ЕРЕУІЛ және ЭФИР

…Донбасс, Кузбасс, Воркута шахтерлерінің наразылық акцияларының жалғасып жатқанына біраз уақыт болғанда, Қарағанды кеншілері де алаңға шықты. Бұл 1989 жылдың 19 шілдесі болатын. «Қарағанды шахтерлерінің 1989 жылғы ереуілі» деген атпен тарихта қалған кеншілердің осы алғашқы бас көтерулері сол кездегі Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының көгілдір экраны мен эфирінен тәулік бойына тікелей эфир арқылы таратылғаны бүгінде аңыз тәрізді. Шахтерлердің экономикалық талаптарды алға тартып, алаңға жиналып отырған наразылық акциясын тікелей эфир арқылы қалың көрермен мен тыңдарманға жеткізу біздің тарапымыздан да өзіндік ереуіл сипатты еді.

Өйткені, 1985 жылы наурызда КПСС Орталық комитетінің Бас хатшысы болып Горбачев сайланғаннан «мызғымас» Одақта өзгерістер кезеңі басталып, «қайта құру, жариялылық» деген сөздерге де құлағымыз үйрене бастағанымен, «лито» деп аталатын цензура жойыла қоймаған-ды. Эфирге шығатын әр хабардың сценарийі алдынала сүзгіден өтіп, литоның қолы қойылып, мөрі басылмайынша хабар жазылмайтын. Сол кездің темірдей тәртібі – әрбір телевизиялық та, радио хабар да эфирден бұрын таспаға жазылады да, ол хабардың мазмұны мен стилі қатаң тексеріледі. Демек, тікелей эфирден хабар тарату үрдісі «Жаңалықтар» бағдарламасынан басқа хабарлардың маңдайына жазылмаған. Осы тұрғыдан алғанда алаңға жиналған мыңдаған шахтерлердің қақ ортасынан бірден эфирге сағаттап тікелей хабар беру – сол кездегі телерадиокомпания төрағасы Бақытжан Мұқышев бастаған облыстық телевизия мен радио журналистерінің, операторлары мен режиссерлерінің де жүйеге қарсы өзіндік наразылығы десек артық болмас.

Марқұм төрағамыз, (жаны жәннатта болсын) Бақытжан Мұқышев тез шешім қабылдайтын, батыл журналист әрі іскер ұйымдастырушы азамат еді. Таңертеңгілік лездемеде «Қарағандыкөмір» бірлестігінің ғимараты (қазір ол ғимаратта Облыстық әкімдік орналасқан) алдындағы алаңға «Тентек» шахтасының кеншілері бастаған, бірлестікке қарасты 26 шахтаның басым бөлігінің шахтерлері қолдаған ереуілдің болып жатқанын және оны біздің телевизия мен радионың эфирінен беруіміз керектігін айтып, алдымызға нақты міндет қойды. Телевидениеге қарағанда Облыстық радионың күнделікті эфирлік сағаты аздау, аптаның алты күнінде таңертеңгілік 7.15-тен бастап, 45 минут қана эфир, ал кешке бір-бір жарым сағаттық эфирлік уақытымыз бар. Телевидение барлық камераларын алаңға шығарды, ал радиожурналистер болса репортерлерімізді қосып қойып, алаңдағы барлық әңгімені жазып аламыз да, кезекпен эфирге береміз. Біреуміз эфирде отырсақ, екіншіміз алаңдағы оқиғаларды таспаға түсіріп, комментарийлерін қоса жазамыз.

Одақтағы үшінші көмір бассейні деген мәртебесі бар Қарағанды көмір бірлестігінің жеті қат жер астынан қара алтын өндіріп келген кеншілері ортадағы микрофондарға жақындап, өзекті мәселелерді ортаға салғанда қайраттары тасып, жігерлері жалындап тұрды. Жалақы жүйесін жетілдіру, түнгі ауысымдарға қосымша ақы төлеу, жылына бір берілетін еңбек демалысын ұзарту, дүкендерде тауар жоқ, азық-түлік тапшы, әр шахтаға өз алдына қаржылық дербестік берілсін, міне осылайша әлеуметтік әділдікті талап еткен шахтерлер өздерін эфирден көргенде тіпті, арқаланып, абдырап қалған жергілікті билік өкілдерін одан сайын састырды. Ереуілшілер облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы В.Локотуниннің сөзін тыңдағылары да келмеді. Олар жоғары биліктің, қордаланған мәселелерді шеше алатындай жауапты шенеуніктің алдарына келуін талап етті.

Айта кету керек, алаңдағы шахтерлер тәртіп бұзатындай артық қимыл-әрекеттерге барған жоқ, тәуліктеп отырғандарына жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімдерінен тамаққа дейін жеткізіліп тұрды.

Жағдай осылай шиеленісіп тұрғанда, 21 шілде күні кешке қарай жақында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Н.Назарбаев Мәскеуден тікелей Қарағандыға ұшып, аэропорттан бірден ереуілдегі шахтерлердің ортасына келді. Кеншілердің көпшілігі республиканың бірінші басшысын жыға танымаса да, оның сабырлыққа шақырған байыпты сөздерін тыныштықпен тыңдап, барлық әлеуметтік-экономикалық сұрақтарын көлденең тартты. Енді осы талаптарды талқылау үшін таңға дейін мұрсат берулерін өтінген бірінші хатшы Н.Назарбаев алдымен «Қарағандыкөмір» бірлестігінің сол кездегі бас директоры Н.Дриждің орнынан алынатынын мәлімдеді. Қарапайым еңбек адамына бастығыңды қызметінен аламын деген майдай жағатыны белгілі, ереуілшілер бұл хабарды қол шапалақтап қуана қарсы алды. 22 шілде күні таңғы сағат 6-дан асқанда Н.Назарбаев бастаған одақтық министрліктер мен облыс басшылары, ереуіл комитетінің жетекшілері алаңға қайта шығып, шахтерлер талаптарының қатарындағы жергілікті өкімет органдарына тиесілі мәселелердің дереу шешілетіндігін ереуілшілерге хабарлады. Ал жоғары жаққа қатысты мәселелердің әлі де зерттелетінін, сарапталатынын айтты. Сонымен, барлығы 47 тармақтан тұратын талаптар арнайы құрылған комиссияға берілді. Қолдарындағы каскаларын соққылап, екіүш күннен бері алаңда отырған шахтерлер респбуликаның жаңа басшысының аталы сөзіне тоқтап, жұмыс орындарына қайтты.

Шахтерлердің ереуіл комитетінің Шумкин, Криводанов, Нұртазин, Шлегель, Тінекеев, Ертісбаев сияқты белсенділері болса, әлгі талаптардың жүзеге асуын қадағалап, біраз уақытқа дейін кеншілердің мүддесін қорғап жүрді. Кейіннен олардың бірі депутат, енді бірі кеңесші деген сияқты жоғары лауазымдарға ие болды.

Осы оқиғалардың барлығы ешбір боямасыз, түзеліп-күзелмей облыстық радионың эфирі мен телевизияның экранынан беріліп, қоғамды дүр сілкіндірген жайттардан барша көрермен мен тыңдарманның хабардар болуы – Совет үкіметінің соңғы тұяқ серпер сәті жақындаған шақтағы шахтерлер ереуілінің маңызын арттыра түскендей еді. Сөйтіп, «Тентек» шахтерлері бастаған «тентектік» еңбек адамымен, оның мақсатмүддесімен санасу сабағын берді.

Сағат БАТЫРХАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.