Тарих

Шығыс Түрік қағандығы

603 жылы Ұлы Түрік қағандығы Шығыс Түрік (Орталық Азия) және Батыс Түрік (Орта Азия) қағандығы болып екіге бөлінгеннен кейін қағандықтар дамуында қилы кезең басталды. Шығыс Түрік қағандығы Суй империясымен соғыс кезінде мемлекет тәуелсіздігін сақтап қалған Шиби (609-619 жж.) және Қытайға қарсы 67 жорық жасаған Хели (С.Кляшторныйда – Ел қаған) (620-630 жж.) қағандардың кезінде Орталық Азияға ықпалын жүргізді. Хели қағанның Қытайға жасаған жорықтарына қатысқан қуатты қолдың ұзын саны 100-150 мыңның төңірегіне жетіп жығылды.

Үздіксіз соғыс қалың әскерді қару-жарақпен, атпен, азық-түлікпен және тағы басқасымен мол көлемде жабдықтауды қажет етті. Сондықтан, қаған соғыстан түскен олжа мен табысты місе тұтпай, халықтан жинайтын әртүрлі салықтар мен төлемдердің мөлшерін өсірді. Сан мыңдаған атты әскер жасағын үздіксіз жабдықтау ауыртпалығына көшпелі қоғамда жиі болып тұратын жұт пен ашаршылық апаты қосымша болды. Әсіресе, 627- 629 жылдары орын алған жойқын жұт пен ашаршылық түріктердің негізгі байлығы – мал шаруашылығын ауыр күйзеліске душар етті. Жергілікті ру-тайпа басыларына Хели қағанның ел басқару ісіне қытайлар мен соғдылықтарды араластыруы да ұнамады. Дегенмен де, барлық мақсаттан елдің тәуелсіздігін жоғары қоятын және осы игі мақсатқа халықты ұйымдастыра алатын және ең басты қауіптің Қытайдан төніп тұрғанын жақсы түсінген Хели қаған тәрізді тарихи тұлғалардың түркі дүниесі тарихында жиі кездесе бермейтіні де ақиқат еді. Алайда, түркілер мұндай маңызды мәселеге терең бойлай алмады және өздерінің арасынан шыққан Хели қағанның төңірегіне топтаса түсудің орнына, ру-тайпа көсемдерінің соңына ілесіп, шатасты және соның салдарынан Қытайдың іштен іріту саясатының құрбаны болды.

626 жылдан бастап түркітілдес тоғыз телес (тоғыз оғыз) Хели қағанға қарсы көтерілісті бастаса, екі жылдан соң оларға сір-ендалар (қыпшақтардың бабалары), ұйғырлар, байырқулар (наймандар мен керейлердің бабалары), қидандар (қарақытайлар) қосылды. Деректер осы тұста 100 мыңға тарта Шығыс Түрік қағанаты тұрғынының Хели қағаннан бөлініп, Қытай билігін мойындап кеткенін айтады (Т.Омарбеков, Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны. А., 2017 ж., 54-55-б.).

Қалың бұқараның наразылығы мен бірнеше тайпаның көтерілісі кесірінен Хели әскері Қытаймен соғыс кезінде (630 ж.) жеңіліске ұшырап, талқандалады. Ал, өзі тұтқынға түсіп, 634 жылы көз жұмады. Бұдан кейін қағанның ең соңғы адал сұлтаны, Хелидің ағасы Ышбара Сүйіншішад Қытайға беріледі де, Шығыс Түрік қағандығы 50 жылға тәуелсіздігінен айырылады.

50 жыл бойы Қытайға болып (630-681 жж.), 681 жылы көтеріліске шығуы нәтижесінде қайта жанданған Шығыс Түрік қағандығы кейбір ғылыми әдебиеттерде Екінші Шығыс Түрік қағандығы деп аталады. Шығыс Түрік қағандығы өзін қалпына келтіру үшін 679 жылдан бастап көтеріліске шығады. Оған қытайша білім алған ақсүйектер жетекшілік еткен болатын.

