ІРО: мұнай — ортақ игілік

9 қарашадан бастап «ҚазМұнайГаз» акцияларын ІРО арқылы саудаға шығарды. 2 желтоқсанға дейін 30 миллионнан астам жай акция жаңа қожайынын табуы тиіс. Іс-шара Үкіметтің Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асып отыр. Аталған компания Қазақстан қоғамы үшін таңсық емес. Бұған дейін де бірнеше отандық компанияның акциясы сатылған еді. Тәжірибе бар. Дегенмен, бүгінгі науқанның механизмі қандай?

ҚазМұнайГаз

ІРО бізге таңсық емес

ІРО – ағылшынша «Initial Public Offering». Яғни, бастапқы жария орналастыру. Қаржысын тарта отырып халықты экономикаға белсенді араластыруды, тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруды көздейді.

ІРО елімізде алғаш рет 2012 жылы жүзеге асты. Жыл аяғына таман «Самұрық-Қазына» АҚ «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын сатылымға шығарды. Компанияның 38 463 559 жай акциясы ұсынылды. Бір акция 725 теңгеге бағаланды.

Сатып алу үрдісі отандық жинақтаушы зейнетақы қорларына жазылым арқылы жүргізілді. Мұнда бөлшек инвесторлар орналастырылған акциялардың 79,1%-ын иеленді.

2014 жылдың 18 желтоқсанында «KEGOC» АҚ-ның 25 999 999 акциясы сатылды. Әр акция құны 505 теңге болды.

2018 жылдың қарашасында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 38 694 708 депозитарлық қолхаты мен акциясы сатылды. Бұл – компания акциясының 14,92 пайызы. Депозитарлық қолхат бағасы – 11,6 АҚШ долларын, акция бағасы 4 322,74 теңгені құрады.

Бүгінгі ІРО екі жыл бұрын қабылданған Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жолға қойылды.

Сондай-ақ, жоспарда 2025 жылға дейін бірнеше ірі компанияның акцияларын сату көзделуде. Бұл қатарда «Эйр Астана» АҚ (2023-2024 жж.), «KEGOС» АҚ (2023-2024 жж.), «Самұрық-Энерго» АҚ (2023-2024 жж.), «QazaqGaz» АҚ (2024-2025 жж.) және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (2025 ж.) бар.

Сатып алу тетігі қандай?

«ҚазМұнайГаз-дың» 30 505 974 акциясы сатылады. Бұл – «Самұрық-Қазына» қоры иелік ететін 90,42 пайыз акцияның 5 пайызы. Қалған 9,58 пайызы – Ұлттық банктің еншісінде.

Бір акция құны – 8406 теңге. Түскен қаржы Ұлттық қорға құйылады. Қызығушылар тарапынан өтінім қабылдау 9 қарашада, Астана уақыты бойынша сағат 12:00-де басталды.

Институционалды инвесторлар 30 қараша күнгі сағат 18:00-ге дейін акцияға қол жеткізе алады. Ал, бөлшек инвесторлар үшін сауда 2 желтоқсан күні сағат 15:00-де жабылады.

Акцияны сатып алу жүйесі де қарапайым. Әуелі брокерді таңдайсыз. Брокер дегеніміз биржа мен инвестор арасындағы делдал. Яғни, сіздің атыңыздан тапсырмаңызға сәйкес жұмыс жасайды. Брокерді Қазақстан қор биржасынан (КАSЕ) немесе Астана халықаралық биржасынан (AIX) табуға болады.

Сондай-ақ, онлайн брокерлердің мобильді қосымшаларының қызметіне жүгінуге болады. Бұл ретте Halyk Invest, Freedom Broker, BCC Invest, SkyBridge Invest және Tabys қосымшаларының көмегі тиеді. «Қазпошта» бөлімшелері арқылы да өтінім жіберуге мүмкіндік бар. Брокер таңдалған соң брокерлік шот ашып, ақша салу қажет.

Брокерлік шот – бұл бағалы қағаздар мен ақша қаражатын сақтауға арналған шот.

Бұдан кейін брокер сіздің тапсырысыңыз бойынша сатып алу шараларын жүргізеді. Комиссия әр брокердің белгілеген мөлшеріне сәйкес алынады.

Тағы бір назар аударатын мәселе, Tabys қосымшасы арқылы акциялардың биржалық сауда-саттығына қатыса алмайсыз. Акцияларды келешекте сату үшін брокерлік шот ашу қажет.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қаржы департаментінің жетекші маманы Дархан Айдарбековтің айтуынша, дивиденд 200 млрд. теңгеден кем түспейді.

– Қазіргі болжам бойынша дивиденд 200-250 млрд. теңгеден аз болмайды. Бірақ, IPO-дан кейін үш жыл бойы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 70 доллардан төмендемеуі шарт. Жылына бір рет төленеді. Ал, егер мұнай арзандап кетсе, жылдың басында өтетін акционерлер отырысында дивиденд сомасы бекітіледі, – дейді маман.

Ең азы бір акция сатып алуға болады. Ал, молынан аламын десеңіз, қолыңыздан ешкім қақпайды.

Айта кетейік, қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрамына «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қазақтүрікмұнай», «ҚазМұнайТеңіз», «Өріктау», «Маңғыстаумұнайгаз» (50%), «ҚазГерМұнай» (50%), «Қаражанбасмұнай» (50%), «Қазақойл Ақтөбе» (50%), «ПетроҚазақстан Инк» (33%) кәсіпорындары мен Теңіз (20%), Қарашығанақ (10%), Қашаған (16,88%) кен орындары енеді. Бұдан бөлек, тасымалдау желілері, мұнай өңдеу зауыттары компанияға қарайды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz