Төлеутай ШАХАРБАЕВ: «Жастардың қолындағы арбаны алып, арқасындағы «күзет» деген жазуды өшіру керек

«Толқыннан толқын туады» демекші, Арқа топырағында кейінгіге үлгі боларлық, ауыз толтырып айтуға тұрарлық атпал азаматтар баршылық. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, лауазымды қызметтер атқарса да ел игілігінен бір сәт те көз жазбаған мемлекеттік қызмет ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Төлеутай Мінапасұлы ШАХАРБАЕВ ағамыз 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. Бүгінде аймақтың қазыналы қариясы, аузы дуалы абызына айналған. Әулетінің мақтанышы, облыстың беткеұстары. Еліміз жаңаша дамуға бет алған тұста өмірлік тәжірибесі мол, жастарға айтары бар Төлеутай ағамызды әрлі әңгімеге тартқан едік.

– Төлеутай Мінапасұлы, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру саласының білгірі ретінде диқандар мен малшылардың қазіргі жұмысына көңіліңіз тола ма? Бұл саланы дамыту үшін нендей өзгеріс енгізуге болады?

– Көңіл толмайды. Бірақ, оған олар кінәлі емес. Біз осы салада басшылықта болғанда олардың бар жағдайын жасап, кейін нәтиже сұрайтынбыз. Қазір диқандар мен малшыларға көмек аз. Субсидия аз бөлінеді, оны алу үшін қаншама жердің табалдырығын тоздыру керек. Жинайтын құжатын көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Оның үстіне субсидияны бар шаруаның соңынан бір-ақ береді. Осы екі арада бірнеше ай уақыт өтеді. Меніңше, субсидия мәселесін аудан деңгейіндегі жауапты мекеменің құзыретіне өткізіп, жылдам шешетін қылу керек. Айлап күтпейтіндей. Сонда ауыл, аудандардағы малшы, қойшы, тракторшы, диқандарға жеңілдеу болады. Жұмысқа ынтасы оянады. Мысалы, былтыр облыста минералды тыңайтқыштардың кейбір түрі берілген жоқ. «Кейін болады» деп, ақыры құрдымға кетті.

– Ел ауылдан көшіп жатыр. Ауылды сақтап қалу және аудан орталықтарын дамыту үшін не істеу керек? Оңтүстік облыстарға барсақ, аудан-ауылдары дамып кеткен. Мәселен, Сарыағашта екі аудандық газет, екі телеарна жұмыс істейтін көрінеді.

– Академик Оразалы Сәбденов деген үлкен экономист бар. Осы мәселені көтеріп, түрлі мақала жазып жүр. «Ауылдан үй салып береміз, келіңдер» деген болмайды. Оған тек мұғалімдер мен дәрігерлер баруы мүмкін. Трактористті кім шақырады «үй береміз» деп. Ауылда, аудан орталықтарында «Агрогородок» деген дүние ұйымдастыру керек. Бұл – өндіріс деген сөз. Бұрын ірі ауылдарда 2 мың адамға дейін тұратын, бәрі көшіп кетті. Өндіріс болмаса, ел тұрмайды. Сүтті өңдейтін цех керек. Одан қаймақ, құрт, ірімшік, айран шығаратындай. Жүн мен теріні босқа лақтырып жатыр. Бұрын малдың терісі мен жүнінен түсетін пайда шаруашылықтың 60%-ын құраған. Қалған 40 пайызы ғана ет. Сонда біз 60% табысты ауаға ұшырып, миллиондаған табыстан айырылып жатырмыз. Ауылдарды, аудан орталықтарын осылай құртып алдық. Бұл деген масқара енді. Осыдан кейін ауылда ел тұра ма? Қазір қолынан іс келетіндер малдың терісі мен жүнін қораның тесігіне тығады, жел үрлемесін деп. Қалғанын лақтырады. Ол экологияны, ауаны ластайды. Бұрын қойдың жүнінен солдаттарға шинель тігетін. Қазір қой жүнінің биязы деген түрін ғана пайдаланады. Ондай қой бізде жоқ. Теріден түрлі нәрсе жасауға болады. Аяқ киім, сөмке және т.б. Біз далаға лақтырамыз. Осындай өндіріс жоқ, жұмыс жоқ ауылда өмір сүру қызықсыз. Қалай күн көресің? Сүтті көтерме бағамен сатып алатындар Осакаров ауданында бар. Теміртауға өткізеді. Ал, алыс аудандарда қалаға жеткізу қиын. Сол үшін аудан орталықтары мен ірі ауылдарда өндірісті жандандыру қажет. Бұрын Қарағайлыда болған. Сепараторлар әр ірі ауылдық округте болу керек. Өндіріс болса, жыл бойы елге жұмыс табылады.

 – Кейінгі жастар біле бермейді ғой, сол заманның ауыл шаруашылығы жайлы айтып өтіңізші…

– Мәселен, ауылда егін себетіндер 3-4 ай жұмыс істейді. Бітті. 1980 жылдардан кейін шөп егілген жоқ. Белогы, дәрумені бар шөп болатын. Қазір даланың шөбін қырады. Жанар-жағармай қымбат. Шаруашылықтар 200-300 қой бағады. Ол өзінен аспайды. Ешкімге жұмыс бере алмайды. Оңтүстікке барсаң әр ауданда өз базары бар, өндірісі, саудасы бар. Бұрын өндірісті дамыту үшін МТС (Машина-тракторный станция), МЖС (Машина-животноводский станция) деген орталықтар болды, ірі ауылдарда. Сонда жастар соның айналасында жүретін. Егер менің 1000 гектар жерім болса, сол орталықтың қызметіне жүгінем. Олар маған жерімді жыртып, егінімді салып береді. Оның ақысын күзде егінді жинағанда беремін. Үкіметтің бұйрығы бар, олар істеуге міндетті, бас тарта алмайды. Қарағанды облысы жерінің құнарлылығы балбалитпен өлшенетін. Қарқаралы жерінікі 18-19 балбалит еді. Нұра, Осакаровтікі – 45 балбалит. Сонда Нұра жақтағылар бізден 5-6 есе артық өнім алады. Содан селхозхимияға жүгінеміз. Онда тыңайтқыштарды үкіметтің есебінен алады, техникасы, жұмыскерлері бар. Зауыттың жұмыскері сияқты. Солар келіп, жерді өңдеп береді. Қазір Жамбылдан шығатын «Қазфосфат» деген минералды тыңайтқыштың 1 тоннасы 140 мың теңге. Ол біреудің меншігі. Оған ақша керек. Осакаров ауданының жеріне бір гектарына 160 кг тыңайтқыш берсең, 2 есе өнім аласың. Мен сонда бірнеше жыл жұмыс істегем. Астық 20 центнерден артық шығады. Қарқаралы жақта 6 центнерден аспайды. Осының бәрін үкімет тауып, реттеп беретін. Ақшасын күзде төлейтінбіз. Қазір ол жоқ. Қазір зауыттан ақшаңа аласың. Кейін басқармаға барып, субсидия сұрайсың. Олар берсе берді, бермесе, созбақтап соңын жоққа шығарады. Тоннасын 140 мыңнан сатып алу үшін банктен ақша алу керек. Оған кепілге мүлік қоясың. Ескі қораң мен базыңды, үйіңді, жеріңді кепілге алмайды…

– Қарқаралы ауданы әкімі болғанда көп жұмыс тындырдыңыз. Тағы басқа ел білмейтін қандай еңбектеріңіз бар?

