Біздің сұхбат

Гүлназ БАЛПЕИСОВА: «Спектакль – бейбітшілікпен аяқталатын соғыс…»

Батыс Қазақстанның Шыңғырлау дейтін ауылында туып, Мәскеу жұртын таң қалдырып, режиссер атанған қазақтың қаршадай қызы туралы білесіз бе? Ал, сол режиссер ару 8-9 сәуір күндері С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында әлемдік классика жауһары М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналайды десе, келесіз бе? Қойылым заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына орайластырып отыр. Ол – Санкт-Петербургке оқуға аттанып, күтпеген жерден Мәскеуді бағындырды. Жастайынан талапты бойжеткен Ресейдегі төрт оқу орнын ауыстырып, шарқ ұрып өзін іздеді. Ақыры Мәскеудегі Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, атақты Римас ТУМИНАСТЫҢ зертханасында өзін тапты. Бүгінде аталған іргелі театрдың режиссеры болып жемісті еңбек етіп жатқан Гүлназ БАЛПЕИСОВАМЕН «Арқаның Ақсарайы» атанған өнер қарашаңырағының 90 жылдығы аясында аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

Гүлназ ханым, сөзімізді Қарағандыға, қасиетті Арқа жеріне келуіңізден бастасақ.

Қарағандыға Сәкен театрының басшысы Құрман Қалымовтың шақыртуымен келдім. 2 жыл бойы әр 3 ай сайын маған материал жіберіп тұрған жалғыз басшы. Театр басшысының жүйелі әрі өте тиянақты жұмысын атап өткен жөн. «Қаракөз» трагедиясын жібергенде ойланып қалдым. Неге бармасқа? Өзім классиканы жақсы көремін. Шақыртулар көп болды, бірақ мен Қарағандыға келдім. Директордың қадалған жерінен қан алатын бірбеткейлігі мен талапшылдығы қатты таң қалдырды.

Бұған дейін жаңылыспасам, Алматыда пьеса қойдыңыз?..

Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрында Грибоедовтың «Горе от ума» шығармасын қойдым. Арқа жеріне келуім Қазақстандағы екінші қойылым қоюым болмақ. Ал, қазақ тілінде қазақ труппасымен алғашқы драма сахналауым. Әрине, өте қиын. Бұл – заңды. Қиындықсыз жетістікке жету жоқ. Бала кезімде қазақша сөйлегенмін. Кейін орыс мектебіне ауыстым. Қазір Ресейдемін. Қазақшам онша болмаса да, өте жақсы түсінемін. Қалғаны күнделікті өзім білетін жұмыстар. Спектакль – бейбітшілікпен аяқталатын соғыс. Сондықтан, өз ана тілімде, әлемдік классиканы қоюға бел будым. Командамда менен басқа 4 маман бар.

«Қаракөз» трагедиясын сол дәуір талабы тұрғысынан көреміз бе, әлде, заманға лайықталды ма?

Заманға лайықталды дей алмаймын. Себебі, классиканың аты – классика. Ол уақытқа бағынбайды. Уақыттан озып кеткен. Қанша уақыт өтсе де, құнын жоймайды. Оқисың да өзіңді табасың, достарыңды, анаңды, әжеңді көресің. Сондай-ақ, одан өз дәуіріңнің қалай өмір сүріп жатқанын да аңғарасың. Сол құндылықтар. Үлкендер жастарды түсінбейді, ал, жастар ескі түсінікті бұзып-жарғысы келеді. Ақылға симайтын, адам миы жетпейтін тұстары да бар. Оны өнердің, жазудың құдіреті дер едім. Мәңгілік тақырыптар қашанда өлмейді.

Ал, костьюмдар жағы ше, қазақы ұлттық киімдер бола ма?

Иә, ұлттық киім болады. Бірақ, актердың тұла бойы толық ұлттық киіммен әрленбейді. Киім тек ұлттық жадымыздан хабар беріп тұрады. Өйткені, киім актерды әрлеп, көрерменнің назарын өзіне бұрмауы керек. Киім актердың бет-жүзіндегі қимылды, эмоцияны, сезімді жеткізуге кедергі болмауы тиіс. Керісінше, негізгі идеяны алып шығуға, режиссердың қойған мақсатына жетуге көмектесуі қажет. Бұл – өте маңызды.

Декорацияның қалай болатынын да білгіміз келіп отыр.

Декорациядан – даланы көресіз. Ән салып тұратын сайын даласы қазақтың. Кейбір қажетті әрлеулер болады. Бірақ, негізінен қазақтың сайын даласын көрсеткім келеді. Ойдың, қиялдың кең байтақ даланың төсінде еркін көсілгенін қалаймын. Трагедияның көтерер жүгі мен сахна безендірілуінің сәйкес болғаны керек. Мен жылтыраққа әуестер қатарынан емеспін. Маған көрерменннің сол дәуірге сүңгіп кетіп, өзін ұмытып, демалғаны керек. Кейіпкермен бірге тарих қойнауына сапарлап, солармен бірге күліп, қайғысына ортақ болғанын көргім келеді.

«Қаракөзге» өз тарапыңыздан не қостыңыз?

Оны 8-9 сәуірде өтетін премьерадан көресіздер. Режиссер ғана емес, кез келген оқырман классикалық туындыны оқыса, өзін көреді. Шамасы жеткенше, өздігінше ой қорытады. Сол сияқты әркімнің өз «Қаракөзі» бар. Менің де өз «Қаракөзімді» көресіздер, бұйырса. Бұл классиканың, үлкен әдебиеттің күші дер едім. «Қаракөз» – трагедия, трагедия болып қалады.

