
Қайрат ақынның мұнан басқа да тәуір өлеңдері, қуатты жырлары жетерлік. «Дауыс» атты жыр жинағын аша қалсаңыз, мөп-мөлдір өлеңдер айдыны алдыңыздан шығады. Осы «Дауыс» жарыққа шығар алдында бір қызық болды. Қайрат маған телефонмен: «Әлаға, мен жыр жинағымды шығарайын деп барлық өлеңімді жинап жатырмын. Сіздің архивіңізде менің бұрынғы шыққан өлеңдерім бар ма? Кейбірі өзімде де сақталмапты…» – деген еді. Сонан архивімді ақтарып біраз өлеңін тауып алдым. Соның бірі – «Замандас» газетіне шыққан «Менің Қазақстаным!» деп аталатын ұзақ өлеңі. Поэма десе де болады. Газеттегі осы шығармасын Қайратқа көрсеткенімде, ол қатты қуанып: «Бұл менің мектеп бітірердегі шығарманы өлеңмен жазған туындым ғой. Шіркін-ай…» – деп таңғалып еді.
Қайратпен көп араластық. Кейінгі отыз жылдың көлемінде жиі кездесіп жүрдік. Сол әртүрлі отырыстардың бәрінде де Қайраттың жұлдызы жарқырап, бәрімізден бәсі биік болып көрінетін. Әңгімеге де, өлең-жырға да ағыл-тегіл еді. Қара сөзге келсе – әзіл-қалжыңмен өретін, өлең десе – өзінікін де, өзгенікін де төгілдіріп өтетін. «Қайран достар!» дейтін өлеңін жиі оқытатынбыз. Осы өлеңін өзімізге арнағандай сезінуші едік. Әр отырыста міндетті түрде сол өлең оқылатын. Бір ғажабы – Қайрат көп өлеңін жатқа оқитын. «Дауыс» жинағына енген «Түнгі ауыл», «Түнгі Қарағанды», «Алаш анатомиясы», «Бас», «Сен жетші, Муза!», «Қанатты періште», «Махамбетше» және тағы басқа бірнеше жауhар жырларының алғашқы оқырмандары біз болып едік. Бір жаңа өлеңі жазылса, әуелі бізге әкеп оқып беретін. Бас қосып, көңіл шалқыған көп отырыста ән әуелеп, жыр шалқып жатушы еді-ау, шіркін! Ол да бір дәурен екен ғой…
Мен өзім Иса Байзақов, Қасым Аманжолов секілді дауылпаз ақындарды көргенім жоқ. Олар жайлы жазылған ел естеліктерін, деректі жазбаларды оқи отырып, сол екі тұлғаның жүріс-тұрысын, өнер мен өлеңге деген махаббатын, тіпті, кейбір шалт қимылдарын, суырыпсалма өлең шығаратын қасиеттерінің бәрін біздің Қайратымыздың бойынан да, ойынан да байқайтын едім. Қайраттың шапшаңдығы, ағыл-тегіл ақындығы, ой тереңдігі, әзіл-қалжыңға құмарлығы – бәрі-бәрі сол екі сұрапыл суреткерді көз алдыма алып келетін. Кейде бір көңіліміз құлазып, жалғызсырағанда ақын бауырымызды іздеп, «Қайратым қайда, келші осындайда…» деуші едік. Ондай сәтте Қайрат оқтан да жылдам болып жететін. Келе сала әзіл-қалжыңымен көңілімізді көкке көтеретін. Әсіресе қаламгерлер, өнер тарландары жайында неше түрлі күлдіргі әңгімелерді көп білуші еді. Біраз өлеңі осындай отырыстарда дүниеге келген секілді. Бірде жазатын қағаз табылмай қалды ма, үстел үстіндегі салфеткаға мынадай өлең шумағын қалдырыпты. Сол салфеткада сақталып қалған бір шумақ:
Интернаттың баласы едік… бұла күй,
Демалыста тай үйретіп, ат баптар.
Көзімді ашсам – туған ауыл, туған үй,
Тысқа шықсам – алғаш жауған
аппақ қар…
Бұл кезекті бір өлеңінің басы сияқты. Кейін жалғасы шықты ма, шықпады ма, білмедім…
Қайратта нағыз ақынға тән еркіндік бар еді. Еліне еркелеп жүрді. Талантты ақын өзінің қарапайымдылығымен де бізді таңғалдыратын. Дүние-байлық, атақ-даңқ дегендерге еш қызықпады. Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысатын. Ақкөңіл, ақжүрек арда азаматты достары түгілі, жаңа ғана танысқан бөгде жандардың өзі жақсы көрді. Ол жалындап, жанып жүрді. Үнемі қозғалыста, асығып жүретін… Ақын-тағдыр ғой маңдайға жазылған… Жазмыш!
Қайран сол күндер… Алыстап кетті ғой… Ақын бауырымыз аппақ құсқа айналып тым алысқа, зау биікке ұшып кетті… Жүрегімізде жарқын бейнесі мен мөлдіреген өлеңдері қалды. Мөп-мөлдір мұңға, сарыала сағынышқа айналған Қайратжан-ай!..
Ақынның ендігі өмірі өзінің өлеңдерінде өмір сүреді. Өміршең өлең-жырлары жалындап мәңгілік ғұмырға айналып барады…
Қош…дос, әріптес, қайран бауыр, қайран ақын…
Рухың шат болсын!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ



