Бас тақырыпРухани жаңғыру

520 жыл бұрын шыққан кітапты көрдіңіз бе?

Сіз жарыққа шыққанына 520 жыл болған кітапты көрдіңіз бе? «Кітап әлі сол күйінде сақталып тұр, бір әрпі де өшпеген» десем сенер ме едіңіз?.. Бұған дейін бір күнімізді арнап, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың тыныс-тіршілігіне қалам тербеген едік. Сонда кітап үйінің негізгі қорларды сақтау бөлімі, сирек және құнды кітаптар қорындағы көненің көзіндей болған кітаптар жайлы айтқанбыз. Енді, сол көнеден жеткен жәдігерлер жөнінде таратып жазбаққа сирек қорға қайта бас сұқтық. Сөйтсек, онда көлемі жағынан ең кіші (миниатюралық) һәм ең үлкен (фолиант) кітаптар, көшірме (факсимельді) кітаптар, латын тілінде жарық көрген һәм ең көне кітаптар бар екен. Біз ең көне екі кітаптқа тоқтадық.

Бұл екі кітапты қолымызға алып, ақтарып қарай бастадық. Біреуінің шыққанына 5 ғасырдан асса, екіншісіне 2 ғасырдан астам уақыт болған. Екеуі де сапалы қағаздан жасалғаны көрініп тұр. Бізді таң қалдырғаны – бұл қос туынды осы кезге дейін қалай жетті? Қағазы мен сапасының бояуы қандай?! Бұларды түптеген шебер 21 ғасырға жетеді деп ойлады ма екен?

Алғашқысы – Абдурахман аль-Джамидің (1414-1492) «Грамматика арабского языка» еңбегі. Бұл кітапхана қорындағы ең көне кітап. Араб қарпімен, қолмен жазылған. Кітапхана қорында бұрыннан бар. Сыртындағы ою-нақыштары мен безендірілуінен орта ғасырдың иісі шығады. 1491 жылы жарық көріпті. Аталған туынды жайлы мамандардың айтуынша, кітап – түпнұсқа. Бірінші бетінде атақты ақын, ғалым аль-Джами жазған деп көрсетіліпті. Арабша атауы «ал-Фауид ад-Дийаийа». Араб тілінің атақты зерттеушісі (1249 жылы Египетте өмірден өткен) ғалым-факих Ибн Хаджибтің «Кафия» атты араб грамматикасы туралы еңбегінің түсіндірме-талдауы деген мәлімет те бар. «Кафия» кітабының толық атауы – «Фауаид ал-уафийа фи мушкилат ал-кафийа» екен.

Біз сөз етіп отырған қолжазба мазмұны грамматикалық ережелерден тұрады. Араб тілінің морфология, синтаксисі толық қамтылған. Қолжазба болса да жақсы сақталған. Ептеп сарғайғаны болмаса, сапалы қағаз екені байқалады. Жазылғанына 520 жыл болған. Бес ғасырдан да көп уақыт. Араб тіліне жетік мамандар алып, оқып, не туралы екенін кеңірек айтса құба-құп. Кітап өз оқырманын күтіп тұр. Әлемдегі ең дамыған тілдердің бірі Араб тілінің мамандарына 5 ғасыр бұрынғы ғалымдардың көзқарасы қызық шығар.

Қолжазбаны 1491 жылдың рамазан айының 11-жұлдызында (бұрынғы жылсанақпен 27 шілдеде) Абдурахман Батами көшірген. Кітап 462 беттен тұрады. Орта ғасырдың көзіндей болған зерттеу еңбегі өте құнды жәдігер. Сырты қатты, түбі теріден иленген. Енді, мұндағы жазуларды оқи алатын мамандар болса, шіркін. Жалпы, жаратылыстың барлық құпиясы осы кітаптарда жасырынған. Шіркін-ай, осы кітапханадағы 500 мыңға жуық кітаптың бәрін оқып шықса ғой. Соның бәрін санада қорытып, сақтап қалатындай жадың мықты болса. Бірақ, қазір технология дамып, адамзат баласы гаджеттердің шырмауына түскен дәуірде бұл мүмкін бе екен? Десек те, ғалымдардың айтуынша, адам миының мүмкіндігінде шек жоқ екен. Дидро деген данышпан «Адам кітап оқуды тоқтатқан күні ойлауды да тоқтатады» депті. Әлемге танымал атақты ғалымдардың миы 4-5 пайыз жұмыс істеген. Сонда, сіз бен біздің миымыз неше пайыз істейді екен? Егер, адамның миы 100 пайыз істеп кетсе, не болар екен? Бұл жайлы ойлап көрдіңіз бе? Ұйықтап жатқан сананы оятып, миға салмақ салып, дүниенің құпиясына бойлап, ми жұмысын жылдамдатуға кітап оқудың ең дұрыс жол екенін айтқымыз келеді. Өмірдің мәні де білім-ғылымда емес пе?

