Балалар жылыБұқар жырауРуханият

«Бар талантын балаларға арнаған»

«Қонақ келе жатыр. Алдынан шығып күтіп алыңдар, балалар…» Осы сөзді естіген балалар, қонақтың алдынан шығып, жамыраса сәлем берді. Ақ көңіл жан алдына келген әр баланың маңдайынан сүйіп, арқасынан қақты. Бұл қонақ – балалар жазушысы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Толымбек ӘБДІРАЙЫМ еді. Қолын ұсынған балалардың бетін қақпай, батасын берген әз ағаның осы бір әдебі елді сүйсіндіріп-ақ тастады. Жазушы балалар жылына орай облыстық Абай атындағы кітапхананың «Балалар, Сіздер үшін жазамыз» жобасы аясында Бұқар жырау ауданының орталықтандырылған кітапханасында оқушылармен кездесті. Шара «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атындағы мектептің 5-сынып оқушыларының арнайы әзірлеген қойылымымен басталды. Олар жазушының «Ала бұға аулаған күн», «Құс қанаты», «Тағдыр сыйы», «Ағыл-тегіл», «Аққоянның үйшігі», «Бұралаң жол» шығармаларының шығу тарихы мен мазмұны, тәрбиелік мәні туралы айтты. Көріністен соң жазушының өмірі жайлы әзірленген арнайы бейнебаян көрсетілді. Айта кетейік, кездесуге аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдар Оспанов, «Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы» басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева мен кітапханашы, жоба жетекшісі Олег Лебедев арнайы қатысты.

Карантиннен кейінгі үлкен кездесу деп осы шараны айтуға болады. «Ағамыз ауданға келеді» дегенді естіген балалар арнайы сұрақтарын әзірлеп, асыға күтті. Балалар жазушысы болу – үлкен жауапкершілік. Себебі, өскелең ұрпақ өзіңе қарап бой түзейді. Бүгінде ағамыздың бірнеше кітабы кітапхана қорында сақтаулы. «Балалар – кітап оқымайды» дейді ғой. Аудан жастары керісінше, кітапханаға үйір. Мұғалімнен тапсырма ала салысымен бірден осында келеді. Кітапхана қоры – мол. Бәрін осы жерден таба алады. Арамызда болашақ ақын, жазушы, журналист те болуы мүмкін. Ал, олар үшін осындай шаралардың маңызы зор. Сондықтан, алдағы уақытта мәнді де мағыналы кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз, – деді Бұқар жырау ауданының орталықтандырылған кітапхана директоры Айгүл Жексенбаева.

Балалар жазушыға балалық шағы, шығармалары мен түрлі тақырыпта сұрақ қойды. Шешенқара ауылдық кітапханасының оқырмандары «Жақсылыққа жақсылық» әңгімесінен қойылым қойды. Сондай-ақ, замандас қаламдастарының жазушыға берген бағасы, ой пікірлері, нақыл сөздері де кеш барысында жатқа айтылды.

«Неге балалар жазушысы болдыңыз?» деген сауал көп қойылады. Негізі, «Балалар жазушысы» деген болмайды. Жазушының барлығы бірдей. Тек, олардың таңдауы әр түрлі болады. Ал, мен «Не себепті балалар әдебиетін таңдадыңыз?» деген сұраққа жауап берейін. Үйде 8 бала өстік. Үлкен әпкем азды-көпті музыкалық аспаптарда ойнайтын. Сол кісіден сұрап, мен де үйренуге талпындым. 2-сыныптан бастап әкем мені кітап оқуға үйретті. Кешкі ас ішіп алған соң үйдегі Батырлар жырынан бастап, түрлі ертегі кітапты оқитынмын. Сол уақытта әдебиетке көңілім ауған еді. 4-5-сынып оқып жүргенімде ән айтып, сахнаға шықтым. Ал, 7-сыныпта мектептегі қабырға газетіне бұзық бала жайлы өлеңім жарияланып, мектеп ішінде «ақын бала» атанып кеттім. Көп ұзамай кезіндегі «Қазақстан пионері» газетінің бір санына өлеңім, суретім мен мақалам қатар жарияланды. Міне, сол уақыттан бастап «мен әнші емес жазушы боламын» деп армандадым. Кейін осы газетке 80-нен астам әңгіме мен өлеңім, ертегі мен мысалдарым жарияланды. Бүгінге дейін жарыққа шыққан 10 кітабым болса, соның 6-уы балаларға арналған. Жазушылық жолға – осылай келдім, – деді Толымбек Әбдірайым.

Жазушының тастанды баланың өмірі жайлы жазылған «Тұнжыр» шығармасы бар. 5 «а» сынып оқушысы Мейрамбек Айор шығарманың үзіндісін оқып, көптің назарын өзіне аударды.

Шығарманың прототипі шын өмірде бар. Өзім білетін, жақсы танитын баланың өмірі жайлы жазылған. Күндердің күнінде бір танысым «Әке-шешесі тастап кеткен бір бала бар. Ол қазір осы жерде өмір сүріп жатыр» деп бастан аяқ оқиғаны баяндап берді. Ал, осы оқиға маған қатты әсер етіп, үйге келісімен бірден қағаз бетіне түсірдім. Содан бері 4 жыл жарыққа шықпай, жарияланбай жатты. 4 жылдан кейін түсімде «Анау «Тұнжырыңды» бітірсеңші» деген беймәлім дауыс аян берді. Ұйқымнан тұра сала туындымды аяқтап, жарыққа шығардым, – деді жазушы.

Жазушыдан туған жері жайлы сұрағанымызда:

Отияр деген ауылда дүниеге келдім. Солақай саясаттың салдарынан ел ауып кетті. Қазіргі таңда ешкім тұрмайды. Кейінірек, бір кейуана жалғыз тұрды. Бала-шағасы қалаға қоныс аударған. 5 жыл жалғыз өзі өмір сүріп, туған жерінен о дүниеге аттанды. Осы оқиға да жаныма қатты әсер етіп, «Жапандағы жалғыз үй» шығармам туды, – деп жауап қатты.

Кеш соңында ата-баба салтымен жазушының иығына шапан жауып, ауданының тарихы топтастырылған жинақты сыйға берді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button