– Тәуелсіздік алар тұста Қарқаралыда әкім болдым. Бұған дейін де, бұдан кейін де ауылдан бастаған еңбек жолымда көптеген лауазымды қызметте болдым. Атақ-абыройым, жеткен жетістігім бір басыма жетерлік. Оның бәрі ғаламторда тұр. Керек адам өзі қарап алар. Сол аудан әкімі кезімде 8-9 совхозға мектеп салдық. Соның 7-уі бітті. Прогрестегі кейіннен аяқталды, Матақтағы мектеп салынып біткенше, ел көшіп кетті. Шамамыз келгенше, жолдарды асфальттадық. 99% қыстақ тоққа қосылды. 800-900 қыстақ болды ол кезде. Ауылдың, қыстақтың, даланың суы да тоққа қосылды. 13 мың гектар жерді жер асты суымен суғардық. Малдың азығын 10 есе алатынбыз, жер асты суымен суғарғанда. Майлы дақылдар ектік. Қазір сол жер асты суларынан айырылдық, бұраулар, цемент столбылар да қалмады. Ауыз су бар, егінді суаратын құнарлы жер асты суы жоқ. Ол сумен дәнді дақылды емес, шөпті суғардық. Ынталыда 30 мың қойға арналған жемдеу алаңы, сиыр сауатын кешендер салынды. Олардың бірі де жоқ қазір. Түк болмағандай. КСРО тарардың алдында жасалды осы дүниелер. Өкінішке қарай, пайдасын молынан көре алмадық. Жабылып қалды. Кейін қалаға көшерде облыс әкімінің шақыртуымен облыстық ауыл шаруашылық басқармасына бірінші орынбасар болып келдім. Сол жерден үй берді. Сонда 7 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Сол білдей басқармада жер, су сынды салаларды қосқанда 80-нен астам маман болдық бәріміз. Оның ішінде «Агро банк» дейтін банкі де болды. Қазір әр мекемеде 80 адам. Соның бәрі қыруар шығын емес пе қарағым?.. Сол қаржыны үнемдеп, өндіріске салса ғой…

– Ауыл әкімдерін халық сайлап жатыр. Ауыл бюджетін жергілікті әкімдердің өзіне беру, елді мекеннің өзекті мәселесін шешуге ықпал ете ала ма?

– Шеше алмайды. Неге шеше алмайды? Өйткені, ауыл әкімінің қолында түк жоқ. Ауылдың техникалары ескірген. Ауылдың бюджетін құрайтын салық көздері мардымсыз. Ауылдарда тұрғындар да аз қазір. Жағдайлары да мәз емес. Өндіріс болмаса, қиын ғой. Ауыл әкімін сайлағаны жақсы. Қаржысы жоқ қой. Шаруашылықтардан көмек шамалы. Қарағанды облысындағы ауыл шаруашылық кәсібі отбасылық шағын бизнес. Ол несіне көмектеседі. Салық базасы ауқымды болса бір жөн, енді барын үнемдейді ғой. Дегенмен, өндіріс ошақтары қажет-ақ. Бұл оңай емес, ойланатын дүние.

– Тәуелсіздік алған 30 жылда нені ойдағыдай жүзеге асырдық, нені ұмыт қалдырдық?

