Көрме

Бір үзік сыр

Ғимарат ішіне жоғарғы жақтағы терезеден күн ұрланып түсіп тұр. Үлкен залда ілулі тұрған картиналардан басқа ештеңе көрінбейді. Бойыңды залдың жылымығы емес, құдды мұндағы туындылар жылытатын іспетті. Келген көрермендердің жүзіне еріксіз күлкі үйіріліп, бір жылулық баурап барады. Бұл – мұндағы картиналардың әсері. Алаңсыз жатқан ауылдағы ағайынның көрінісі. Бақытты балалық шақ. Шежіре қарт. Бір сөзбен айтқанда ауыл көрінісінен – бір үзік сыр. Бұл – теміртаулық фотограф Дмитрий РУГИСТІҢ туындылары. Автор «Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде», «Қазақстандықтар» деген атаумен көрме ұйымдастырып, Теміртау жұртын осында жиды.

Дмитрий Ругис қолына фотоаппаратын алғанына көп болмаған. 2016 жылы Теміртау қаласындағы «Сплав» фото-клубы мен Қарағанды қаласындағы Валерий Лашкевич студиясынан дәріс алып, осы салаға бет бұрады. Сол жылдары ол «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде қызмет етіп жүрген шағы екен. Орталық National Geographic Qazaqstan журналымен ынтымақтастық байланыс орнатып, Дмитрийді фототілші ретінде жұмысқа алады. Әрине, ол үшін бұл күтпеген шешім. Алайда, жаңалық ашу үшін – үлкен мүмкіндік еді. Сол жылы ол Nomad Explorer ішкі туризмді дамыту қозғалысының мүшелігіне қабылданып, 2018 жылы Қазақстан Ұлттық Географиялық қоғамы «Qazaq Geography-мен» белсенді ынтымақтастық орнатады.

– Мектеп жасында, студент шағымда фотоға түсіруге қызығып, біраз айналысып едім. Кейін қойдым. Жоғары оқу орнына түсіп, бітіргеннен кейін шахтаға жұмысқа кірдім. Содан кейін құрылыс саласында біраз тер төктім. Бертін келе достарыммен ел көріп, жер танымақ ниетпен елдің түпкір-түпкіріне саяхатқа шыққан болатынбыз. Сол уақытта ғана қолыма фотоаппарат алып, қызықты сәттерді, керемет көріністерді суретке түсіре бастадым, – деді Дмитрий Ругис.

Бүгінгі таңда фотоаппарат ұстаған жандардың басым бөлігіне Дмитрий Ругистің есімі таңсық емес. Оның туындылары «Вокруг света», «Ветер странствий» журналдарында, National Geographic Qazaqstan және басқа да басылымдарда үнемі басылып келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның табиғаты мен дәстүрлері туралы жиырмаға жуық роликтің авторы. Ал, көрмеге қойылған фотосуреттер туындыларының бұл жартысы ғана. Ол саяхатқа көп шыққандықтан оның осы бағыттағы фотосуреттері де көп. Сол себепті, «Қазақстандықтар» деген айдар тағып, туындыларын ел назарына ұсынып отыр. Бүгінгі таңда Теміртау халқына 40-тан астам туындысын таныстырды. Көрмеге қойылған туындылардың бір ерекшелігі – ақ-қара түсте берілуі. Бұл туралы ол:

– Кеңес үкіметі кезінде ақ-қара суреттер сол уақыттың сәні еді. Сол уақыттан қалып қойған жаныма жақын бір белгі. Әрі өзіме күңгірт түспен жұмыс істеген оңай. Біріншіден, қызыл және басқа да ашық түстермен шағылыспайды. Екіншіден, туындым арқылы көп нәрсені көрсеткім келеді. Менің мақсатым кейіпкерімнің тек қызық-қуанышын, күлкісін ғана көрсету емес. Әрине, түсірген фотоңды ақшыл түстерге боясаң кейіпкеріңнің образы ашылып-ақ тұрады. Ал, мен керісінше адамның екінші жағын көрсеткім келеді. Сол себепті, көрмеге ақ-қара түстегі суреттерімді қойып отырмын, – деді.

Бір қызығы, туындыларының басым бөлігінің атауы жоқ. Мәселен, автордың сабақтан қайтып бара жатқан оқушыларды сыртынан түсіріп алған туындысынан сөмкесі мен сабақ киімін иығына асынған ауыл балаларын көресіз. Соңғы сабақ – дене шынықтыру пәні болғаны көрініп-ақ тұр. Бірімен-бірі жарысып, үйлеріне асығып барады. Осы көріністі мүлт жібермеу – шеберлік. Ал, жол жиегінде қымыз сатып отырған әжейдің суреті көп алдында қызу талқыға түсті. Қолындағы қымыз толы ыдысын ұсынып тұрған әжейге қарап, балалық шағың еске түседі. Сүрініп-қабынып жүргенімізде жерден көтеріп, бар тәттісін ұсынып, бауырына басқан – осы асыл әжеміз емес пе еді?! Әжейдің бетіндегі әжімі – бейнеті. Яғни, өткен шақ. Ал, қымыз толы ыдысты ұсынуы – мейірімділігі емес пе?! Көрерменге кейіпкердің өткенін көрсету үшін осындай детальдардың атқаратын рөлі орасан зор. Ал, суреттегі әжейдің өткені мен бүгінін байланыстырып, көрерменге ұсынған туынды авторының шеберлігіне таңдай қақпасқа болмады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button