Баған

Мылқаулықтың салдарына үңіліп көрдік пе?

Былтыр бір құдалық басқардым. Үйленген жұп сөйлей алмайды екен. Жігіттің әке-шешесі де сөйлемейді. Ал, қыздың ата-анасы сап-сау. Құдалыққа жиылған 50-60 адамның тең жартысы сөйлей алмайтын кемтар жандар болды. Осы бір ерекше кештегі алған әсерім есімнен кетпей қойды…

Негізі байқап қарасақ, дені сау адамдар да кейде сол мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты ыммен сөйлеседі. Мәселен, тілі шықпаған баламен ымдап тілдесеміз. Кейде ауырып, сөйлеуге әл-дәрмен жетпегенде ымға жүгінеміз. Сондықтан да, ыммен қарым-қатынас жасайтын адамдарды кемтар жан деуге аузым бармайды.

Бір-бірімен ымдап сөйлесіп жатқан қонақтарды көріп, «Ымды білмеген, дымды білмейді» деген халық даналығы оралды ойыма. Тілі сайрап тұрса да, аузынан жөнді сөз шықпайтын адамдарды да бір ойлап қойдым…

Үйленген жігіт пен қыз екеуі де спортшылар екен. Өн бойларында бір мін жоқ. Көңілдері көтеріңкі, көздерінде от бар. Бір кемшілігі – сөйлей алмайтындығында.

Екеуіне қарап отырып, мылқаулыққа қимадым басында. Кейін «мынадай өмірге құштар, айналасына нұр шаша алатын жандарға» сөйлеу де қажет емес-ау?» деген ой сап ете қалды. Дегенмен, он екі мүшеңнің түгел болғанына не жетсін?!.

Олар негізінен өздері сияқты мылқау жандармен араласады екен. Ал, мына отырыс сөйлей алатындар мен кемтар жандарды өзара жақындатып, екі әлемнің бір-бірін түсінуге болатынын аңғартты.

Менің байқағаным, мүмкіндігі шектеулі жандар жағы белсендірек болды. Сөздерімді аудармашы арқылы түсініп, өз эмоцияларын аямады. Қойылған сұрақтарға да өте белсенді жауап беріп, тойдың қызықты өтуіне атсалысты. Би өнеріне жақын екен. Бар сезімдерін көздерінен оқып отырдық.

Ал, дені сау ағайындар көбіне соларды қолдап, тыңдады. Өйткені, үйленіп жатқан жұптың достары мен ата-анасының отбасылық жолдастары сөйлей алмайтын қонақтар қатарында болды. Яғни, той – солардыкі.

Тағы бір ұққаным, олардың арасында сөздің бас жағын ғана айтатындары, яғни, шала сөйлейтіндері де болады екен. Сөйлеп жүріп, сөйлемей қалатындарының жайы бөлек. Ал, ым тілін жетік меңгерген аудармашы мамандар өте сирек көрінеді.

Тойдың алдында жігіттің Шығыс Қазақстаннан екенін естіп, іштей күрсінгенмін. Сол, баяғы радиацияның зияны болар деген ашу аралас өкініш көкірегімді қарып өткен еді.

Тойдағы үзілісте аузы дуалы ақсақалдармен тілдесіп, мылқаулық тек қана табиғи экологиялық зияннан ғана болмайтынына көзім жетті. Ол өз денсаулығына немқұрайлы қараудан да болады екен. Жеті атаға жетпей үйленудің де салдары болуы ықтимал көрінеді. Ер азаматтар жас кезінде денсаулығын сақтамаса, қыздар тұрмысқа шыққан соң, аяғы ауыр кезеңде күтінбесе де осындай мүгедек баланың тууына себепкер болуы мүмкін екен. Бұл пікірді білікті дәрігер-хирург танысым да растады.

Қазақтың жеті атаға жетпей қыз алыспай, қан тазалығын сақтайтын тектілігіне амалсыз бас шайқайсың, осындайда. Барлық сұрағыңа жауап тауып береді бабалар танымы.

Естуімше, ала шапанды ағайындарда ыммен, қимылмен сөйлесетіндер әлдеқайда көп болады екен. Ал, олардың ағайынның арасы суымасын деп, алысырақ туысқа үйлене беретінін білеміз. Осы кештен кейін мылқаулық тұқым қуалайды десек те, оның алдын алуға болады екен деген ой түйдім.

Не десек те, қысқа ғұмырда бабалар дәстүріне сүйенген жөн екен. Бұрын аса мән бермеппін…

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button