Біздің сұхбат

Айгүл ІСМАҚОВА: «Байтұрсынұлының жоғалған кітаптары табылады»

Ахмет Байтұрсынұлы ұлт үшін еңбек етті. Артында қалған мол мұрасымен ұлтына, еліне, өзіне мәңгілік ескерткіш орнатты. Ұлты үшін істеген қызметін бүгінгі ұрпақ ұлықтап, еш уақытта ұмытпайды. Алаш мұрасын зерттеп жүрген ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл ІСМАҚОВАМЕН ұлт қайраткерінің өмірі мен еңбектері жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

Айгүл Серікқызы, бір сөзіңізде шет елдерде дәріс беремін дедіңіз. Ахмет Байтұрсынұлы әлемдік деңгейде қалай дәріптелуде? Алаш арыстарына бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?

Өзге елдер дәріс оқуға жиі шақырады. Ахмет Байтұрсынұлы туралы дәріс бергенде Алаш саяси элитасымен бірге айтамын. Қазіргі әлемдік білім беру жүйесі пәнаралық дискурсты қажет етеді. Дәрісте Ахмет Байтұрсынұлын тілтанушы, түркітанушы, әдебиеттанушы ретінде ұлты үшін еткен еңбегімен таныстырамын. Бүгінгі ұлт мемлекеттілігі – тарихи контексте. Қазіргі қажеттілік тұрғысынан Алаш арыстары туралы айтқанда қазіргі қоғамның сыни көзқарасын да қамту керек. Тарихтан бөліп алып, Ахмет Байтұрсынұлы тек тілтанушы, әдебиеттанушы, ақын деп айту – қазіргі заманның сөзі емес. Бүгінгі заманның ғылымы – пәнаралық тарихи контексте. Ахмет Байтұрсынұлы – 100 жыл бұрын әлемдік деңгейде мойындалған түрколог. Міне, сондықтан, ХХІ ғасырдың жастары түсінетіндей, бүгінгі заманның сұранысына сай Алаш туралы ғылыми қағидаларды айта беру керек. Алаш саяси элитасының көшбасшысы – Әлихан Бөкейханұлы болса, Алаш саяси элитасының, үкіметінің, партиясының рухани көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы болған. Ол – берілетін атақ емес. Ұлт қайраткері – сол атақты бүкіл өмірімен ақтап шыққан бірегей тұлға. Ғалым, түрколог, саясаткер ретінде әлемдік деңгейде бүгін насихатталып жатыр.

Тілшілер қауымы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» сияқты «Тіл танытқыш» атты еңбегі болған дейді. Бірақ, ол жоғалып кеткен. Сондай-ақ, жоғалып кеткен еңбектерінің қатарында «Мәдениет тарихы» атты кітабы да бар. Мұны енді іздеп тауып, зерттеп-зерделеу жас ғалымдардың еншісіндегі іс деп ойлаймыз. Бұдан басқа Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің зерттелмеген, ашылмай жатқан тұстары бар ма?

Ашылмай жатқан тұстары өте көп қой. Бұлар қуғын-сүргін заманда өмір сүрді. Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерін басқа біреудің атынан жариялауға рұқсат берген. Бұл кісінің оқулықтары, методикасы соқырға таяқ ұстатқандай қазақ білім беру жүйесіне өте қажет болды. Қалай болғанда да ел қажеттілігіне жарасыншы деді. Олар өздерінің атылып кететінін білді.

Ал, олардың тәркіленген еңбектері жоқ болып кетті. Кеңес үкіметі кезіндегі НКВД тәркілеген мұраларының көбісі – Мәскеуде. Алматыда тұтқындалса да, оның бәрі кезінде орталыққа жіберілген. Мысалы, біз «Мәдениет тарихын» ғана жоқтамаймыз. «Әдебиет танытқыштың» нұсқаушы екінші кітабы болған. Себебі, ол осы еңбекте «Нұсқаушыны қара» деп үнемі бір кітапқа сілтеме жасайды. Алайда, бұл жоғалып кеткен.

Ал, «Мәдениет тарихы» туралы Әлімхан Ермековтің мынадай жазбасы бар: «А.Байтұрсынұлынан хат келді. «Биыл «Мәдениет тарихы» қолыма тиді, бір данасын Әлиханға, Мәскеуге жібердім. Екінші данасын Бадрисафаның қызыл көрпесінің ішіне білінбейтіндей етіп тігіп қойдым. Бұл Қостанайда өзіміз тұрған үйде сақталсын дедім», – деп жазылған.

Осы екі кітапты іздеп жүрміз. Қостанайлық азаматтар: «Бадрисафаның жинаған кітаптары Ахаңның ұрпағына берілген. Бірақ, 1937 жылы Ахаңның кітабын сақтамақ түгілі атын айтуға қорқатын кезде азаматтар оны екі қазанды беттестіріп, соның ішіне салып, үйлердің маңайына жерге көмген», – дейді.