– Біз бай елміз. Бірақ, шикізатты шет елге сатумен шектелмей, соны елімізде өңдеп барып, екі бағасына сатудың жолын қарастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осы мәселені бұрынырақ қолға алғанда, дамыған елдерді басып озбасақ та, иық тіресер едік. Әлі де кеш емес. Өнім өндірілмейді. Бәтеңкенің бауын да шығармайды екенбіз. Өндіріс болса, әл-ауқатымыз артады. Жұмыс орны да болады, жағдайымыз да жақсарады. Той тойлаудан ақырындап арылып келеміз. Анау бір хоккейшіге 30 мың доллар төлейді екен, мысалы. Спорт керек, бірақ экономиканы көтеру үшін өндірісті дамыту керек қой. Соңғы жылдары Президентіміз осы артық шығындарды азайтуды қолға алып отыр. Бұл жақсылықтың нышаны. Өндіру, өңдеу керек. Жастардың қолында тәшке, арқасында «күзет» деген жазу. Сол тәшкені қолдарынан алып, «күзет» деген жазуды өшіру қажет. Қашанғы осылай жүреміз? Складская көшесінде 100 шақты тепсе темір үзетін жігіт қарта ойнап, жұмыс күтіп отырады. Ауылға бармайды. Барса да жұмыс жоқ ауылда. Оларды түрлі техникалық орта арнаулы оқу орындарында оқытып, өндіріске жіберу керек, әкесін танытып бәрін. Соңымыздан ерген механизатор сынды тапшы мамандардың жасы 60-тан асты. Олар кеткен соң, ондай мамандар табылуы қиын. Әзірден соны қолға алу керек. Осакаров ауданында егін салумен айналыстық. Сонда механизаторларды таппаймыз. Теміртауда, Астанада, Қарағандыда. Яғни, қалаларға кетті. Бірнеше жыл елордада құрылыста жүрді. Енді құрылыс біткен соң, мұнайлы аймаққа кетті. Сонда жүр. Вахтамен істейді. Мал дәрігері, агроном, механизатор, тракторшы деген мамандар жоқ жастар арасында. Айлығы аз, ауылға барғысы келмейді. Оқымайды ондай мамандықтарды. Жаппай көңіл бөліп, назар аудару керек оларға.

– Жастарды ұлттық рухта тәрбиелеп, көзі-ашық, көкірегі ояу қылып өсіру үшін не істеу керек?

– Қазір жастарды ұлттық рухқа тәрбиелеуге баса мән берілуде. Алайда, өндіріске тарту кемшіндеу. Жастар саясаты жөніндегі басқарма, жастар ресурстық орталығы сынды мекемелер осы жастардың тәрбиесімен айналысуда. Бұл аздық қылады. Біздің кезімізде 23-24 жасымызда институт бітіріп келсек, бірден сенім артпайтын. Әбден сынақ мерзімінен өткізіп, шаңымызды қағып барып, жауапты жұмыстарды сеніп тапсыратын. Ал, қазір жап-жас жігіттер министр, депутат болып жүр. Бастық болуға емес, еңбек адамы етіп тәрбиелеуге мән берген жөн. Еңбек майданында пісіп жетілсе, басшылық лауазым деген өзі келеді. Жасынан еңбекпен өскендер жаман болған жоқ қой. Еңбекпен өсіп, үлкен лауазымдарды ұзақ жыл қызмет еткен қаншама тұлға бар. Оның бәрін ел біледі. Осыны жастардың құлағына құю керек. Бірнеше диплом қажет емес. Қажетті, жетіспейтін мамандықтарға оқу керек. Бір кездері ауылда тапшы мамандар қаладан келіп, жұмыс істейтін. Оған үкімет жағдай жасады. Андағы жалақысы да сақталады, ауылға барып, дақыл жинауға көмектескені үшін тағы ақы алады. Сонда екі жақтан пайда табады. Жақсы жұмыс істегендерін шет елдерге демалуға жібереді. Таңдап жүріп, ұнаған курортына баратын. 30%-ын ғана төлейді. Сонда олар жұмысқа ынталы, жауапкершілігі мол болатын. Туризм дамыған аудандарымызда азық-түлік пен қажетті дүниені облыс орталығынан тасиды. Бұл тиімсіз. Сол ауданның өз басында шешілетін қылу керек қой. Сосын жастар дінге бет бұруда. Оның зиянын да көрудеміз. Мен танитын баяғы партияның белсенділерінің де біразы молда қазір. Біз Құдайсыз қоғамда өмір сүрдік. Десек те, тілімізден кәлимамыз, жүрегімізден иманымыз кеткен жоқ. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Өндірісі қарыштап дамыған, алпауыт экономикалы елге айналайық!

– Уақыт тауып, тұшымды әңгіме өрбіткеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.