Бас тақырыпБасты тақырып

Қордағы ақша қолға тиер күн жақын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкіметке азаматтарға зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды тапсырғанда шықпа жаным шықпамен жалақыдан жалақыға дейін күнін жалғаған талайдың бетіне қан жүгіріп қалғаны рас. Баспанасы жоқтар, өзгенің босағасына телмірмей, алшаң басып кіретін төріміз болады деп келесілері оқуының ақшасын төлеп, аңсаған дипломына қол жеткіземіз деп қуанды. Тіпті, ол ақшаны сенімгерлік басқаруға беріп, табысына табыс қосып жатса несі айып?! Бірақ, ойламаған жерден келіп, төтеден соққан індет арманның ауылын алыстата түседі-ау деген күдік кіргені рас ойға. Олай болмады. 2020 жылғы 11 мамырда ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында Президент сол тапсырмасын тағы еске салды.

Нәтижесінде, Парламент мәжілісі Үкімет дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаға сәйкес, 31 заңнамалық актіге, 14 кодекс пен 67 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілетін болса, оның ішінде зейнетақы жинағын пайдалану тетіктері де бар. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтқан болатын. «Әлеуметтік саясат бойынша азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалану үшін түзетулер көзделген» деді ол мәжілістің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, Заң жобасын қабылдау індеттен зардап шеккен салаларды дамытуға, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін арнайы топ дайындаған Заң жобасы талай түзетуге түскен. 200-ден астам өзгертіліп, жан-жақты қаралып, әбден пісірілді. Депутаттар бірауыздан мақұлдаған құжат енді екінші оқылымда қаралып, кемшілігі жоқ деп танылса, сенатқа жіберіледі. Ал, одан кейін қабылданатын күн де төбе көрсетіп қалуы мүмкін.

Заң жобасына сәйкес, 2021 жылдан қазақстандықтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат емнің ақысын төлеуге, басқарушы компанияларға басқаруға беру құқығы беріледі. Ал, оны алу үшін жұмыс істейтін болуыңыз және тиісті жаста зейнетақы жинақтарыңыз «жеткілікті шегінен» асуы керек. Ал, зейнетке шыққандардың БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражаты 50%-ынан аспайтын шекте болуы керек.

«Жеткіліктілік шегі» ерлер үшін де, әйелдер үшін де бірдей және әр жас үшін жеке есептеледі. Дегенмен, инфляция, төлем мөлшері және тағы басқа да қалыптасқан параметрлердің бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш қатып қалған қағида еместігін де білген жөн. Яғни, әр жаңа алушы үшін аталмыш шек қайыра есептеліп отырады.

Заң жобасында зейнетақы қорындағы ақша бір адамға ғана беріледі деген қатып қалған қағида жоқ. Шынтуайтына келгенде, баспаналы боламын, болмаса, оқуымның ақысын төлеймін деген жастардың қордағы ақшасы ауыз шаюға келмесі анық. Өйткені, 20 жастағыны айтпағанның өзінде, 30-дағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн. 518 мың теңге болуы керек. Яғни, осы сомадан қалғанын ғана қажеттілікке жұмсауға болады. Заң жобасында бұл жағы да қарастырылған. Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары, атап айтқанда, атаәжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері, апа-сіңлілерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе ем ақысын төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Одан бөлек, отбасы мүшелерінің қаржыларын да біріктіруге болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде пандемияға қарамастан, тұрғын үй салу көлемі де арта түскенін айтқан болатын. Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға пайдалануды көрсеткен Президенттің бұл жөн-жобасы індет салдарынан табысынан айырылып, тұрмысы төмендегендер үшін дер кезінде жасалған көмек болары сөзсіз.

Айта кету керек, тұрғын үй жағдайын жақсарту тәртібін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітсе, зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды. Ал, сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын сәйкесінше Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі анықтайды делінген.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button