Мен бұл кітаптардың табылатынына сенемін. Себебі, анда-санда маған қостанайлық бір кісілер хабарласады: «Апай, ол кітап табылады» деп. «Осындай ауылда болуы мүмкін», – деп іздеп жүрген азаматтар бар.

Ал, Әлиханға жіберген бір данасына келетін болсақ, Әлихан тұтқындалғанда үйінде қалған бүкіл кітабы география қоғамының мүшесі, академик Сергей Ольденбургке берілген. Әлиханның қызы Элизавета естеліктерінде солай деп жазады. Бірақ, Ольденбург саяси бейтарап адам болған. Ол кісінің архиві Санкт-Петербургте, ал ұрпағы Америкада тұрады. Сол ұрпағымен қазір біз пікір алысып жатырмыз. Егер рұқсат болса, ол Ленинградтағы үйде тұрған шығар, немесе бір саяжайда тұрған шығар. Белгісіз. Алайда, Ольденбург еврей ұлтының адамы. Еврейлер аманатқа адал келеді. Ол жерден Әлиханның біз іздеп жүрген мұралары және Ахмет Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы» шығып қалады деп ойлаймыз. «Мәдениет тарихын» қолға ұстаған Мұхтар Әуезов: «Қара көк кітап биыл (1923 жылы) шықты. Қалыңдығы төрт кірпіштей және сыртында «Мәдениет тарихы» деген алтын жазуы бар», – депті. Кітаптың нұсқасын, түрін, көлемін білеміз. Бірақ, іздеп жүрміз. Құдай қаласа, табылады деп ойлаймын.

Сіздердің еңбектеріңіздің негізінде «Ұлт ұстазы» атты фильм жарыққа шықты. Тарихи шындық пен көркемдік шындық үйлесім тапқан туынды болды бұл. Ахаң әлемі жаңа қырынан ашылды. Сіздің ойыңызша, осы кинода Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің қай кезеңі қамтылмай қалды? Қай кезеңі көрерменге жетпеді?

Қарқаралы кезеңі қамтылмай қалды деп ойлаймын. Мұғалімдік, ұстаздық, мектепте сабақ берген кезі қамтылмады. Ахаң әуелі Ақтөбеде ұстаздық қызметін бастаған. Кейін Қарқаралыға келіп, сабақ берді. Ғұмырында ұстаздық, ауыл мектебі, бастауыш мектептің жайына ерекше көңіл бөлді. «Ұлт болуымыз үшін бастауыш мектептің абыройын көтеру керек», – деді ол. Келешек тұлғаның отансүйгіштігі мектептен қалыптасады. Міне, осы тұсы қамтылмай қалды. Дегенмен, фильм жақсы шыққан.

Жуырда осы киноны түсірген топ Әлихан Бөкейханұлы туралы жаңа туындыны түсіруге оның туған жері – Ақтоғайға келеді. Мені мұнда ғылыми кеңесші ретінде шақырып отыр. Құдай қаласа, Әлиханға қатысты Қарағанды облысына келіп тұратын боламыз.

Қазіргі білім беру жүйесінің бағыты Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық ой-пікірімен сәйкесе ме?

Біздің мемлекеттің бюджеті талан-таражға түсіп кетті ғой. Біз тым болмаса бастауыш мектепке деген көзқарасты қайта қалпына келтірсек, сапалы оқулықтарға ие болсақ, мұғалімдердің жағдайын көтеріп, «сіздер ұлтты тәрбиелеп отырсыздар» деп есіне салсақ болды ғой. Мектепті көтермесек, біз мемлекетті көтере алмаймыз! Ахмет Байтұрсынұлы да бастауыш мектепке көңіл бөлу қажет екенін сонау ХХІ ғасырдың басында айтып кетті. Ата-ана мектепке баласын «адам болсын» деп жібереді. Мектепке келгенде біз шаршаған мұғалімді көреміз, қалай болса солай жазылған оқулықты көреміз. Сондықтан, бастауыш мектепті мемлекеттік деңгейге көтеріп, саясатты өзгертуіміз керек. Тәуелсіз ел боламыз десек, сауатты, мықты, интеллектуалды ұрпақ бастауыш мектептен шығатынын ескеруіміз қажет. Менің студенттерім айтады: «Біз мектепте Алаш әдебиетін оқыдық. Бірақ, бізге тура осындай қылып түсіндірсе, мен мүмкін басқа жерде оқитын едім ғой. Біз шетелдік кітаптарды алып оқимыз. Біздің мотиваторымыз Алаш идеясында тұр екен ғой, осыны мектептен біліп шықсақ қой», дейді. Мектептің жағдайын дұрыстамай, біздің тәуелсіз, мықты, интеллектуалды ел болуымыз екіталай.

Ауылдың баласы ауылда қалып бара жатыр ғой мына заманда…

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button