Сондай көтеріліс басшыларының бірі – Құтылық еді. Өз есімі – Құтылық, Елтеріс Білге – лауазымы. 682 жылы Құтылық өзінің аз ғана серігімен жаңа көтерілісті бастады. Оның рухани қолдаушысы бұрын Қытай астанасында тұрып, олардың соғыс өнерін жақсы меңгерген, түріктердің Асадыр тайпасынан шыққан данышпан Тоныкөк еді. Небары 700 адамнан тұратын көтерілісші Қарақұм қаласын басып алып, өздерінің санын 5000 адамға дейін көбейтті. Тоныкөк жазбасында бұл мәселе былай баяндалады: «Бод (тақ) киесі қалмады. Орман, тау арасында қалғаны жиылып, 700 болды. Екі бөлігі атты еді. Бір бөлігі жаяу еді… Біріктірушісі мен едім – Білге Тай – Ұқұқ (Тоныкөк)… Одан соң Көктегі Тәңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағанмен ұғыстым». Бұл деректе құдіретті қаған аталып отырған Құтылықты көтерілісшілер Қарақұмда «Елтеріс Білге қаған» деген атпен таққа отырғызды (Т.Омарбеков).

Осылайша, Елтеріс Білге қаған таққа отырған 682 жылдан бастап, Екінші Шығыс Түрік қағандығының өмірі басталды. 682-687 жылдары шығыс түркілер Қытайға қарсы азаттық күрестің нәтижесінде өз мемлекеттерін қайта құрды. Күлтегін жазбасы бойынша, Білге Құтылық «Тудун» лауазымында қытайларға, оғыздарға, хуригандарға, қырғыздарға, хятандар мен татабилерге қарсы 47 жорық жасап, іріірі 20 шайқаста түркілер қолын бастап жеңіске жеткен (З.Қинаятұлы). «Дұшпанын келісімге мәжбүр етеді, тізеліні – бүктіреді, бастыны – идіреді».

Білге Құтылықтың әкесі де Ашина тайпасын бастап жорыққа қатысқан. Білге Құтылық ел ордасын ежелгі Өткенге тігеді. Оның тұсында Шығыс Түрік қағанаты территориясы Алтайдан Шығыс Моңғол құмына дейін созылды. Талай жеңіске қол жеткізген ол 691 жылы (Л.Гумилевте – 693 жыл) қайтыс болған соң, балалары Мойынчор мен Күлтегін жас болғандықтан қағанның інісі Бөгчор (Л.Гумилевте – Можчо) Қапаған қаған деген атпен таққа отырды. Бұл кезде Бөрі – оғлан (кейінгі Білге қаған) небәрі 7 жаста, ал, Күлтегін 6 жаста еді.

Қапаған қағанның 694, 697, 698, 701, 706 жылдары Қытайға жасаған жойқын жорықтары ондағы 23 қаланы жермен жексен етіп, сан мыңдаған қытайды түрік жеріне тұтқын етіп айдап кетуімен аяқталып отырды. 697 жылы Қытай шапқыншылығына ұшыраған қидандарды, бүкіл Маньчжурияны өзіне қосып алуы, Туваны бағындыруы, 709-710 жылдары Енисей қырғыздарының мемлекетін талқандауы, 709 жылы тоғыз оғызды жеңуі және 711-712 жылдары Енисей азарлары мен шіктерін өзіне қаратуы – қағанатты Орталық Азияның қожасы етті. 711 жылы Қапағанның баласы Инел мен Тоныкөк басқарған Шығыс Түрік әскері түргештердің әскерін Жоңғариядағы Болучи өзенінің бойында талқандайды. Сырдарияның арғы бетіне қашқан түргеш әскерінің қалдықтарын қуалай отырып, Тоныкөк және Елтеріс балалары – болашақ Білге қаған мен Күлтегін басқарған шығыс түріктерінің әскерлері соғдылықтарды күйрете жеңді (Қазақтар, І том, А., 2003, 29-б.). Қапаған алғашқы Шығыс Түрік қағанатының құдыретті қағаны Хели (Ілік) тұсындағы түркілердің айбарлы мемлекеттігін қалпына келтірді. Оның әскерінің саны 400 мың адамға жетті. Тарихи деректерде Қапаған тақта отырған мезгілде «Қосыны Хели тұсындағы қосынның санына жетті. Жерінің аумағы он мыңдаған шақырымға созылды. Бодан елдердің бәрі дерлік оның әмірін қабылдады» делінеді.

