Жаңалықтар

Қордайдағы жағдай – тұрақты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты шұғыл мәлімдеме жасады. Ол қайғылы оқиғаға жол берген мемлекеттік орган қызметкерлері жазаланып, арандатушылар жауапкершілікке тартылатынын айтты. Сондай-ақ, зардап шеккендерге де көмек көрсетіледі. Жағдай – полиция мен Ұлттық ұланның қадағалауында.

– Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектеспін, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы құрылған үкіметтік комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған комиссия мән-жайдың себебін анықтайтынын жеткізді. Сондай-ақ, қаза болғандардың отбасына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетін болады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, азаматтарды жалған қауесетке бой алдырмауға және құқық қорғау органдарына көмек қолын созуға шақырды. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы тапсырма беріліп, мемлекет мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлікті бұзғандар қатаң жазаға тартылатын болады.

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиынқыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз еліміздің басты құндылығы – ынтымағымызды, бірлігімізді бұзуға жол бермейміз, – деп, тиісті мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін қажетті шараларды қабылдайтынын айтты.

Жамбыл облысына келіп, мән-жайға қаныққан Бердібек Сапарбаев аудан тұрғындарына Қырғызстанға өтіп кеткен туыстарын кері шақыруды және ешқандай қауіп жоқ екенін түсіндіріп айтуды тапсырды. Қираған тұрғын үйлер мен сауда орындарының қалпына келетінін де жергілікті тұрғындар оның өз аузынан естіді.

Айта кетер болсақ, өткен жұмада Қордай ауданы Масаншы ауылында жергілікті тұрғындар арасында жанжал орын алып, кейін қақтығысқа Ауқатты және Бұлан батыр ауылының тұрғындары келіп қосылған. Қару қолданылған қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тауып, біразы медициналық көмекке жүгінген. Үйлер, дүкендер мен көліктер де қираған.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button