Көрме

Өмірге деген құштарлық

Олардың бойында өмірді танып-білуге деген құштарлық бар. Білгеніне, сезінгеніне балаша шаттанады. Мұндай жандарға қоғам қашанда құшағын ашады, жақын тартады. Бұлар тумысынан ерекше жаратылған көру мүмкіндігі шектелгендер еді.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде көруінде ақауы бар жандарға арналған «Этноәлем – сезгіш көздер сезінсе» атты көрме ұйымдастырылды. «Музей бәрі үшін» меморандумы аясында зағип жандарға арналған арнайы кітапхана облыстық музеймен бірлесіп, осымен үшінші рет көрме өткізді. Тарихи-өлкетану музейі зағип жандарға қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен танысуға мүмкіндік берді.Музейдегі көрмеге ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрін айшықтайтын құнды жәдігерлер қойылған. Оның ішінде шаңырақ, кереге, уық, көрпе, жастық, домбыра, қобыз, тұрмысқа қажетті металдан жасалған кепсерлер, кішігірім тайқазан, ежелден келе жатқан шоқпар секілді қару-жарақ, теріден жасалған торсық секілді қазақ халқының ұлттық құндылығын танытатын мұралар бар. Ал екінші бір бөлігі Ғарыш айлағына арналған. Мұнда қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің киген кителі мен ғарышқа ұшқанда қолданған заттары, фотосуреттер, ғарыштық спутник моделі, сувенирлер, К.Станиславский атындағы театрдың «Қону аймағы белгісіз» атты спектакльдің костюмі, ғарыш сериясы топтамасының маркалары қойылған. Музей қорынан ұсынылған жәдігерлер зағип жандар оқи алатын Брайль қарпімен таңбаланып берілген. Көрме аясында қойылған заттар мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделіп, музей қызметкерінің тифлотүсініктемесімен өткізілді.

Мұндай көрмелер облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, 2021 жылдан бері қабылданған меморандум аясында өткізіліп келе жатыр. Бұл – үшінші көрме. Негізгі мақсат – зағип және көз мүгедектігі бар адамдарды музейдегі жәдігерлермен таныстыру. Кітапхананың тарапынан арнайы тифлотүсініктеме жазылды. Музей қызметкерлері соның негізінде көрсетіп таныстырады. Көрмеге жалпы 12 адам келді. 3 күн қатарынан түске дейін, түстен кейін 10-15 адам тамашалайды. Бірінші және екінші көрмеде 70-тен астам адам келіп қатысты. Бұрын зағип жандардың өздігінен музейге келуі қиындау болатын. Ал, қазір меморандум аясында осындай мүмкіндікке қол жетті, – дейді Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Айнұр Шаймұханбетова.

Көрмеге қатысушылардың жүзінен білуге деген құштарлық байқалды. Әрбір жәдігерді көз жанарымен көрмесе де, қолымен ұстап, жүрегімен сезінді. Олардың жүзінен қуаныштың лебі сезіледі.

Мұндай жобалар әлі де жалғасын тапқанын қалаймыз. Себебі, біз сияқты зағип жандар осындай нәрселерді танып, білгісі келеді. Біз көрмеге бұрыннан білетін жәдігерлерді қолмен ұстап, танысу үшін келдік, – деді Тәттімбет атындағы колледждің 2-курс студенті Сағынай Сағыныш.

Көрмеден алған әсерімен бөліскен Амантай Каримов киіз үйді көріп, балалық шағы еске түскенін айтты.

Мен өзім 2012 жылы Өзбекстаннан көшіп келгенмін. Алыста қалған балалық шақта киіз үйде тұрғанбыз. Біз оны қара үй деп атайтын едік. 6 қанат, 12 қанат қара үйге қоныстандық. Көрмеге қойылған киіз үй осының бәрін көз алдыма әкелді. Одан бөлек, қазақтың ұлттық аспаптары қобыз, домбыраны да байқадық. Міне, осындай жәдігерлерді тамашалап, жақсы әсер алдым, – дейді көрмеге келген Амантай Каримов.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button