Теміртауды толғантқан жайт көп
Биыл Теміртауда инженерлік желілерге баса назар аударылады. № 2 және 3 жылу магистральдарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Мичурин көшесіндегі суағарда жөндеу жұмыстары басталады, ол 40 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Ақтау кенті мен Соцгород су құбыры желілерін қайта жаңарту қарастырылған. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің халықпен кездесуінде Теміртаудың одан әрі дамуы талқыланды. Жоспарлар баян етіліп, тұрғындармен ашық диалог орнатылды. Тұрғындарды бірінші кезекте ТКШ, газдандыру, жолдарды жөндеу және аула аумақтарын абаттандыру алаңдатады.
Теміртау әкімі Қайрат Бегімовтың айтуынша, ЖЭО-2 жетінші қазандығының құрылысы жалғасуда. Оны 2023 жылдың ортасында пайдалануға беру станцияның жылу қуатын және жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Теміртауда былтыр басталған газдандыру жалғасуда. Бүгінгі таңда 572 абонент орталық газға қосылу үшін техникалық мүмкіндік алды. Биыл бір мезгілде үш іске қосу кешенінің құрылысы басталады.
Қалада тұрғын үй құрылысы өсті. Биыл төрт көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Кезекте тұрған 200-ден астам адам пәтер алады. Сондай-ақ, кезектілік тәртібімен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бөлінетін болады. ЖТҚ-ға арналған алаңдар электр және су желілерімен қамтамасыз етіледі.
Балаларға көшеде ыңғайлы болу үшін Теміртау мен Ақтау кентінің 50 ауласында ойын алаңдары орнатылады. Тұрғындар мердігерлердің сапасыз жұмысына шағымданды. Аймақ басшысы қала әкіміне сан қумай, сапаны бақылауды күшейтуге кеңес берді. Автомобиль жолдарының жағдайы да халықтың наразылығын тудырады.
– Жақында бюджетті нақтылауда жолдарды жөндеуге 2,2 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінді. Бұл ақшаға қала жолдары мен Ақтау кенті ретке келтіріледі, – деді Қайрат Бегімов.
2023 жылы Металлургтер даңғылы мен Мичурин көшесіндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала ішінде соңғы төрт айда 80 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Кездесуде айтылған мәселелердің көбісі ТКШ байланысты болды.
Облыс әкімі бұл мәселелерден хатпен жауап берумен айналыспай, нақты тақырыптар бойынша жергілікті жерлерге барып, қала тұрғындарының мәселелерін шешуді тапсырды.
– Шынында да, билік халыққа жақындай түсті. Біз барлық сұрақтарымызға жауап алдық, – деді кездесуге қатысушы Екатерина Онучина.
– Мәселелер шешіледі деп үміттенеміз. Ақтау кентіне де назар аударғанына қуаныштымын.
Кездесу соңында Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.