Баған

«Ақыл – алтау, ой – жетеу…»

Бұрынғы өткен ардақты абыздарымыз ел-жұртына, халқына қасіреті тиетін ауыртпашылық келгенде сары уайымға берілмей, сабыр сақтаған. «Ақыл – алтау, ой – жетеу» болды-ау демей, батыл шешім іздеген. Осылайша, оның кесірінен құтылудың айла-амалын қарастырған.

Солардың қай айтқаны болса да анық себебі бар, шырайлы шындық. Ендеше, «Әр пенденің пешенесіне жазылған бір сұрқылтай болары хақ» деген әулиелік те, соғыстан кейін дүниеге келген біздің буынның өмірі де «ес кіріп, етек жиғаннан бері» бірсыдырғы байсалды болғаны рас еді.

Ал, мынау жаһанды жалпағынан жайпап келе жатқан, көршілес сансыз жұртың бір мекенінде тәжірибе кезінде қолдан шығарып алып, қасірет әкелген іңіршек індет, қазіргі алпысты алқымдап, жетпісті желкелеген жасымызда біз көрер сол сұрқылтайдың соңы болғай деп ниет етеміз. Беті қайтқан сияқты еді, қайта өршитін түрі бар.

Шындығында, қит етсе «өркенниеттің өріндеміз» деп арындаймыз. Кәрі құрлық елдерінің дәрменсіздігін, жайшылықтағы сайрайтын жабық саясат сырындай емес, ұнжырғасы түскен жұрттың жөн-жобасыз індетке дайындығының аздығын көрдік. Алыптардың да шарасыздығын, шындап келген індетің күштінің күшіне, өңдінің түсіне қарамайтынын бар әлемге паш етті.

Үлкендер айтпақшы, «Аспақтың да бір саспағы» болатыны осы шығар, сірә. Мұның Алланың жіберген сынағы еместігін дәлелдегісі келетіндерге айтпағым, өткен әлемдік тарихта да бұл жөніндегі дәйекті мысалдар жетерлік-ақ. Олар тәртіпсіздік пен жүгенсіздік жайлап, Алланың қаһарына ұшырап, жанартау жұтқан Помпей қаласы. Сонымен қатар, келеңсіздікпен бір-бірін түсінбеушілік билеп, салынып бітпей жатып құлаған ескі Вавилон мұнарасын еске алсақ та жеткілікті.

Қай деңгейде болмасын жалпыға бұл мен айтпасам да белгілі жайт. Осыны көпшілігіміздің көзіміз көріп, қолымызға ұстағанша аса мән беріп, ақылға салмайтынымыз өкінішті. Бойымызды меңдеген бойкүйездік пен немқұрайлылықтың, жақ аштырмай тәнімізге, сүйекке сіңген бодандық сананың кесірінен де болар-ау осы…

Менің жаратқан Аллаға сыйына отырып, адал ниетпен нақ тілерім, шығын салдары мейлінше аз болса екен. Ұлтымызға тән байсалдылық пен пайым-парасаттылық ерен елдігімізбен береке бірлігіміздің арқасында, ел сеніп отырған билік серкелерінің жанашыр жұртын қиыннан қиыстыра алып шығарына үлкен сеніммен қарап, нақтылы жанашыр болуымыз қажет. Санитарлық талаптарды сақтауға міндеттіміз.

Қарсы алдымызда жауапты сынақ, ақыры әзірге болжаусыз қатердің екінші кезеңі тұр. Баршамыз бірдей қойылған талап-тәртіпті тапжылмай орындап, жігерсіздіке бой бермей, ерекше қам-қарекет жасаудың өткір талабы – бұл. Немқұрайлылықтан арылайық, өйткені бұл нәубет өз жөнімен өте шығар маусымдық шаруа емес. Созылып барады.

Есімізді жиып, жауапкершілікпен қарайық, сақтанайық, жақындарымызды ойлайық.

Ел мен жердің ертеңі, жанашыр туыс пен бала-шағаны ойлап, қамданбасақ, соңы қайталанбас қатал тағдыр талқысы болуы ықтимал.

Сондықтан да «Жақсы ниет – жарым ырыс» деп, жақсылыққа ұмтылайық.

Елдің ертеңі үшін, бүгінгі қиындықпен қаймықпай күресейік!

Біз – біргеміз!

Аманжол ҚУАНБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button