Баған

Баламызды бағалайық!

 «Бала – бауыр етің» дейтін дана халқымыз ежелден ұрпағымен мың жасап келеді. Сәбиінің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап, ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Сол күннен оның тәрбиесіне ата-анадан бастап, бүкіл қоғам жауапты. Адам баласына нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы сыйлайды.

Бала үшін отбасында ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, инабаттылық сияқты тамаша қасиеттерді бала отбасынан алса, елжандылықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті, әрине мектептен, қоғамнан үйренетінін білеміз. Ұлы Абай «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деп аса көрегендікпен айтса керек.

Мемлекетіміз ертеңіміз жас ұрпақ деген үмітпен, балаларымыздың бақытты балалық шағы үшін барлық жағдайды жасауда. Осы тұста сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Балалық шағы – патшаның тағы» деген әдемі сөзі еріксіз ойға оралады.

Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреу даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Ал, түптеп келгенде соның бәрі қолдың кірі, нағыз бақыт – бала екенін кез келген адам мойындайды. Тіптен, жұмыстан шаршап келгенімізде баламызды құшақтап бір иіскегеніміздің өзі барлығын ұмыттырып жіберетіні рас қой. Сондықтан, баланың өмірі, бақыты, болашағы – бүкіл елді алаңдатуы керек. Өкінішке орай, қазіргі заманда кейбір ата-ананың қатыгездік танытуынан балалар балалықтың балдай тәтті дәмін тата алмауда. Олардың қоғамнан мейірімсіздікті сезінуі жиілеп кетті. Зорлық-зомбылық көрген баланың болашағы не болмақ деген сауал көптеген ата-ананы алаңдатып отыр. Әркімде баласын көшеге тастап кетіп, ақшаға сатқан безбүйректер азайса деген қалау бар.

Өзіміз де ата-ана болғандықтан, қоғамдағы түйткілді мәселеге бейжай қарап отыра алмаймыз. Осындайда «Не ексең, соны орасың» деген халық даналығы, балаға жақсы тәрбие берілуі керектігін алға тартады. Әрине, балаңа мейірімділік танытып, қанатыңның астына алсаң, ізетті болып өсері анық. Оларға көп нәрсені үйіп-төгудің қажеті жоқ. Тек, балалық шақтың бал дәмін сезінетіндей мүмкіндік жасау керек. Өйткені, ол қашанда сенің болашаққа жол салар бірден-бір сенімді серігің болып қалады. Барыңды бағалап, жоғыңды жоқтаушыға айналады.

«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Сондықтан, баланың кемшіліктерін бетіне басып, көңілін қайтарған дұрыс емес. Керісінше, мейіріммен қарау арқылы, отбасы мүшелерін сүйіспеншілікке бөлеңіз. Оны көріп өскен бала жауапкершілікті сезініп, болашақта өз отбасына аса қамқорлықпен қарайды. Тұлпар мініп, ту ұстап, азамат атанған сәтте елі мен жерін көзінің қарашығындай қорғайтын болады.

Бесігінде бес түлейтін балдырғанды ел ертеңі деп қарайтын ел болғандықтан балапандарымызды мереке күні ғана емес, арайлап атқан әр күнде аяласақ деймін.

Біз 1 маусым – балаларды халықаралық қорғау күні екенін жақсы білеміз. Бала үшін де, үлкендер үшін ерекше күн екені даусыз. Мені мұңайтатыны баланы қуантуды тек бір күнмен ғана шектейтініміз. Бүлдіршіннің жүзінен нұр ойнап, көзінен бақыт жасы төгілсе – бүкіл әлем шуаққа бөленетінін естен шығаратынымыз жаман.

Шынар АҚПАРОВА,

Қарағанды облысының білім саласында сапаны

қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button