Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Субсидиялау реформасы: фермерлер пікірі ескеріледі

Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет субсидия береді. Дегенмен, субсидия беруде де жемқорлық орын алуда. Келешекте сыбайластыққа балта шабар жол қайсы? Фермерлерді не алаңдатады? Субсидия кімдерге беріледі және қандай мақсатта? Осы мәселелерді ортаға салған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен арнайы жиында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ фермерлер айтқан талап-тілектерді қағазға түртіп алды.

– Субсидиялау, фермерлерімізге, тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша көптеген мәселелер жинақталды. Өз мәселелеріңізді, ұсыныстарыңызды айту үшін арнайы шақырдық, – деді Жеңіс Қасымбек жиынға қатысушыларға.

Айдарбек Сапаров тұжырымдаманы дайындау үшін Ауыл шаруашылығы министрі бастаған жұмыс тобы құрылғанын айтты. Оған барлық облыстардың өкілдері кірді.

– Бүгін біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бірінші кезекте не қажет екенін тыңдау үшін келдік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау жүргізді, оның нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар берілді. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған. Осыған байланысты біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін субсидиялар жүйесін қайта қарауымыз керек, – деп атап өтті бірінші вице-министр.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров өңірде АӨК мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, өткен 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 488 млрд. астам теңгені құраған.

– Қалыптасқан қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері сапалы өнім алды. Бұл көрсеткіштерге минералды тыңайтқыштар мен жоғары өнімді тұқым себу алаңдарын ұлғайту және қарқынды технологияларды қолдану арқылы қол жеткізілді. 2022 жылы жалпы өнім өндіріс көлемі 538 млрд. теңге болады деген болжаудамыз. Егіс алқабын 34 мың гектарға ұлғайтып, 1 миллион 88 мың гектарға жеткізу көзделуде. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала» бағдарламасы арқылы 1,8 млрд. теңге және «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңге беру қарастырылған, – деді Серік Шайдаров.

Сонымен қатар, басқа да салаларға қомақты қаржы бөлінетінін облыс әкімінің орынбасары облыстық және аудандық деңгейлерде жұмыс топтары, сондай-ақ call-орталық құрылғанын тілге тиек етті. Осы уақытқа дейін облыста фермерлермен 16 жұмыс кездесуі өткізіліп, 181 ұсыныс жиналған. Барлық ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Олар озық технологияларды пайдалануды ынталандыруға, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ мал шаруашылығын қолдауға қатысты болды. Басқосуда ірі шаруашылықтардың басшылары да, шағын бизнес өкілдері де сөз сөйледі. Олар өзекті мәселелерді көтерді. Нақты айтылған талап тек субсидияларға ғана емес, сонымен қатар жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігіне, баға белгілеуге, минералды тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының қымбаттауына қатысты болды. «Шахтерское» тұқым өсіру шаруашылығының басшысы Георгий Прокоптың пікірінше, кеңес уақытылы ұйымдастырылды. Өйткені, биыл шаруашылық 35 560 гектар жерге дәнді дақылдар мен картоп егуді жоспарлап отыр. Мұнда барлығы дерлік дайын – көктемгі дала жұмыстарының басталуына техниканы дайындау ғана қалған. Минералды тыңайтқыштардың қажетті мөлшері қазірдің өзінде сатып алынған. Дегенмен, Георгий Прокоп баға шарықтап тұрғанын, қорғаныс құралдарының қымбаттауын және шаруашылықтың бюджеті шектеулі екенін айтты.

– Біз жаңа ережелер, ауыл шаруашылығындағы жаңа тұжырымдама табалдырығында тұрмыз. Олар бойынша алдағы бес жыл жұмыс істеу керек. Ресейлік тыңайтқыштар өте жоғары бағада сатылуда. Керек болғаннан кейін алуға тура келеді. Басқа да шаруашылыққа керек заттардың бағасы өскен. Біз, әрине, үлкен субсидиялар күтпейміз. Дегенмен, нақты жүйе болуы керек. Менің ойымша, бәрі мені қолдайды: ережелер жиі өзгермеуі керек, олар барлық кәсіпкерлердің талаптарына сай болуы тиіс, ешкім тыс қалмауы керек, – деді ол.

Ал, жаңаарқалық фермерлер техниканың ескіргенін жеткізді. Олардың айтуынша, 1994 жылға дейінгі тракторлармен жұмыс істеп келеді, 2013-2015 жылдары алынған тракторлардың 50 пайызын субсидиялау механизмі қолданылған. Сол уақытта ауданның шаруалары 100 шақты трактор алған. Оның ішінде өз қаражатына алғандар да бар. Ауданда субсидиялау тетіктері туралы талқылау бірнеше рет өтіп, қаттама толтырылып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 57 ұсыныс берілген. Жиын соңында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиында айтылған ұсыныстың барлығы қатталғанын, және мұның барлығы да ескерілетінін жеткізді. Ол, сондай-ақ, субсидияларды реформалаудың жаңа жобасын жасақтауда фермерлер пікірі міндетті түрде ескерілетінін айтты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button