«Біздің заманымыз – келер заманның атасы…»

«Бұрын біз компьютер түгілі телефонды да білмеуші едік» деген талай жанның сөзін естідік. ХХІ ғасыр заманы басқа бағытпен жылжып барады. Біз бәріміз сол заманның уысындамыз. Қазір телефон ұстап, смартфонның құлағында ойнайтын жап-жас балаларды көргенде үлкендердің айтатыны: «Заманы ғой. Заманына тартып туған…»

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген еді Алаш ардақтысы А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ. Келер заманның атасы болған біздің дәуір бәрімізді жаңа бағытқа қарай ығыстырып бара жатқанын байқадыңыз ба?

Білім беру жүйесінде жаңа технологиялар енгізуде. Мұғалімдердің көпшілігі сол технологияларды қалай қолданатынын жазып, мақалаға арқау етеді. Бірақ әлі де жетіспей жатқан тұстарымыз көп. Онлайн оқуға ауысқанда цифрлық сауаттылық жағы кемшін екені байқалды. Бірақ, бұл бәрімізге сабақ болды. Қазір түрлі деңгейде мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға көптеген курстар ұйымдастырылып отырады.

Бүгінгі балалар ойнап жүріп оқиды. Қазіргі білім беру үдерісінде бұл таңсық дүние емес. Телефон арқылы ойнатып, QR кодпен бағалап жүрген мұғалімдерді де көрдік. Бірақ, қалалық мектептердегі мұғалімдердің бәрі емес. Ауылдық жерлерде қандай екені айтпаса да белгілі.

Жарайды, бұл мұғалімдерге, яки үлкендерге қатысты әңгіме.

Бүгінгі балалардың техника туралы танымы қандай? Олардың танымы үлкендерден салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бүгінгі жастар – қоғамның қозғаушы күші. Замана көші ілгерілеген сайын, дүниетаным мен құндылықтар ауысады. Бүгінгі жастардың ойы тіптен бөлек. Олардың өз бағыты бар. Қазір смартфон ұстағаны былай тұрсын, ойы озық оқушылардың арнайы технологиялардың көмегімен жасанды интеллект жасағанына куә болудамыз. Техника заманының жастары соған бейімделіп келеді.

Одан қалды, қазір әрбір жерде топтасып тұрған оқушыларды көресің көшеден. Тіпті, оны мектепте де түсіретіндері бар шығар. Сыртынан көрген үлкендер оны түсінбеуі мүмкін. Алайда, олардың топтасып Tik-tok түсіріп тұрғанын байқау қиын емес. Әлеуметтік желіні ұршықтай иіретін балалар арасында қазір парақша жүргізетіндері де бар. Парақшаны гүлдендірем деп, күні-түні телефоннан бас алмайтын баланың әрекеті әжептәуір жұмыс. Оқырмандарына қызықты дүние салғысы келеді. Сол үшін «еңбектенеді».

Мұның бәрі қазіргі техника заманының баласына тән.

Қазақстанға танымал IT саласының білгір маманы Тимур Бектұр өз парақшасында бүгінде бағыты айқын, көзі ашық, ойы озық, кретив ойлайтын жастардың көп екенін айтып, өзінің жобасын таныстыру үшін әдейі іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын жастардың барына қуанатынын жеткізіпті. Бұл нені білдіреді? Бұл цифрландырудың өзі құндылыққа айналып бара жатқанын білдірсе керек. Сонымен қоса, бір елдің өзге елдермен иық тіресе алатындай қабілетін дамытумен пара-пар. Цифрлық технологияның құлағында ойнайтын жастар көбейсе, Қазақстанды әлемге танытады деген ой тұр ар жағында. Расы солай. Сондықтан, әрбір ата-анада, мұғалімде телефоннан бас алмайтын баланы осындайға бағыттау керек пе деген ой туындауы тиіс. Себебі, телефонын алып қойып, бірдеңе үйретем деу қазіргі заман баласына тән емес.

Заманды мойындағысы келмейтін үлкендердің қазіргі баланың ойына тұсау салатын уақыты келмеске кетіп барады…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.