Осы жерден аз аялдап, екінші кітапқа көшейік. Ол жәдігер – 1790 жылы Мәскеуде жарық көрген «Введение географию» кітабы. Алғашқы бетінде – «екінші басылым» деп жазылыпты. Кітапхана қорында 1 данасы ғана. Қатты қағаздан жасалған. Мұқабасы да қатты, шошқаның терісінен иленген. География ғылымының тармақтары мұнда жан-жақты айтылған. Мемлекеттердің, хандықтардың, аралдардың, мұхит һәм теңіздердің тарихы да бар. Жұлдыздар мен аспан әлемі де сөз болады. Көбіне Еуропа елдері хақында айтылған. Бір қызығы көне славян тілінде жазылса да, қазіргі орыс тіліне жақын. Зер салып қараса, оқуға, түсінуге болады. Қазіргі украин тілінің қаріп-таңбалары байқалады. Мұның өзі көп жайттан хабар береді…

Соңғы жағында елдердің елтаңбалары берілген. Елтаңбалардан аңғарғанымыз 18 ғасырда бір елдің бірнеше елтаңбасы болған екен. Мәселен, Ресей императоры мен князьдың елтаңбасы екі түрлі. Бұл да әр дәуірдің өз ерекшелігін білдіреді. Қазақтың ру-тайпаларының да белгілері түрліше болған ғой…

Бұдан бөлек, материктер мен құрлықтардың, жұлдыздардың орналасуы хақындағы қолдан сызылған карталар берілген. Теңіздер мен мұхиттар да бар. Қазақстан хақында дерек жоқ. Бұл кітап та кітапхананың Негізгі қорды сақтау бөлімінің сирек кітаптар қорында бұрыннан бар. Қалай, қайдан келгені туралы мәлімет жоқ. Осы саланы зерттеушілерге таптырмас дүние. 2,5 ғасырға жуық уақыт болыпты, шыққанына. Шошқаның терісінен иленгендігі біраз ойландырды. Кітапханашылар оқушылар мен студенттердің бұл кітапты «харам» дейтінін айтады. Бұл – күрделі мәселе. Бірақ, дін әркімнің өз шаруасы. Ал, ғылым – ортақ. Осыны ұмытпау керек деп білеміз. Сонымен қатар кітапта аралдар, хандықтар, республикалар деп те жіктелген. Ақтарып отырып, «Герб Великого Султана» деген елтаңбаға кезіктік. Бірақ, кітаптан ол сұлтан жайлы ештеңе таппадық. Жарты ай бейнеленген. Соған қарағанда осы кезеңдегі Еуропадағы даңқты Осман империясының сұлтаны болар деп топшыладық. Жұлдыздар жорамалының жөні бір бөлек.

– Сирек және құнды кітаптар қорындағы кітаптар қолға берілмейді. Егер оқырмандар оқығысы келсе, оқу залы арқылы сұраныс жасайды. Сұранысты оқу залы бізге жібереді. Ал, оқу залында отырып қарау үшін ғана береміз. Оның өзінде оқырман сол кітапты алатындай сол бағытта жұмыс істеп жүрген адам болуы тиіс. Кім көрінгенге берілмейді. Өйткені, олар бірнеше ғасырдан келе жатқан тарихи кітаптар және ескі. Жыл сайын ашық есік күнінде сирек және құнды кітаптарды оқырмандарға таныстырамыз. Басқа уақытта көп шығармаймыз. Ал, осы қымбат дүниелерді ел игілігіне жаратқанын қалаймыз, – дейді негізгі қорларды сақтау бөлімінің басшысы Айнагүл Бағзыбекова.

Қазақ ақыл-ойының бір биігі Таласбек Әсемқұлов ежелгі пирамидалар жайлы бір еңбегінде ол алып ғимараттардың әлемнің барлық құпиясын құшағына басқан кітаптарды сақтау үшін салынған болуы мүмкіндігін алға тартады. Есті адам ойланатын жағдай. Кавказ еліндегі көне заман жәдігерлері сақталған алып кітапхана биік таудың басына орналасыпты. Бұл бір қауіпсіздік белгісі десек, Таласбек ағамыздың пікірімен ұштасып жатыр. Ал, Түркі жұртын біліммен сусындатқан Отырар кітапханасы жайлы ойласақ, жүрек тулап кетеді…

Бүгінгі күнге оралсақ, Қарағандының бас кітапханасында сақталған осынау көненің көзіндей болған бағасыз байлық оқырманын күтіп жатыр. Қазақ тілінде шыққан көркем әдебиеттердің өзі оқылмай жатқанда бұл көне кітаптарға сұраныс көп дей алмаймыз. Араб тілі һәм көне славян тіліне жетік мамандар болса, кітапханада күтеміз. Кітаптарда не жазылғанын жобалап білсек те, түбіне жетіп, тереңдей түсу қызық әрі маңызды. Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Бірақ, мың жерден ғаламторға жетік болсақ та, кітапханаға келіп, көне дәуірдің иісін сезініп, шаңын жұтып отырып, рух әлеміне сапар шеккенге не жетсін?! Ал, сөз басында айтқан басқа да сирек кітаптар хақында алдағы уақытта жазбақ ниеттеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button