Енді, өзіңіз жайлы аз кем айтсаңыз. Ресейге қалай бардыңыз?

Менің 1-2 жас үлкен құрбым Петербургқа оқуға түсті. Мен де сол тарихи қалаға оқимын деп өзіме ант еттім. Бөлмемнің бәрі Петербургтың суреттерімен толы болатын. Алдымен, анам екеуміз Ақтөбеден Санкт-Петербургқа автобуспен бардық. Анам 11 сыныпты сонда аяқтауды ұсынды. Мен мектепте қоғамдық жұмыстарға белсенді болсам да, математикалық бағыттағы пәндерді суқаным сүймейтін. Әу бастан еркіндікке, еркін ойлауға құмармын. 3 мың рубль төлеп барған дайындық курсым қиындау болды. Қырсықтығым да байқалды. Мүмкіндігімізді көрсетуге 1 күн ғана уақыт берді. Кейін Ақтөбеге келіп, өзім оқыған көркем-өнер мектебінде күн-түн демей дайындалдым. Дизайнер-модельер болам деген арманыма адал болдым. Ақтөбедегі ұстаздарыма шексіз алғыс айтамын. Осылай, Петербургтағы А.Штиглиц атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркем-өнеркәсіптік академиясы түстім, ол көп адамның арманы еді. Түстім де, 2 айдан кейін шығып кеттім. Себебі, күніне 200-ге жуық сурет саласың. Соның 196-сы жыртылады. Есіл ғана еңбегім мен сүйікті картиналарым менің…

Сөздеріңізден анаңыздың қатал мінезін байқағандай болдым.

Иә, анам студент атанбағанша, маған қоңырау соқпа деді. Осы кезде маған ағам көмектесті. Туризм бойынша менеджер мамандығына оқуға түсіп, осы бағытта жұмыс істеп, ақша таба бастадым. Маған ағылшын тілін білгенім көп көмектесті. Елдегі №25 мектепте ағылшын тілінен оқытқан ұстаздарыма ризамын. Соның арқасында табыс таптым. Қысқасы, мен төрт институтты оқып, төрт мамандық ауыстырдым. Алдымен, суретші болып, қол емесін түсіндім. Кейін, костюм бойынша суретші болып, актерлықта да өзімді сынап көргім келді. Өйткені, костьюм бойынша суретші бола жүріп, актерлықтың да қолымнан келетінін ұқтым. Осы арманым жетелеп, Мәскеуге келіп, ГИТИС-ке (Ресей театр өнері институты) түстім. Бірақ екі жылдан кейін оны да тастап кеттім. Не істеу керек? Режиссураға түсуге бел будым. Бірақ, бірінші рет конкурстан өте алмай, Тетербургке оралдым. ГАТИ-ге ( Ресей мемлекеттік сахна өнері институты) театр сыншысы мамандығына түстім. Ал, Римас Владимировичтің Туминас Щукин театр институтында шәкірттер қабылдап жатқанын естіп, әрекет етпесем, бәрі бекер екенін түсіндім де, қайтадан Мәскеуге бардым. Режиссерлыққа осылай келдім.

Жаңылыспасам, мектепте орыс сыныбында оқыдыңыз?

Мектепке 1996 жылы мектепке бардым. 1 сыныпта анам мені орыс сыныбына ауыстырды. Бір жыл қиналдым. Анам көмектесті. Жазғы демалыста орысшаны меңгеріп алдым. Қажеттіліктен жылдам үйрендім. Қатесіз жазуды меңгердім. Басында сөйлемей жүріп, бірден сөйлеп кеттім. «Орысша білмейсің» дегендермен төбелесе кететінмін. Мінезім шатақ. Кейін маған ешкім тиіспейтін болды. Сол мінез әлі келе жатыр. Қадалған жерімнен қан алмай тынбаймын. Барған жерімнен нәтиже шығарамын. 6 сыныпта «Соғыс және бейбітшілік» романын оқыдым. Оған дейін мектепте оқуға беретін барлық классиканы оқып, тауыстым. Осылай классиканың дәмін ерте таттым және әлі күнге оны қатты құрметтеймін. Менің осындай дәрежеге жетуіме, ой-өрісімнің биік болуына, талапты, жігерлі болуыма классикалық әдебиеттің зор көмегі болды. Анамның тәрбиесі бір бөлек. Ол талап қояды, орындауың керек, бітті. Анам заңгер, сот болған қаншама жыл. Өте қатал. Осылайша, ерте есейіп, жылдам әрі өздігімнен шешім қабылдап үйрендім. Адаспағанымды көріп отырсыз.

Бірнеше оқу орнын ауыстыруыңызға да осы мінез кінәлі ме?

Неліктен мен бірнеше оқу орнын ауыстырып, өзімді іздедім. Өйткені, ертең өкінбеуім керек деп ойладым. Менің жаныма ең жақыны осы режиссерлік болды. Осы салада мен өзімді таптым. Өзімнің бар интеллектім мен мүмкіндігімді елге ұсына аламын. Өмір бойы осы салады тер төгіп, соңыма із қалдыра аламын. Оның үстіне, мен суретшіні де, костьюм бойынша суретшіні де, театр сыншысын да, актерды да жақсы түсінемін. Ол сатыдан өзім өттім, өйткені. Сөз соңында айтарым, Ресейде жүрсем де, қазақша сөйлемесем де жаным, рухым – қазақ. Мен әлі күнге Қазақстан азаматымын. Оны ауыстыруға талай ұысыныс жасалды. Мен бас тарттым. Ауыстырмаймын да…

Дайындық арасында уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге көп-көп рахмет! Премьераның жоғары деңгейде өтуіне тілекшіміз.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button