Президент тапсырмасын орындай отырып...

Қорасор қайта жанданбақ

Арқа өңіріндегі мәдени рухани маңызы зор, ірі маусымдық сауда-саттық орталығы болған Қоянды жәрмеңкесі жұртындағы Қорасор қайта жанданбақ. «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» көлде балық шаруашылығы дамиды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында аргоөнеркәсіп кешенінің маңызды саласының бірі – балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Шындап кіріссе төрт түлік қана емес, балық өсіру де пайдаға кенелтетін кәсіптің түрі. Ауыл іргесінде орналасқан Қарасор көлінің арнасы жыл сайын ұлғайып келеді. Көл суының молаюынан балық пайда болып, ел ырысын еселеуде. Балшығын маңайдағы шипажайлар емге пайдалануда. Көлге Талды, Қарасу, Қордабай, Жандар деп аталатын төрт өзен құйғанымен, ешқайсысы сыртқа ағып шықпайды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлге балықтың пайда болғанына да 10 жылға таяу уақыт өтіпті. Ауыл халқының күнкөріс көзіне айналған мөңке, тұқы, алабұға, сазан сияқты балықтардың орташа салмағы 3-4 келіден 16 келіге дейін басады. Балықшылар көбіне ау құрады. Жаз мезгілінде түсім мол. Балық аулауды кәсіп еткендердің басым бөлігі қауіпсіздік шараларын ескермейді. Бір қынжылтатыны балық аулағанымен қалпына келтіру мен азықтандыру жұмыстары жүргізілмейді. Уылдырық шашатын мезгілде де балық аулау тоқтаған емес. Сарқылатын байлық түріне жататындықтан балықты бейберекет аулау алдағы уақытта қауіп төндіруі мүмкін еді…

Алайда, Қоянды ауылының тумасы, меценат, туған жерінің туын биік ұстап, қамқорлық танытып жүрген кәсіпкер азамат Нұрлан Қалтаев Қарасорға да қамқорлық таныту керек деп шешіпті. Құрылтайшы ретінде, балық шаруашылығын дамытып, балықтың да байлық көзі екенін, әрі халықтың кәдесіне жарап, ауылдың әлеуметтік әлеуетін көтеретін кәсіпорын ашуды қолға алды. Мемлекеттік конкурс арқылы көлді 10 жылға жалға алып, арнайы бизнес жоба дайындаған.

– Білген адамға балық та байлық көзі. Алайда, бұл шаруаны дамыту аймағымызда кенжелеп қалған. Себебі, балық шаруашылықтары аз. Ал онымен айналысатын білікті мамандар жоқтың қасы. Міне, осындай олқылықтардың орынын толтыру, әрі ауыл іргесіндегі көлді кәдеге жарату үшін бірқатар жұмыстарды қолға алудамыз. Ауыл халқының ырысын еселеп отырған шаруашылыққа иелік етіп, әрі жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтимыз. Алдағы уақытта шаруашылықтың қуаттылығын арттырып қана қоймай, балықты көбейту жолын да жіті назарда ұстамақпыз. Кешенді жоспар жасалды. Шаруашылық жұмысы ауқымды. Басты мақсат, балық шаруашылығын дамытып, дұрыс жолға қою, – дейді кәсіпкер.

Көлде тек балықты пайдаға ғана жаратып қоймай, аквамәдениетті де қалыптастыру көзделуде. Балық шаруашылығын дамытуда барлық құрылымдарды ескере отырып, заманауи кешен салу жоспарда бар. Көлге балық шабақтарын жіберу, уылдырығынан алынған дернәсілдерді өсіру, балық түрлерін көбейту, өңдеу цехы жұмысын жандандыра отырып, балықшылар мектебін қалыптастыру жұмыстары қолға алынбақ. Салқындатылған, мұздатылған, ысталған балық түрлерімен қатар, стейк және қызыл уылдырық өнімі шығарылмақ.

– Жалпы, шаруашылықты дамытуға 1 млрд. 850 млн. теңгеге 5 жылдық кешенді жоспар жасалды. 100 адамды жұмыспен қамтуға қабілетті. Бүгінгі күні офис менеджер, есепші және қоймашы жұмыс жасауда. Шаруашылық бағытына сай бірнеше цех салынады. 70 млн. теңгеге көршілес Ресей елінен шабақтар сатып әкеліп, көлге жібермекпіз, – деп «Қарасор» балық шаруашылығының директоры Ерлан Кәріпбаев алдағы жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ, балшығын емге пайдаға жарату мақсатында көл жағасында шағын шипажай салу жоспары тұр. Кәсіпкердің балық шаруашылығын дөңгелетіп, ел игілігіне дұрыс пайдалану жолында қолға алған ісі қуантады. Кәсіп жасау дұрыс, бастысы тіршілік иесіне адамзаттың зияны тиіп кетпесе болғаны. Бұл да кәсіпкердің назарынан тыс қалған емес. Балық бизнесін берекелі кәсіп көзіне айналдырып қана қоймай, қоршаған орта қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік жауапкершілікті сезіну әрі экономикалық тиімділігін арттыруға жұмыла жұмыс атқармақ.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button