«Жұмысқа қабылдаған соңғы кадрымсың…»

Қазақ баспасөзінің қара нары Мағауия Сембай ағамыз жайлы ел аузынан естігенде, қатал адам сияқты елестететінмін. Ал, «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жұмысқа тұрған соң, аты дардай болса да, өте қарапайымдылығына таң қалдым. Өзімен алғаш танысқаным әлі көз алдымда. Көзәйнектің үстінен қарап қарсы алған еді…

Жұмысқа құлшына кірістім. Мәкең әр дүйсенбі және жұма күндері таңертеңгі лездемеде тұлғасы төбе бидей төрде отырып, бізге тапсырма береді. Кітапты көп оқитыны байқалатын. Ойлары теңіздей тұңғиық, сөздері мірдің оғындай өткір еді. Болмысынан кішіпейіл, аңқыл­­даған азамат болса да, кабинетіне кіргенде мысы басып тұратын. Жұмысқа жаңа тұрған тұста, үйге ерте қайтып кетіп, сөз естігенім есімде. Оның өзі бір ғанибет екен ғой…

Достары мен үзеңгілестері Алаштың менмін деген еңселі тұлғалары. Қай жағынан болса да маңына үлгі бола алатын, ғибратты әңгімелері таусылмайтын, ерек туған жан еді.

Мақаланы қаламмен ақ параққа жазады. Парақ болғанда да, өзінің арнайы үлбіреп тұрған жұқа парақтары бар. Жазуы әкемнің жазуына ұқсағаннан ба, өте қызығатынмын. Түсініксіздеу болса да, бөлек болатын…

Бірде, кезекті газет шығатын күн еді. Жетінші қабатқа Мағау аға кіріп келді. Алматыда тұратын бірге оқыған курстасының мерейтойы екен. Сол туралы өмірде болған оқиға ізімен әдемі мақала жазып әкеліпті. Содан, әлгі мақаланы қолжазбадан компьютерге теруге кірістік. Екі рет қана оқиды. Тарсылдатып жазып отырмын. Әу бастан жылдам тере алмайтын мен үшін бұл бір емтихан тапсырғаннан кем болған жоқ. Қара терге түстім. Бірақ, «жаңа келген маман ғой» деп, мені аяса керек, арасында мәтінді асықпай оқиды. Қызық жеріне келгенде жылдамдата түседі. Әупірімдеп теріп болдым. Кейін, параққа шығарып, өзі қателерін түзеп берді.

Сонда, мақаланы қаламмен қағазға жазатынына аса мән бермеппін. Енді ойлап отырсам, қаламның құдіретіне деген шексіз құрметі екен ғой. Қара сия мен ақ парақты «өмір» деп ұққан екен. Жазуды қаламмен жазып бастап, солай аяқтады. Қайран, Мағаш ағам-ай…

Осы естелікті өмірден өткен тұста тербеуім керек еді. Бірақ, асқар таудай ағамды әбден сағынып барып жазғым келді. Осылайша сағынышқа айналар деп кім ойлаған…

Зейнетке шығып, кетіп бара жатқанында: «Сен – мен жұмысқа қабылдаған ең соңғы кадрымсың. Байқа, бала…» деді. Сол сөзі жүрегімде әлі сақтаулы. Жаным жабыққан сәттерде ағамның сол сөздері құлағымда жаңғыра түседі. Зейнетке шықпай тұрып, бірнеше тапсырма берген еді. Бір-екеуін көзі тірісінде, қалғанын өмірден өткен соң орындадым. Қазір, тау тұлғалы бейнесін іздегенде, кітаптарына үңілемін…

Ауруханаға түспес бұрын, редакцияға келді. Кабинетіме өзі кіріп амандасты. «Жазған мақалаңды оқыдым, жарайсың!» деді. Алдында бір-екі шимайымды Whatsapp желісі арқылы тексеріп берген-тін. «Рахмет аға, арасында қарап бересіз ғой» дедім. «Жоқ, қарамаймын» дегені. «Қате сөйледім бе?» деп шошып кеттім. Сол сәтте, күлді де, «Қарамаймын, өйткені, енді, саған сенемін!» деді. Жүрегім аузыма тығылып, көзіме бірнеше тамшы жас үйіріле келіп, қайтып кетті. «Бүгінгі нөмірге Тоқтар ағаң жайлы мақалам шығады, оқы» деді. Өзі Мұхтар Мағауин, Тоқтар Әубәкіров сынды біртуар тұлғалармен жақсы араласатын, үнемі солар жайлы айтып отыратын. Тұла бойы тұнып тұрған рух еді…

Осылайша, Мағаш ағамен 2 ай ғана қызметтес болдым. Сол қысқа уақыт аралығында көп нәрсе үйрендім. Екі ай менің өмірімдегі ең жарқын сәттер болып жадымда мәңгіге сақталып қалды. Сондай соқталы тұлғамен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын.

«Дария тасыса тобығынан келмейтін», жүрегі қазақтың даласындай кең азамат еді ғой, жарықтық. Жатқан жеріңіз жарық, жаның жәннатта болсын, аға!

Жәлел ШАЛҚАР.