Білімнің бірегей БРЕНДІ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» халықаралық стипендиясы еліміздің білім саласы брендіне айналып үлгерді. Тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекетке білімді мамандар керек еді. ТМД елдері ішінде жастарға шетелде білім алу мүмкіндік жасаған алғашқылардың бірі біздің ел болды. Содан бергі 27 жылда 13 мыңнан астам адам алысжақын шет елдерге барып, білім қоржынын толтырып қайтты. Алды түрлі саладағы жұмысқа араласып кеткен. Солардың бірі білім мен жаңашылдыққа талпынып, мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана алған Гүлшат КЕМЕЛОВА өз білгенін қазір өзгеге үйретіп жүр.

Гүлшат Сейітмұратқызы бүгінде Қарағанды медицина университетінің симуляциялық технологиялар орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы. Бірақ, бұл ғылыми атақты ол «Болашақ» стипендиясының иегері атанбай тұрып қорғаған.

– Мен «Болашақтың» 2013-2014 жылғы түлегімін. Сол уақытта таңдауым Малайзиядағы Медицина университетіне түсті. Әуелі тіл меңгердік, кейін тікелей медициналық білім алдық. Бар қиындықты отбасымның қолдауы арқасында жеңіп шықтым. Ол кезде 3 жастағы қызымды тастап кету оңай болған жоқ, – деді ол ағынан жарылып.

Тиісті емтихандарды тапсырып, қорытындылары шыққан кезде өткендер тізімінен өзін оқып, таң қалғанын да жасырмады.

– Жаңашылдық енгізіп, білім беру ісінде өзгеріс жасағым келді. Сондықтан, шетелге баруға шешім қабылдап, соған бел будым. Бірақ, ішімде сенімсіздік басым болды. Себебі, мен ол кезде 40-тан асқан едім. Оның үстіне, қоғамда «Болашаққа» жайдан-жай іліге алмайсың» деген стереотип қалыптасқан. Стипендиаттар арасынан өз аты-жөнімді оқыған кезде қатты қуандым. Сонда адамның ниеті болса, бәрі де мүмкін екеніне көз жеткіздім. Қазір де жастарға осыны айтып жүремін. Мен осыншама жасымда бардым, ал жастар бұдан да зор жетістікке жете алады, – дейді Гүлшат Сейітмұратқызы.

Айтуынша, шетелдегі «болашақтықтардың» бас қосулары тіптен бөлек. Ол уақытта Қазақстанды аса біле қоймайтын кез.

– Қазақстаннан жиналған жастар бірігіп, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, барлық мерекелерді қазақи салт-дәстүрмен атап өтетінбіз. Бірге оқып жатқан адамдар да сонда біздің мәдениетімізге, біздің тегін оқып жатқанымызға таң қалатын. Бөтен жерде біздің елімізден барған әр адам бауырың сияқты жақын болады екен. Танымасаң да бірден араласып кетесің, – деді.

Нағыз еңбек елге оралғаннан кейін басталды. Оқып, көңілге тоқығанды басқаға үйретуден бөлек, үйрету үшін жағдай жасау қажет еді. Бұл ретте өзі жұмыс істейтін университет басшылығынан көрген қолдауы үлкен сеп болыпты.

– Біздің басшымыз – жаңашыл адам, – дейді Гүлшат Кемелова.

– Ол жаңаның барлығын қолдауға әзір. Осының арқасында мен ойымдағын жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Студенттерден басқа әріптес оқытушыларға да жаңа әдіс-тәсілдер туралы түсіндіріп, оқытуды басқа деңгейге көтердік.

Қазіргі таңда өзі құруға мұрындық болған «Жас мұғалім мектебі» тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін тәжірибе алаңына айналды. Университет оқытушыларына оқытудың тиімді мәселесі бойынша кеңес беріп, шеберліктерін шыңдауға жәрдемдеседі. Өзі де шетелдік мамандармен бірге шетелде баяндамалар жасайды, оқыту семинарларын өткізеді. Бір патент, 6 зияткерлік меншік және 81-ден астам баспа жұмысының авторы 2018 жылғы «100 жаңа есім» жобасының лауреаты атанды. Бұл – еңбектің жемісі, кәсібиліктің белгісі.

Биыл «Болашақ» бағдарламасының іріктеу тәртібі едәуір артқанын да айта кеткен жөн. Басымдық сапаға беріледі. Бұдан былай бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында оқуға шет тілін жетік меңгерген үміткерлер ғана іріктеледі. Яғни, бұрынғыдай алдын ала тілдік курсқа жіберілмейді. Елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Осы бағытта «Болашақ» бағдарламасының түлектері ел дамуының негізгі көзі болады деп үміт артамыз. Сондықтан, кім не десе де «Болашақ» бағдарламасы болашағымызға жасалған инвестиция болып қала бермек.

Жансая ОМАРБЕК.