Қапаған Таң империясының орталық аймағына неше мәрте шаңды жорық жасап, Орта Азияны толық бақылауына алды. Түркі халқы мен мемлекетін дегеніне жеткізді. Орхон бойына Орда-балық сынды алып қала салды (Т.Зәкенұлы). Бүкіл дүниені уысында ұстаған алып ер 716 жылы жазда Тоғла өзені бойындағы байырқыларға жаза жорығын жасап, қайтар жолында жол тосқан қарақшылар тарапынан мерт болды.

716 жылы Қапаған қағанның қаза болуы және оғыздардың көтерілісі салдарынан пайда болған үкімет дағдарысы қағанатты ауыр жағдайға душар етті. Осы қиын жағдайдан мемлекетті Білге қаған мен інісі Күлтегін шығарды. Білге – Құтылықтың баласы, Күлтегіннің ағасы. Алғашында «тегін» лауазымында болған. Немере ағасы Қапағанға еріп, бірқатар жорықтарға қатысты. 14 жасында «Тардуш елінің шады» лауазымын алған. Қытай жазбаларына сүйенсек, Білге қаған 700 жылы – Таңғұтқа, 702-706 жылдары Қытайға, 709-713 жылдары батысқа жорық жасаған. Білге қаған Шығыс Түрік қағанатының тағына отырып, «қаған» лауазымын алады. Күлтегін қағанаттың сол қолының шады және бас қолбасшысы болып тағалайындалады. Тоныкөк 718 жылы мемлекеттік кеңесші қызметін иеленеді. Білге қаған билік еткен тұста абыз Тоныкөкті Қытаймен бітім жасау мақсатында (722 жылы) елшілікке жібереді. («Айбын». Энциклопедия, А., 2011, 228-б.). Осының нәтижесінде 722 жылдан 741 жылға дейінгі 20 жыл бойы халық бейбіт өмір сүреді. Қытай императоры Сюань – Ұзун 727 жылы символикалық «сый» – түрік ставкасына 100 мың кип жібек жібереді. Бұл солтүстік шекарадағы Білге қаған ешқашан бұзбаған бейбіт өмір үшін жасалған жомарт сый еді (Қазақтар, 29-б.). 731 жылы Күлтегін, ал, көп ұзамай, 734 жылы Білге қаған да қайтыс болады. Оны Қытайда елші болған түрік ақсүйегі у беріп өлтіреді. Шығыс Түрік қағандығы кезінде түркі әскерінің даңқы асып, қағандық өзінің шырқау биігіне көтерілді. Құтылық, Қапаған, Білге қағандар кезінде қуатты мемлекет болды. Білге қаған қайтыс болған соң, түркі тайпаларының арасында қағандыққа талас басталды. Түркілер 744 жылы ұйғырлардан жеңіліп, саяси қасіретке ұшырады. Бұрынғы орталықтарын жоғалтып, Қашқар мен Жетісуға ығысты (Қ.Аманжолов, А.Тасболатов). Ол жерде үйсін, қаңлы, дулат, шігіл, тағы басқа тайпалармен қосылып, батыс түркілер жерінде Түргеш, Қарлұқ қағандығы мен Қараханиттер мемлекетін құрды.

Түркі қағанатың Тәңірі тектес ұлдары аттай екі ғасыр аясында (552-744 жж.) ат үстінде жүріп, мемлекеттің даңқын дүниенің төрт тарабына жайды. Басынан бақ тайған ғұндардың жұртындағы шашыраған елдің басын қосқан бірінші тұлға Бумын қаған еді. Мұнан кейін Түрік қағанатынан Тон жабғы, Тарду, Истеми (Естемі) қаған, Қапаған қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк сияқты туысы бөлек әйгілі ерлер, ақылгөй даналар шықты. Тәңірлік дін – Түркі қағанатының мемлекеттік діні болды. Қағанаттың халқы түркі жазуын қолданып, түркі тілінде сөйледі. Сол тілдегі әйгілі тас қашау жазуларын қалдырды. «Күлтегін» жыры да осы тас жазуы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы жырдағы Білге қағанның «Ілгері – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейін – күн батысында… Осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды» деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болған (Б.Жұмақаева). Жергілікті халықтар түріктердің мәдениетіне, әдет-ғұрпына көшіп, дінін қабылдаған.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button